Home » Айдарлар » Әдебиет » Әділ БОТПАН: Қарлығып тағдырымды қорғай берем…

Әділ БОТПАН: Қарлығып тағдырымды қорғай берем…

Мен өлең жаза білмеймін. Бірақ анда-санда белгісіз бір күштің жүйкеме тат басқан темір инені сұғып-сұғып алатыны өтірік емес. Сондайда, сана түкпірінде сандырақ пайда болады. Сан-ды-рақ… Мен оны «Тәңіріммен тілдесуім» деп атаймын. Ренжи көрмеңіз. Олай дейтінім, түптеп келгенде, менің Тәңірімнің Сіздің, Оның, Олардың Тәңірінен мүлдем бөлек болуы мүмкін ғой… 

Ештеңем де жоқ бітірген,
Бүгін – құл, ертең – моламын.
Сырылдап кеудем түтіннен,
Түнек серпімек боламын.

Ал түнім – тылсым тәңірім,
Билеп ап сана ойды да,
Жүргізіп жанға әмірін,
Қайғыны салар қойныма.

Жатқанда бұлттар алқара,
Аңқаулау туған айды жеп.
Бұрымын тастап арқаға
Еркелер маған қайғы кеп…

Қосылып, міне, құстық мұң
Біздерді қосқан қай құдай?..
Ыстықсың, қандай ыстықсың
Қап-қара қайғым, қайғым-ай…
…………………………………………..
Бүгін – құл, ертең – моламын.

***
Мен махаббатты сүйем. Әрине, бұл бір кезде өзім ойлағандай тар аядағы түсінік емес. Әйтеуір, әрлі-берлі сілкінісіп, итжығысқа түсіп жатқан тірліктен қашып осы тақырыпты паналағым келе береді. Ал махаббат дегеніміз – аптап, алқыну… 

Жа-
(Кел маған, кел маған,
Жандағы Ізгі үміт.
Қандағы Ізгілік)
-ным!
Өртеніп барамын, дерт еміп, қарағым,
Өзіңсіз тірліктен жиіркеніп барамын.
Жа-
(Әлемнің әріндей,
Өлеңнің нәріндей
Жанарың, жанарың)
-ным!
Есіктен енгенде, кейіппен шерменде,
Өзіңе, маралым, үздігіп қарадым.
Жа-
(Кел маған, кел маған,
тәнімнің құмары,
Тәңірдің тұмары)
-ным!
Аяла, аяма, сүй мені, сүй мені,
Ерніңнің тигені – жүректің күйгені,
Жа-
(Біреумен бас қосам,
біреумен достасам,
Біреумен қоштасам)
-ным!
Қанша түн төнсе де, қанша күн сөнсе де,
Мен сені өзгеге, бермеймін ешқашан,
ешқашан,
ешқашан..
Жа-
(…)
-ным!

***
Сосын күзді жақсы көремін. Ағаштың ұшар басынан жерге қалықтап келіп аяқ астына түсіп жатқан жапырақтар Тәңірінің бізге жіберетін тәубе-намасы секілді. 

Ұнатам күзді
Жапырақтарды уақыттың алып ұшқаны,
Түскені жерге, сандалып сабылысқаны,
Қор болып қалды-ау сап-сары сағыныштары
Жұбатам күзді.

Бақта да сәнді,
Қыдырып аулақ ақылгөй, ақымақтардан
Бақыттырақпын деймін мен жапырақтардан
Әлі ешкім мендік көңілді қақырап қалған.
Таптамаған-ды

Дегенмен-дағы
Өмірдің соңы сап-сары бақ боларына
Тағдырдың ыстық отына апталарыма,
Жапырақ құсап бір күні тапталарына
Сенем мен тағы…

Жаңбырлап қал, күз,
Ортақтасқан-ды бақтардың сорына Ғалам,
Дірдектеп мен де көшкіннің жолына барам.
Жапырақтарды бүріскен қолыма алам:
– Тағдырластармыз…

***

Сосын, күзде санама сағыныш ұялайды. Кімді сағынамын, нені сағынамын, білмеймін. Әйтеуір бір сап-сары дүние… 

Әнімнің үздігі де ең,
Жанымның Ізгілігі ең.
Ізгі әнімнің кеудеден көшкеніне
Мен кінәлі қыламын күзді кілең.

Күз деген күрең тай ғой, қос құлағы
Қайшыланып, қайғыны дос қылады.
Ал менің түн жайлаған көңілімде
Нұр күтіп, сенің орның бос тұрады.

Сен келмейсің, күлкіңе табынған маң,
Тартқанда бейнең толы сағымды алдан.
Атыңды айтып сенің айқайлаймын.
Шықпайды ащы даусым сағынғаннан.

Қараша айы ақ ұлпа қылаулатып,
Қалғанда жүрегіме қырау қатып,
Қарлығып тағдырымды қорғай берем,
Қуат таппай бойымнан жылауға түк.

Сен жоқсың. Кеудеден ән, бастан шуақ,
Жоғалды. Мен талпынбай басқа ән құрап.

***

Сосын суретші болғым келеді. Сурет салғыштығымнан емес, айқыш та ұйқыш сызықтар арасында адасып жүріп өзімді мүлдем басқа дүниеден, мүлдем басқа кейіпте тауып алуға құмарлығымнан. 

Тағдырым менің жолыма көлденең жатты,
Көзін алмады көкіректегі нұрдан түн.
Санамды сатып қиялға «сен» деген тәтті,
Пенделігімнің түсінен шашылып барып ұрландым.

Кінәламайды мені ешкім,
Түстім, міне, тағымнан.
Мен – мұнартып туған елеспін
Мағынасыздыққа бағынған.

Сен сағымды сындырған – салтанат
Құл еткен менмендігімді.
Итшілеп барам арқалап
Иесіздігімнен қорынып сөнген күнімді.

Кел, кел жалғыздығымның жанарынан жыр оқы,
Тұнық түнінде тыныштығыңды тонар сан.
Айтпайтын саған сыр – осы.
Түннің көзіндегі тереңдігіңнен оралсаң,
Мен жоқ болам ол кезде…

 

 

Әділ БОТПАН

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Әбубәкір ҚАЙРАН: Көзінен орыстың да сор ағады…

Алаш Орда Қашаннан қазақ халқы нұрға құштар, Шақырған тым алыстан бір жарық бар. Алашты ел ...