Home » Айдарлар » Әдебиет » Амандос ЕЛТАЙҰЛЫ: Мен үшін бүгін бір қыз мұңайды…

Амандос ЕЛТАЙҰЛЫ: Мен үшін бүгін бір қыз мұңайды…

Амандос Елтайұлы 1988 жылдың 3-маусымында Алматы облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Нұрым ауылында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының “кинотеледраматургия” мамандығы бойынша білім алған. “Амандос жəне Мен”, “Бір адам үшін” атты жыр жинақтарының авторы.

 

“ЖҰЛДЫЗ ҚҰЛАЙДЫ”

Жұлдыз құлайды, жұлдыз құлайды!
Жігіт ем құмар жұлдызға.
Жырларым менің бір қызға ұнайды
Жақпайды бірақ бір қызға.

Жұлдыз құлайды,жұлдыз құлайды.
Өзендей өмір өткізбей.
Жете алмай маған бір қыз жылайды,
Қашады бір қыз жеткізбей.

Жұлдыз құлайды, жұлдыз құлайды.
Арқалап Айды Күн кетті.
Келбетім менің бір қызға ұнайды.
Сол бір қыз содан Құрметті.

Жұлдыз құлайды,жұлдыз құлайды.
Жұлдыз ғой бір-бір əр адам.
Мен үшін бүгін бір қыз мұңайды.
Кінəлі бір қыз тағы оған.

 

“Көздері сұлу келіншек”

Сыршыл сымбаты сезімге тұнған.
Сылдырындай ақ бұлақтың.
Таба алмай келем көзінде тұрған,
Жауабын жалғыз сұрақтың..

Тағдырыма ауыр талап қоямын.
Біреудің жары ол да өзге
Қаламасам да қарап қоямын.
Мойылдай мөлдір сол көзге.

Сұлуды көрмеу ол да сын болар.
Жігітке мендей сиқырлы.
Көздері мінсіз болғасын болар.
Күлкісі де оның сүйкімді.

Тірліктің нәрін тыныстағанбыз.
Тарасын осы ән елге.
Ондай көз бізде жұмыста жалғыз.
Ондай көз жалғыз әлемде.

Табылса жырдың биіктен орны.
Көтерер жер бар жеңілсек
Сөзіме сұлу кейіпкер болды.
Көздері сұлу келіншек

 

***

Есіктен кіріп келдің.
“СОЛ АРУ” сен шығар деп үміттендім.
Нәзік қана күлкіңе бағындырдың
Назарын залда отырған жігіттердің.

Мінезің де жайдарлы, күлкің де ашық,
Талай жандар сыртыңнан мүмкін ғашық.
Ізіңе жұпар самал ілестіріп,
Маған қарай беттедің сылқым басып.

Жан түспеген көзімнің алдына ондай,
(О, құдірет қадамың оңды болғай!)
Қандай ерлік жатты екен жанарыңда,
Жүрегімді қимылсыз қалдырардай.

Сұлулыққа бола ма сезім бөгет,
Салмақтылық жатқандай сөзіңде ерек.
Қолыңды алып үлгердім қолымменен,
Сол ару өзің бе деп?!

(Өкініш жоқ бұл күнде өткен іске)
Сырлар қалып барады әттең, іште.
Қанатыңа бір өлең байлап барам,
Ән атына айналған Ақ Періште.

 

Бірінші көше

Кездескенде көздерің күлімсіреп,
(Есімде жоқ үндемей тұрушы ма ек?!)
Қызды сүю ол кезде былай тұрсын,
Мен қолыңнан ұстағам бірінші рет

Мен бойыма сол кезден күш ап қаппын,
Есімде екен қысылмай құшақтаппын.
Содан бері білмеймін қанша қызға,
Сені құшқан кеудені пышақтаттым.

Бақытым ең басқадан бұрын сүйген,
Сен арқылы даланың гүлін сүйгем.
Менің солай басталған махаббатым,
Бірінші көшедегі бірінші үйден

Бақытым мен сорымды еселеген,
Менің мұңлы күйімді кешеді өлең.
Сол бірінші көшені көп ойлаймын,
Жүрген сайын əр түрлі көшеменен.

Көп нəрсеге жеткенмен бүгін шамам,
Көп сыр айтпай кеттіппін бұрын саған.
Екінші рет кездесу жазылмапты,
Бірінші көшедегі бірінші адам.

