Ұрпақ саулығы — ұлт саулығы

1413
Adyrna.kz Telegram

Жылына темекі кесірінен 8 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Оның 90%-ы темекіні тұрақты түрде қабылдайтын адамдар болса, 10%-ы темекі тартпаса да, иісіне уланып зардап шегетіндер!

Темекі бұл – заңды түрде пайдалануға болатын есірткінің бір түрі. Темекі түтінінің құрамында 400-ге жуық улы микро заттар бар. Олардың әсерінен бүкіл ағза зардап шегеді. Темекі шегу өкпенің қатерлі ісігінің даму қаупін 4 есеге арттырады. Дәл осы аурудан қайтыс болғандардың 90%-ы темекі шегіп, одан бас тарта алмағандар! Темекі шекпейтіндермен салыстырғанда шылымқорларда асқазан қылтамағының пайда болу қаупі 50% жоғары.  

Мұндай қауіп-қатерлерді болдырмаудың жолы, ол шылым тартудан үзілді-кесілді бас тарту!

Шылым шегетін адам күніне орта есеппен 200, айына 6000, жылына 72 000 рет ішіне түтін сорады. Оны алғаш тартып бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп шылымқорға айналады. Бұл улы заттың шығу тарихы тереңде жатыр. Оны 1560 жылы Францияның Португалиядағы елшісі Жан Нико әлем елдеріне таратты, біз айтып жүрген никотин атауы осы адамның құрметіне қойылған. Бұл никотин темекі түтінімен ауызға, тыныс жолдарымен өкпеге, сосын адам қанына сіңеді, қан арқылы ағзамыздың түкпір-түкпіріне тарайды. Жұтынғанда өңешке және асқазанға сіңеді, осылайша ауыз ішіндегі еріндегі, тілдегі, таңдайдағы өте сезімтал жүйке талшықтарын улайды.

Қан арқылы миға жетіп, оның жүйке жасушаларын қоздырады.

Егер шылым шегуді тастасаңыз:

— 24 сағаттан кейін жүрек талмасы қаупі азаяды;

— 2 күннен кейін дәм мен иіс сезу қабілеті әдеттегі адамдармен теңеседі;

— 3 күннен кейін тыныс алу қалыпты жағдайға келеді;

— 3 айдан кейін өкпе әдеттегіден 30% артық жұмыс жасайды;

— 1 жылдан кейін жүрек ауру қаупі 50%-ға азаяды;

— 10 жылдан кейін өкпе рагіне шалдығу қаупі шылым шекпеген адамдікімен теңеседі;

— 15 жылдан кейін жүрек пен қан қысымы ешқашан шылым шекпеген адамдармен бірдей болады;

Жастайынан темекіге үйір болғандар уақыт өте келе ұмытшақ бола бастайды. Бірте-бірте жүйке жасушалары уланып, ақыл-ойы кемиді. Мінезінде ұрысқақтық пен ашушаңдық басым болады. Өз қатарластарымен салыстырғанда бетіне әжім ерте түсіп, тез қартая бастайды. Түрлі қауіпті ауруларға тез шалдығады, қаны азайып, көздің көру қабілеті төмендейді. Бас айналу жиі орын алады.

Жасөспірімдер арасында да мұндай зиянды әдеттер жоқ деп айта алмаймыз. Яғни темекі шегетін жастар аз емес. Олардың мұндай жаман әдетке салынуының басты себептері: шылым шегетін ата-анасына және өздері жақсы көретін адамдарға еліктейді, онымен қоса құралған ортасы, құрбы-құрдас, достарынан қалмай ертерек ересек көріну үшін тартады.

ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ

Қазіргі күні жастар арасында таралған темекінің электронды түрі – вейп.

Тіпті темекінің бұл түрін мектеп оқушыларына дейін тартады. Алайда біраз жастар мұның қаншалықты зиян екенін біле бермейді. Вейптің зияндылығы қалай?

Электронды темекі бұл – химия. Оның құрамында фенилді заттар, ағзаға кері әсерін тигізетін химиялық заттар жетіп артылады. Бұл ағзаға түскенде қанға сіңеді, миды улап, жүрек бұлшық еттері мен өкпеге кері әсер етеді, ең қауіптісі жыныстық жүйені құртып, ол жердегі қанайналым жүйесі бұзылып, бедеулікке алып келуі мүмкін.  Олай болмаған күннің өзінде темекі шегетін адамнан туылған баланың денсаулығында кемістіктер болуы мүмкін!

Дәл осы электронды темекі шеккен адамдарға жүргізілген зерттеу нәтижелерінде ми ақаулары, өкпе ақаулары және қатерлі ісік ауруларына шалдыққандар бар екен. Болашақта бұл аурулар саны бұданда көп болуы мүмкін!

Алкогольді ішімдік

Алкогольді ішімдік – тәуелділікті тудыратын, улы, психологиялық белсенді зат болып табылады. Ішімдікті пайдалану ағзадағы барлық органдардың бұзылуына себепші болады. Бірінші кезекте бауырдың жұмысы бұзылады. Бауыр зиянды заттарды бейтараптандыруда   негізгі жүктемені өзіне алады. Ал ішімдік көп ішкен адам бауыр циррозы ауруына шалдығу қаупі жоғары. Ми клеткалары өледі, клеткалардағы оттегі жетіспеушілігі әсерінен есте сақтау қабілеті төмендеп, психикалық тозу басталады. Жүректің және тамырлардың жұмысы баяулап, холестериннің артуына алып келеді. Ішкіш адамдар гипертониямен ауырып, инсульт, инфаркт ауруларына бейім келеді. Жыл сайын ішімдікті пайдаланудан 3 миллионнан астам адам көз жұмады екен.

Бұл бір адамның емес, бұл бүкіл қоғамның дерті. Халықтың басым бөлігі мұндай зиянды әдеттерге жақын болса, ел ішінен тынуы мүмкін.

Қазақ елі мықты әрі тұғыры биік ел! Ел болашағы жастардың қолында! Болашағы жарқын ел болуымыз үшін, ең алдымен деніміз сау болуы шарт!

 Айгүл Мұратқызы

Пікірлер