Серік Ерғали. Айтыс туралы айтыс

947
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақтың өз құндылығына бажайлай қарау дәурені басталды. Бұл - ұлттың даму кепілі.

Бұл - материалдық игіліктен бас көтеріп, ұлттың рухани құндылығына деген назары ауғандығы ғана емес, ұлт болып қалуға ғана тырыспай, дамуға ұмтылғаны!
Осы реттен қарағанда, соңғы кездері ұлттық болмысымыздың бір айнасы боларлық айтысқа қатысты әр алуан әңгіменің, сын мен міннің, тайталастың шығуы - осы саладағы қалыптасқан түзілістің жеткен белгілі бір сатысының жеткіліксіз болып, дағдарып, ендігі деңгейдің оған аласалық ете бастағанын көрсетеді. Тақырыпқа араласуымыздың өзі де осы бір үдеріске (процесс) байқаушы ғана емес, қатысушы болу да азаматтық парызымыз болғандықтан.
Тілімізде бар «айқай-ұйқай» деген қос сөздің осындай үрдіске (тенденция) қатысты тауып айтылғанына қайран қаласың: айқай - үдерістің түрі, сыртқы көрінісі, дыбысы болса, ұйқай (ұйу, ұйқасу, үйлесу, жымдасу) - үдерістің мазмұны. Шамасы біз бұған дейін қай үдерісте де «айқайға» мән беріп, «ұйқайды» аяқасты еттік. «Айқай» - дамудың алғышарты ғана екенін ескермей келдік. Біз әзірге Түрге ғана назар аударып келдік. Дамудың басты көрсеткіші ылғи да Мазмұнның қолға алынуынан көрінеді. Шамасы, ендігі рухани өмір Мазмұнға еріксіз назар аудартып отырғандай ел дамуының жаңа деңгейі мен талабын қажетсінуде. Бұл Қажеттілік барлық сала бойынша талап етілуде. Сол себепті, бұған дейін оңды-солды жолы болған Халтураның маңдайына «тас атыла» бастады. Ол,тіпті, өмірдің бар саласы бойынша көрініс беруде. Ендеше осыған орай сөз өрбітетін уақыт та пісіп жетті. Әсіресе, ұлтымыздың ішкі рухы мен қайратын, жігерін ширықтырып сыртқа әйгілейтін, түркілік демократияның диалектикалық рухани тұрпатын паш ететін Айтыс турасында сөз қозғау сол өнердің тұтушысы (носителі) ретінде міндетіміз де.

Айтыс - әдебиет пе?
«Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» деген бар. ХХ ғасырдағы талап пен биіктен айтысты халық ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде танып, зерттеп, қайта қалпына келтіруге тура келді. Бұл әрекет өз ғасырының деңгейінен қарағанда барынша дұрыс әрі әлеуетке сай әрекет болатын. Нәтижесінде айтыстың кеңестік мазмұны қалыптасты: бұрынғы ауыл-ауыл, ру-ру болып қос тараптан болатын айтыс енді аудан-аудан, облыс-облыс түріндегі тараптар таласына көшті, шаруашылық пен қырсыздықты шенеуші құралға айналды.Қалай десек те, бұл жағдай әлемде сыйағы (аналогы) жоқ импровизациялық ежелгі түркі өнерін өз қалпына келтірді, өмірден орнын тапты, Алты алаштың (қазақ-қырғыздың) сәйкестену (идентификациялық) бренді ретінде түзілді, ұлттың абыройын асырды, оның ерекше құндылық сапасын көрсетті.
Есте жоқ ескі замандағы дуалистік өмір тұрқын мен диалектикалық өмір философиясын паш еткен бұл өнер бірнеше мың жыл бұрынғы қалыптасқан дейтүркілік қоскіндікті ін-ен (ин-ян) тұрғысының нағыз әйгісі болатын. Одүние мен Бұдүние, Өлі мен Тірі, Ақ пен Қара, Тәңір мен Іңір, Шығыс пен Батыс, Жаз бен Қыс секілді полярлық тараптардың бәсекелік тайталасы әуелде жоралғы (ритуал) түрінде туындаса, ол кейін өнердің негізіне айналды. Бұл - түркілік «екі жарты - бір бүтін» тұжырымының нағыз даналық ежелгі «Шоуы» болатын.
