Желіде Бишімбаевтың Нүкенованы соққыға жыққаны түсірілген видео тарады

1074
Adyrna.kz Telegram

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы қайғылы оқиға орын алған мейрамханадағы бақылау камераларына түскен кадрларды жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Қарындасының өлімін егжей-тегжейлі зерттеп жүрген Айтбек Амангелді мұны Қуандық Бишімбаевтың адвокаттарының мәлімдемесіне жауап ретінде шығарғанын айтады.

Ол “өзінің бұл видеоны желіге ешқашан салғысы келмегенін, алайда Бишімбаевтың заңгерлері басқа амал қалдырмағанын” айтады. Айтуынша, видео сол мекемедегі бейнебақылау камераларына түсірілген. 

Бейнежазбадан ер адамның әйелді ұрып жерге құлатып, жұдырықпен соғып, тепкенін байқауға болады. Нүкенованың ағасы кадрларда Бишімбаев пен оның қарындасы бейнеленгенін айтады. 

Сондай-ақ, ол экс-министрдің адвокаттарының сұхбатта айтқан сөздері өтірік екенін жеткізді.

"Медициналық сараптаманың қорытындысы бар. Сарапшылар оның басынан кем дегенде 13 рет соққы алғанын анықтады ", - деп жазады Нүкенованың ағасы.

Ол қолында Бишімбаевтың марқұм әйеліне әртүрлі дене бөліктеріне бірнеше рет соққы жасағаны көрінетін бірнеше ракурстан түсірілген видеолардың бар екенін жеткізген.

“Салтанаттың еденде жатқан денесі көрінетін суреттер бар. Түні бойы айқай мен соққының дауысын естіген куәгерлердің айғақтары бар”, – дейді Айтбек Амангелді.

Пікірлер