"Желтоқсанның мұзда жанған алауы". 60 жылдығында, оқу орыны Ербол Сыпатаевты еске алды

1940
Adyrna.kz Telegram
Фото: mezgil.kz
Фото: mezgil.kz

Бүгін - Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ербол Сыпатаевтың туған күні, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі талай белсендінің өмірін қыршыннан қиды. Қазақ жастары алаңға өлім іздеп емес, әділдік сұрап жиналған. Желтоқсаннның мұзда жанған алауы, елдікті көздеген жас-белсендінің бірі - Ербол Сыпатаев. Ол туралы деректер өте аз болғанымен халықтың жүрегінде сақталған.

Ербол Сыпатаев - Алматы облысы сол кездегі Панфилов ауданы Еңбекші ауылында 1964 жылы дүниеге келді. Желтоқсан көтерілісі тұсында Алматының энергетика институтының 2-ші курсында оқыған.

"ҚазақКСР Жоғарғы Советі президумының Алматы және Қазақстанның өзге облыстарындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына тиісті баға беру жөніндегі комиссия корытындысы" бойынша деректерде:

"Тағы бір қайғылы жағдай — алаңда басынан жарақаттанып, кейін қаза болған Алматы энергетика институтының студенті Е.М. Сыпатаевтың ісі. Оның әке-шешесі жоқ, туысқандары ғана бар. Бірақ олар Алматыға шақырылмаған. Қаза туралы анықтаманы ауруханадан МҚК қызметкері алады. Сосын ол милиция қызметкерлерімен бірге мүрде салынған табытты туысқандары тұратын жерге алып жүреді. Түн ішінде келеді, алдын ала хабарланған туысқандары оларды алдынан шығып күтіп алады. Оларға жігітті алаңда жаралы күйінде тауып алғандарын, ауруханада өлгенін, өлтірген адамның белгісіз екенін, қазір бұл іспен прокуратура айналысып жатқанын түсіндіреді. Прокуратура шынында да іс қозғады, бірақ ол оның өлімі туралы емес, оқиғаларға қатысы жөнінде еді, «айыпталушының» казасына байланысты іс жабылады", - делінген.

Ербол Сыпатаев 1986 жылы 23 желтоқсанда 22 жасында ауруханада жарық дүниемен қоштасты. Көзі тірі болғанда ол 60 жасқа толар еді.

Ербол Сыпатаевтың туған күніне орай Алматы энергетика және байланыс университетінде 6 наурыз күні марқұмды еске алу кеші өтті. Жиынға марқұмның туыстары, қоғам қайраткерлері, Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Төлеухан, университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Айгүл Сәренова, әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Қабдушев пен ЖОО студенттері қатысты.

Ербол оқыған кезде бұл оқу орыны Алматы энергетикалық институты деп аталатын.

Шарада сөз сөйлегендер мемлекеттегі маңызды оқиғалар туралы естеліктерімен бөлісіп, Ербол Сыпатаевтың жанқиярлығын, сондай-ақ «патриотизм» ұғымының сан қырлы мәні бар екенін, оның ішінде туған жерге деген сүйіспеншілік туралы сөз қозғады.

"Желтоқсан оқиғасы болған жылдары Ербол Сыпатаев біздің Алматы энергетика және байланыс университетінің 2 курс студенті болатын. Оның трагедиясы бүкіл елге белгілі. Әрине, университетімізде нағыз батыр Ербол Сыпатаевты еске алып, оның есімін тарихта қалдыру үшін қыруар істер атқарылды. Е.Сыпатаев атындағы оқу залы ашылды. Жыл сайын біз батырды еске алып қана қоймай, өзінің мықты ерік-жігері мен қайсарлығының арқасында ерлік пен жанкештіліктің үлгісіне айналған Ербол Сыпатаевтың ерлігін шәкірттеріміз бен жаңадан келген студенттерімізге еске түсіру мақсатында еске алу шараларын өткізуге тырысамыз", - деді әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Қабдушев.

Пікірлер