Сөйтіп, айтыстың архаикалық нұсқасының өнерден журналистік сыйпатқа ұласуына Кеңестік заманға дейін-ақ, қазақ өнерінің алтын ғасыры болған ХІХ ғасыр кіріскен еді. Қоғамдық-әлеуметтік мәселені ортаға салған Біржан-Сара айтысы соған дәлел. ХХ ғасыр соны бекітті, айтысты ғасырдың басты ақпарат құралдарының объектісіне айналдырды. Айтыс теле-радио құралдарынсыз өтпейтін болды. Сөйтіп, айтыстың әдебиеттік сыйпаты журналистік тұрпатқа түпкілікті жол берді.
Өткен ғасырдағы айтыстың қалыптасып, өрбуі жекелеген адам есімдерімен байланысты болса да, оған басты алғышарт сол кезгі қоғамның қолында болатын. ХХ ғасыр айтысының қалыптасып, дамуын кімнің арқасында десек те, үдеріс ошағын маздатқан жағдайға дәл баға бере алмас едік. Егер де айтысты жеке адамдармен байланыстырсақ, сол адамдардың тоқырауымен бірге айтыстың тоқырауын да мойындауға тура келеді! Ал, өнер ешқашан тоқырамайды, белгілі бір сатыны басып өтіп, келесісіне өтетін өлара кезеңді ғана бастан кешеді де, әлгі жеке адамдар уақыт шаңын қауып, өз миссиясын орындаған күйі қала береді. Ал өнер түрін өзгертіп, мазмұнын байытып, сапаланып алға баса береді. Біздің ойымызша Айтыс та сондай бір кезеңге тап келді.

Айтыс кәсіби өнер ме?
Бүгінде айтыстан табыс табудың жолға қойыла бастағанын, кейбір айтыскерлердің ондаған жүлде-көлікке ие болғанын,тіпті, айтыс қомақты жүлде қоры болса ғана өтетінін мойындай бастадық.Демек, кәзіргі айтыстың кәсіби өнерге қойылатын басты талап - табыс табуға бағытталғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Әрине, кәсіби өнерге айналу сол өнердің академиялық сапаға көтерілуіне негіз болар деген дәмеден де құр қалмасымыз анық.Алайда, әзірге ондай үдеріс те, көрініс те жоқ. Айтыстың теориялық жағынан толық сыйпаттамасын былай қойғанда, айтыстың көркемдік жағын сараптау бүгінде жолда қалып, үндінің сыйыры секілді сыйынатын ғана жағдайдамыз.
Бүгінгі айтыс неге жүйелі зерттеу (бірді-екілі диссертациялық тақырыптың бар екендігі ол талапқа жатпайды)  объектісі болмай жүр? Неге академиялық білім нысаны болмай жүр? Ол әдебиет пе, журналистика ма, синкреттік өнер ме? Қарапайым алғанда, неге айтысты бағалау критерийі нақтыланбаған? Айтыс үдерісі неге белгілі әдебиет өкілдерінің көзқарасымен ғана бағалануы тиіс? Айтыстың жанр бойынша, мазмұн мен ұйымдастыру тетіктері бойынша нақтыланған түрлері неге жоқ? Болса неге жүйесіз? Заман қажетсініп отырған кәсіптік талапқа айтыстың өзі көтерілді ме, түр мен мазмұн кәсіби өнерге лайықталды ма? Айтыскерлер өз қызметін неге кәсіби тарифпен пұлдайды, ал айтыстың мазмұны неге әуесқойлық сыйпатта? Қаптаған бұл сауалға айтыстың айналасында жүргендерді тұқырту үшін емес, асыл құндылықты бір саты болса да жоғарғы деңгейден көргіміз келетіндіктен туындатып, жауап іздеуге тәуекел етіп отырмыз. Және де, айтыстың бұрын мойындалған әдеби салаға жататын өнер екендігіне үлкен күдігіміз болып отыр...
Біз бүгінде айтысты суперөнер деңгейіне шығарумен далбасалап жүрміз. Оның суперөнер болуы мүмкін емес, өйткені, әрбір өнер өзінше - супер! Айтысқа оппозициялық тұрпатты да тықпалаймыз, әдеби көркемдікті де көргіміз келеді,мәселені аштыру өз алдына,тіпті, соны айтыспен шешкіміз келеді!? Бұл - айтысты дамыту жолы емес, оны қолжаулық ету көрінісі.
