Бауыржан Байбек алматылықтармен "қоштасқан" жазбасын жариялады

2083
Adyrna.kz Telegram

Міне, 4 жыл өте шығыпты. Осы кезеңде сүйікті қаламызға аянбай еңбек еттім. Көптеген жобаларды бірлесе іске асырдық.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек Алматы тұрғындарына жүрекжарды лебізін білдіріп, елбасына алғысын жеткізді.

Бұл туралы Бауыржан Байбек инстаграмдағы парақшасында жазды.

"Құрметті алматылықтар! Өзім туып-өскен Алматыға қызметке келгенім күні кеше ғана секілді еді. Міне, 4 жыл өте шығыпты. Осы кезеңде сүйікті қаламызға аянбай еңбек еттім. Көптеген жобаларды бірлесе іске асырдық.

Маған үлкен сенім артып, Алматының әкімі етіп тағайындаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысым шексіз. Атқарылған әрбір игі іс Елбасының зор қолдауымен іске асты.

Сондай-ақ, Президент лауазымына кіріскеннен үнемі қолдау білдіріп, Алматыға арнайы келіп, метро және жолайырықтар құрылысының қарқынын үдетуге, қосылған аудандарда инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсеткен, сайлаудан кейін мені қайта тағайындаған Касым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен алғыс білдіремін.

Қала әкімі қызметіне кірісе сала «Nur Otan» партиясының басымдықтары негізінде «Алматы-2020» бағдарламасын әзірлеп, оны қоғаммен тікелей талқыладық. Ол ойдағыдай іске асуда. «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында бірқатар көшелер жаңғыртылды, өндіріс ошақтары ашылды, экономика өркендеп, ауқымды инвестициялар тартылды.

Қызметіміздің үлкен бір бағыты ұлттық рухты көтеру болды. Елбасы қолдауымен ЮНЕСКО аясында Алматының 1000 жылдығын атап өтіп,қаламыздың өткенінен сыр шертетін «Алматы музейін» аштық. Осылайша, Алматының мыңжылдықтар бұрын бабалар салған алтын бесік, атажұрт екенін айшықтадық. Ұлттық өнерімізді дәріптейтін халықаралық шаралар ұйымдастырып, бірқатар өнер ордаларын аштық.

Енді бүгін қарапайым азаматтардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өзекті мәселелердікөтеріп келе жатқан, халық пен биліктің арасындағы дәнекер – «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ел тарихындағы осынау жауапкершілігі мол тұста сенім артып отырған Елбасыға үлкен алғыс айтамын.

Халықтың мемлекетке және ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға, ел бірлігін нығайтуға, яғни Елбасы бағдарын іске асыруға бағытталған партия саясатын орындауға бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

Баршаңызға ықыласымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!" делінген жазбада.

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер