Қыстың қамын жазда ойла! Аудандық аурухана 62 883 500 теңгеге көмір сатып алмақ

764
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысының «Айыртау аудандық ауруханасы» 62 883 500 теңгеге көмір  сатып алмақ,  – деп хабарлайды Адырна ұлттық порталының тілшісі satypalu.gov.kz/  сайтына сілтеме жасап.

Қылышын сүйреткен қыс бітіп, күлімдеп көктем келіп жатқан шақта аудандық аурухана  15 500 тонна көмірді не істемек?  Бюджеттің 62 883 500 теңгесінің сұрауы жоқ па? Бұл сұрақтарға жауап табу үшін тендер хабарламасын зерттеп көрдік.

"Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің "Айыртау аудандық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны  жариялаған мемлекеттік сатып алуға өтінім беру 19-наурыз күні басталып, жеңімпаз  4-сәуір күні анықталады екен. Аудандық аурухана «қыстың қамын жазда ойлап», жаз емес, тіпті көктемде ойлап, келесі қысқа дайындықты бастап кетіпті.

Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы 15 500 тонна көмірді Айыртау ауданына қарасты ауылдардың емханаларына шілде, тамыз, қыркүйек айлары ішінде жеткізіп беруі керек екен.

Әрине, қысы қытымыр солтүстіктің суығына күмән келтіре алмаймыз! Бірақ, біріншіден шілдеде сатып алған көмір қазан айына дейін үгіліп, уатылып кетпей ме? Техникалық сипаттамада көрсетілген көмірдің D сорты (ұзын тас) ылғалдылығын күз келгенше айрылып қалмай ма?

Екіншіден, солтүстіктегі аудандық аурухана келесі қысқа дайындықты не себепті ерте бастап отыр?  Аудандық аурухана тендерді асықпай жаз аяқталған соң жариялап, көмір күздің алғашқы айларында  сатып алуға болмас па еді?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Ол жақтан жеткен жауапқа да мінбер беруге дайынбыз!

Қанат Бірлікұлы

Adyrna.kz

Пікірлер