Кәзіргі айтысқа қойылатын басты талап: шындықты жырлау, әділетті айту, проблеманы ашу? Кешіріңіз, ақ тер-көк тер болып, қарсыласымен шайқасып отырған айтыскер неге шындыққа бас қатыруы керек? Оны іздейтін де, жырлайтын әдебиет бар емес пе? Әділетті айту дейді, оны зерттейтін, әділет үшін күресетін саясаттану, құқықтану секілді қоғамның салаларына қатысты инфрақұрылымдар жетпей ме? Әрі-беріден соң тәуелсіз саясатшылар ше? Оппозиция ше? Проблеманы ашпай, парламент не істеп жүр? Қысқасы, біз айтысқа қоғамды құтқарушының  рөлін беріп, оны оппозиция етіп те, саясатшы етіп те, саясаттанушы етіп те қойғымыз келеді.Бірақ айтыскерлердің ішінен неге азаматтық позицияны білдіретін сол салалар бойынша бір де бір айтулы азамат қоғамнан лайықты орын алмай жүр? Өйткені, біздің айтысқа қойып жүрген талаптар жыймасы (набор) жүйесіз, орынсыз, жасалып отырған жағдай лайықсыз. Алда-жалда қоғамда ашық пікір мәдениеті орнығып, демократия қалыптасып жатса, айтысқа не қалмақ? Айтыстың кәзіргі миссиясының жалғандығы да, бұрыстығы да осында.
Айтыстың әуелден қарапайым да ұлы миссиясы бар, ол поэтикалық тайталасу ғана! Соның өзі қазақтың қаншалықты демократиялық өршіткісі қанына сіңген, бәсекеқұмар (конкурентоспособный) халық екенін әйгілейтін қасиет! Айтыстың содан адаспағаны абзал.

Айтыскер ақын ба?!

Жоқ! Айтыскердің ақын болуы оның поэзия өкілі болуын міндеттейді. Алайда, айтысқа қатысу үшін поэзия өкілі болуы міндет емес. Импровизациялық ұйқас түзу қабылетін поэтикалық талаптың бірі десек те, ұйқас қуып, тақпақтату (рифмалық ұйқастыру деп түсініңіз) поэзиялық толыққанды өнімді бере алмайды. Тақпақтату - Айтыстың басты талаптарының бірі, бірақ айтысты поэзия саласына қосатын қасиет бола алмайды, бастысы емес. Біздің ойымызша, айтысқа импровизациялық тақпақтатудан да қойылған зор міндет бар, ол - айтысу!   Айтысу дегеніміз - қарсыласпен ұйқас жолдарды суырып салып жарысу емес, қарсыластың ұйқастыра айтқан жолдарына тапқырлықпен қарсы жауап беру, поэтикалық тойтарыс беру, демек, айтыста поэзиядағыдай тақырыпты қаузауға еркіндік жоқ, қарсыластың шаужайына тәуелділік пен содан сытылу үдерісі бар. Мұнда жекпежектік  спортқа тән дағдыны қажетсінетін талап бар. Қай айтыскер осы жайтты өз пайдасына тактикалық жолмен шеше алады, нәтижеге сол жетеді.Ал, поэзияның миссиясы мен жолы мүлдем басқа, ол - поэтикалық даналық, философия. Ал, айтыс - поэтикалық дебат. Айтыскер айтыс кезінде өзін өнерпаз ретінде емес, сайыскер, Күрескер сезінеді, ал ақын өлең жазу кезінде өзін Туындатушы сезінеді. Екеуін салыстыруға да, бір біріне жақындатуға да, қарсы қойуға да болмайды!
Өкінішке орай, біз айтыскерді ақын атау арқылы шынайы поэзия өкілдерінің наны мен миссиясын айтысқа жүктеп, әдебиет пен журналистиканы шатастырып жүрміз. Поэзия - әдебиет, Айтыс - поэтикалық пікірталас. Поэзия -- болмыс, Айтыс -- үдеріс! Мұқағалидың өлеңінің қалай шыққаны маңызды емес, оның өлеңінің өзі маңыз! Ал, Айбектің маңызды  өлеңі емес -- айтысу сәті! Шынын айтқанда, айтыстың мәтіні айтыс барысындағыдай әсерлі емес, оның үдерістігі де,поэзия еместігі де сонда.