 

“Бір жарық ұстап алдым”

Бір жарық ұстап алдым.
Қолға өстіп ұсталмайды неге Бақыт?!
Бір жарық ұстап алдым.
Қап-қараңғы көшемен келе жатып.

Бір жарық ұстап алдым.
Көп іздеген жарығым осы жарық.
Бір жарық ұстап алдым.
Жерге түскен жерінен тосып алып.

Бір жарық ұстап алдым.
Жан аз ба жарық таппай жаңылысқан.
Бір жарық ұстап алдым.
Көзімдегі жарықпен шағылысқан.

Бір жарық ұстап алдым.
Үлестіріп енді оны берем елге.
Бір жарық ұстап алдым.
Тек жарығым, тек қана сөне көрме!

 

Қасымда кеше біреу бар еді…

Қасымда кеше біреу бар еді,
Кеше емес тіпті былтырдан
Мен үшін ол жан гүл еді әдемі,
Үзуге əркім ұмтылған.

Қасымда кеше біреу бар еді.
Бір өзі мыңға татыған,
Үмітке құштар үнемі әлемі.
Болмысы бөлек затынан..

Біреу бар еді кеше қасымда,
Ойлайтын мені шаршамай.
Сүйді екен мені неше жасында,
Сүйікті жандар дәл солай..

Бар еді біреу кеше қасымда,
Кететін жиі маған кеп.
Күтуші ем оны көше басында,
Күттірмей келіп қалар деп.

Жанымның неден жүдеді әлемі,
Бұл күнде неге мұңым көп,
Қасымда кеше біреу бар еді,
Кеше бар еді,
бүгін жоқ.

Сайрандап барған сол өңірдегі,
Жан еді ерек заты тым.
Бүгін бар ертен жоқ өмірдегі,
Бар болып қалған бақытым..

 

ГҮЛ

Қауызынан сорғалап тұнық бір мұң.
Жапырағы жылады сынық гүлдің.
Өзімді ұмытылған гүлге теңеп,
Ішімнен күліп тұрдым.

Бұйырылмай қалаған адамына,
Гүл де мендей айналды жаралыға.
Қолыңа алып аялап иіскеу түгіл
Саусағың да тимеді ау сабағына.

Табиғаттың жоғалтып бір бояуын,
(Басып кетті байқамай
мұңды аяғым)
Ерте көктеп иесін таппай қалған,
Мен үстелде кап койған гүлді аядым.

Бетке алып қиыры жоқ шетті жұмақ,
Көз жасын көк майсаға кептіріп ап.
Қолымнан сусып түсіп нəзік тағдыр,
Терезеден төменге кетті құлап.

Жалпақ əлем жаққанда түнгі ошағын
Бір əдемі əуенмен мұңдасамын.
Ұмытпай есіне алып жүрсе екен деп.
Жүрегімнен өзіңе гүл жасадым.

 

ҚҰШАҚТА”

Құшақта!
Құшақта көміліп қалсын мұң.
Жаралы жаныма жып-жылы жалын боп жаншылдың.
Мөп -мөлдір көзіңнен құламай қап қойған.
Мен сенің ып-ыстық бір түйір тамшыңмын.

Құшақта!
Құшақтау дегенің бірі ғой ұлы істің.
Көлемі кеңейсін алқымда тарылған тыныстың.
Деміңді деміме қосайын кел жаным,
Жабырқау жүректер жақыннан ұғыссын!

Құшақта!
Ақ құба білегің оралып мойныма,
Бір ғажап сезімге балқысын бой мына.
Жүректің лүпілін тыңдашы сыртынан,
Қимылсыз қолдарың тығылып қойныма.

Құшақта!
Ақ жүзің шағылып айдағы жарықпен,
Сөз құрап берейін сыбырлап сиқырлы əріппен.
Қап-қара түнекке құлап ақ кетейік екеуміз.
Табиғат жаратқан қалыппен.

Құшақта!
Құшақтау дегенің таптырмас Ұлылық.
Жеттім ғой өзіңе ентігіп сүрініп жығылып.
Сен жайған құшақта тұншығып ұйықтап кетейін.
Мəңгілік көздерім жұмылып….

Ps:
Құшақта.

 

Амандос ЕЛТАЙҰЛЫ

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Жүрегімнің иесі… (үш көріністі драма)

Фабуласы: Бүгінде  қызмет қуып жүріп отбасын құруды кейінге қалдырып, қашан кәрі қыз атанып қалғанын білмей ...