Үдеріс жоқ болса - айтыс та жоқ! Айтыс үдерістің болуына тәуелді. Ал, поэзияға үдерістің керегі жоқ, оның бойында жаратушылық қасиет бар: қаншама тыйым салсаң да, поэзия бәрібір жарыққа шығады.Поэзия бұл жағынан барынша тәуелсіз  аспект.
Сол себепті, айтыста басты маңызды жайт айтыс үдерісін ұйымдастыруға көп нәрсе тәуелді. Қарсылас айтыскерлер бір біріне сай ма сай болса, поэзияға бергісіз үдеріс туындап, сол сәт Жаратқанның жадырағанындай сезінетін үдеріске толы болмақ. Сол сәтті тамашалап отырған халықты неге айдасаң да, өре түрегелетін адам сенгісіз рух пайда болады. Себебі, рухани күш әруақта адуын үдерістен туындайды. Қысқасы, Айтыс үдеріс қана емес, үдерісті қоздатушы өршіткі (катализатор).  Сол себепті де, бірыңғай «оппозицияға көшкен» айтысқа өкімет жасырын түрде тыйым салды, себебі, айтыс саясатқа қол арта бастады, өзіне тән емес міндетке жүгінсе, кім болса да, не болса да осындай кедергіге душар болар.

Айтыстағы критерий неге бұлыңғыр?
Айтыстың нәтижесі оның барысына ғана емес, бағасына да қатысты. Бірақ біздің айтысты бағалайтын мөлшер, критерий жағы қалай? Айтыстың шынайы мәңгі миссиясы - қос тараптың поэтикалық тартысы, ой таласы, пікір қайшылығы. Осы жағы бағалау кезінде ескеріле ме? Бірін бірі сыйпалап айтысу - айтыс өнеріне жат. Ол алдын ала жүлде алуға келіскендердің ғана қылығы.
Рас, айтыста жеңу үшін тапқырлық пен білімді танытып, саясатқа да, құқыққа да, басқа талай тақырыпқа қарсыласты арандатуға болады,оның білім-білігін көрсететіндей тамырын басып, «қораға кіргізетіндей» сан алуан тактика керек. Бірақ айтыстың үдерісін саяси үдеріс еткен кезде ол айтыс болудан қалады, айтыскер даңғазашыл, популист болып шыға келеді. Ал, біз айтыстың анасы өнер екенін ұмытпауымыз керек!Сондықтан айтыскерге өнерпаз ретінде баға қойылуы шарт, бейресми депутат ретінде емес!
Мұның барлығы айтысты ұйымдастыру тактикасының дұрыс құрылуына байланысты. Ал, айтысу тактикасы айтыс жанры мен түрінің, мазмұнының бағалану критерийілеріне тікелей тәуелді. Біз кәзіргі айтыстан жанрды да, түрді де, мазмұнды да ажырата алмайтын жағдайға тірелдік. Бір айтыста қыз бен жігіт айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та, жұмбақ айтыс та, қайым айтыс та былығып жүре береді. Содан келіп, оны бағалау мүмкін емес.
Тіпті, қазылар алқасының өзі жүйеленген айтысты бағалауға дайын емес, себебі, олар үшін арнайы семинар өткізіліп, нақтыланған критериге келісіп, әрбір баға мөлшері, шкаласы жіктелген емес. Сол себепті, айтысты бағалау атақтылардың «дуалы» ісіне айналып кеткен. Айтыскерлер 20-40 жас арасындағылар болса да, олардың өнерін 60-тан асқан аға ұрпақтың көзімен қарауға,бағалауға мәжбүрміз, сонда бүгінгі өнерді қолға алып отырған ұрпақтың бағасы қайда? Бүгінгі үдерістен ол неге кешігіп жүруі керек? Өз заманының өнерін бағалай алмайтын біз неге пұшайман ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет?
Тактиканың нақтыланбағанынан Жүрсін Ерман әуелі айтыскерлерге «жүретін» дәліз анықтап, нені айтуға болады, нені болмайды деген шарт қойуға мәжбүр. Себебі, айтыс  үдерісі бастан жүйесіздікке ұрынған, соның терең жырасынан шығару үшін, ұйымдастырушы ылғи да «төтенше шара» қолдануға мәжбүр, ситуацияға қарай айтыстың үдерісіне алдын ала алғышарт қойуға дағдыланған. Бұл айтыстың көлеңке ережесі болып кеткен!?
Айтыстағы басты талап екі қарсыластың бір бірімен сайысуы болуы керек, бағаланатын критерий де сол болғаны жөн. Егер де осылай басын ашып алсақ, айтыскерлер популистеніп, арзан абыройға шауып, айтысты даңғазаға айналдырып, биліктің «тыйымына» арандатпас еді.Ұйымдастырушы алдын ала «дәліз орнатпас» еді.
Бір қызығы, айтысты белгілі ақындар мен әдебиетшілер ғана бағалауды монополиялап алған. Оны неге тапқырлықты меңгерген КВНшылар, әуезін ажырату үшін музыйкашылар, көркемдігін анықтауға әдеби сыншылар ғана емес, журналистер мен саясаттанушылар секілді түрлі қоғамдық сарапшылар бағаламасқа? Өйткені, айтыс - синкреттік өнер ғана емес, синкреттік үдеріс қой! Себебі, айтыскер - ұйқас құрастырушы ғана емес, тақырыпты ашатын әлеуметтанушы, домбыра ұстаған өнерпаз, әрі беріден соң сахнаға шыққан артист,тіпті, белгілі бір дәрежеде  шоумен! Ең бастысы, айтыскер - тұтасқан тақырыптан жұртты да адастырмайтын, өзі де адаспайтын поэтикалық импровизатор-журналист. Критерийлер де осы аспектілерді қамтуы тиіс емес пе?!

Айтыс қайыршы ма?
Айтысты ұйымдастырудағы басты мәселе - қаржының жоқтығы. Кім де кім сол қаржыны тапса, айтыс соныкы болатындай ахуал орныққан.Сондықтан да ұйымдастырушы айтыскерді іріктеуге зор құзыры бар да, өз шартын оларға қойып, айтыскерлерді айтысқа емес, ұйымдастырушыға қызметші болатындай ауан қалыптасып отыр. Оны жуырдағы «Мен бәленшені Қонаевтың мерейтойына қатысты айтыстан сызып тастадым!» деген өктем үннің өзі көрсетеді. Бұл - айтыстың субъектісі болған ұлттың өз өнерінен ажырағандығын білдіретін жайт.
Шын мәнінде айтысқа кемінде үш тараптан қаржы бөлініп, оның дамуына ағыл-тегіл ақшаның болуы керек: мемлекеттік тараптан арнайы грант бөлінуі болмаса жергілікті әкімшіліктің Халық шығармашылығын өнерін дамытуға бөлінетін бюджеті есебінен қаржының тиуі; айтыстың бүгінде барлығы дерлік телеарнада көрсетілетіндіктен жарнама көзінен түсуге тиіс табыс; үшіншісі -демеуақы.
Бір қызығы, айтыс -  бұған дейін тиіп-қашып болмаса, жеке қаржы көзінен ғана қоректеніп келген қазақ өнері. Бұл жағынан оның басқа ұлттық өнерге қарағанда жолы болған: жыр да, терме де, дәстүрлі ән мен күй де жетімнің күнін кешкелі қашан! Ебропалық балет пен опера болсын, мемлекеттік бюджеттен күн көретін драма болсын, әйтеуір, ұлы Дала үшін бұралқы өнердің бүгінде төрге шығып, төл өнердің табалдырыққа ығысқаны айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Ал, орыстілді ғана телетуындыларға жарнама жайғасып, қазақтілді көрерменнің жарнамалық ақпарат алу қақысынан жұрдай болып келе жатқаны бес рет шақырылған Мәжілісте де, сонша рет жасақталған Сенатта да бір де бір рет қолға алынбағанда, телеайтысқа кім жарнама берсін?! Телеайтыстың қаралымы (смотребильность) қанша жоғары болса да, елдегі қазақы телекөрсетімге деген мүдделі көзқарастың ешбір тараптан жоқтығының ұйысқан киіздей тұтасып тұрғаны - өз алдына бір түлік мәселе.
Сөйтіп, айтыстың бұған дейінгі халы мемлекет тарапынан да, мемлекеттік идеология жағынан да қаражаттанатын салаға жатқызылмай келгесін, «айтысты кім асыраса, айтыс соныкы» деген принцип орнықпай қайтсін! Шынында да, айтыстың қаржылануы қайыршылық сыйпатқа ауысқан. Қол жайып жүріп, жанашырлар айтыс өткізеді де, соның өтеуіне олар өздерін сол айтыстың қожайыны сезініп шыға келеді. Бір жағынан қазақы орта үшін ол жазылмаған заңға айналып кеткендей, әділет секілді...
Десек те, сахнаға айтыс емес, ондаған машина шығып кететініне қарап, демеуақымен де айтыстың еркін күн көруіне мүмкіндік бар екен деп қаласың.Шынында да, айтысқа бір мәрте жұмсалған қаржыға Жазушылар одағына мүше ақын-жазушылар арасында конкурс өткізілсе, қаншама әдеби туынды жазылар еді деген сауал қойсақ, біреудің қалтасына қол сұққандай болармыз, бірақ қаншама рухани дүниеге ие болар едік деген оспадар ой санамызды бәрібір осып-ақ өтеді. Ал бас-аяғы бір-екі сағат айтысып, пілдей машина мінетін айтыскерлер туындысы ұлттың қандай қажетін өтеуде деген мәселе бәрібір жұрттың көкейінде жүргені рас. Себебі, «алмақтың да салмағы бар» демекші, айтысқа жұмсалып жатқан қаржы айтыскерлерге кетіп жатыр ма, айтысқа кетіп жатыр ма деген сауалды қоятын уақыт та келді. Егер айтысқа кетіп жатса, әлгі шығынның сомасы бүгінде ең болмаса бір қалада айтысқа арнайы бір сарай салатындай қаржыға теңесер еді...
Айтқымыз келіп отырғаны -  өмір талабының өнерге сәйкес бағалануын бағамдау жағы.  Себебі, жүлде ретінде сахнаға шығып  жатқан машиналар айтысқа емес, соны бөлісуге желеу ретінде өтіп жатқандай әсер бар. Өнердің алға басуы мен дамуынан гөрі, оның даңғазаға айналуы басым. Айтыстың саудаға айналуы  барған сайын көзге түсуде. Әйтпесе, айтыс бюджеті мөлдір болар еді, ол жайындағы ішкі дау сыртқа шықпас еді. Айтыскерлердің өнерақы қоры  (гонорар) мен жүлделік қордың айырмасы жер мен көктей болуына не түрткі? Ұтылса да, қарсы жақ өнер көрсетпей ме?
Тіпті, жүлденің неге машинамен өлшенетіні де түсініксіз. Ең болмаса, әр айтысқа бөлініп жатқан жүлдені қаржылай салып, оның құрығанда бестен бірін айтысты дамытуға қорландырғанда, бүгінде айтыстың деңгейі де, оның айналасындағы ахуал да басқаша сыйпатқа ие болар ма еді? Бәлкім, бүгінде айтыс іргелі өнер ошағына айналып, оған сәйкес инфрақұрылым қалыптасқан болар ма еді! Сонда айтыс қайыр сұрау шарасының нәтижесі емес, әлемдік кәсіби шараларға тән, промоушн, продюсура секілді инфрақұрылымдық заман талабын игерер ме еді? Бәлкім, сонда айтыс кім көрінгеннің әжуасына (қазақтілді сықақ ортасы былай қалып, орыстілді «Наша казаша» да әжуәлай бастады емес пе? Айналмай, сүйкімді де сүйікті өнерге айналар ма еді?! Айтысымыз ұлттық мәдениет пен өнердің үлкен өршіткісі болып, өзіміз түгілі өзгені тамсандырар ма едік?! Бәлкім, сонда ғана әділет сүйгіш айтыстың өзінде әділет орнар!

Сөз соңы
Сонымен, айтыс туралы айтыс тағы да шаң берді. Бұл жолы ол дақпыртпен бітпей, дәйекті ойға жетелесе екен деген тілегіміз ғана бар. Бар ниетіміз - көрінгенге күлкі болмай, шынайы рухани түзелуге бет бұрсақ екен. Ұлттық өнердің ахуалы - ұлттың рухани деңгейін ғана емес, оған деген елдің еңселі саясатын білдіретін индикатор. Әйтеуір, тәуелсіз елге тән тәуменді болсақ екен...

Пікірлер