Ұлттық қорсыз бюджетті қаржыландыра алмаймыз - вице-министр

833
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов  бюджетті қаржыландыру туралы айтты. Ол еліміздегі табиғи ресурстарды бөлудің әділдігі туралы түсінік берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Кез келген экономикада қоғамдық әл-ауқатты қайта бөлу механизмі шамамен ұқсас келеді, ол салық жүйесі арқылы жүзеге асады. Мемлекет салық арқылы табыстың бір бөлігін кейбір салалардан көбірек, кейбір салалардан аздау алып, басқа салаларға бөледі. Бұл механизм елімізде өте жақсы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Қазақстан экономикасының басқа елдерден айырмашылығына тоқталсақ, бізде тау-кен өнеркәсібінен және мұнайдан түсетін кірістер жиналатын Ұлттық қорымыз бар», - деді Тимур Жақсылықов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда ол «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына тоқтала кетті.

«Биылдан бастап біз кен орындарын пайдаланудан мемлекет алатын табысқа халықтың, яғни балалардың қатысу тетігін енгіздік. Балаларға арналған ұлттық бағдарлама ол өз жұмысын бастады, қазір тек алғашқы қадам жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар біз Ұлттық қорсыз бюджетті қаржыландыра алмаймыз. Сондықтан кірістің бір бөлігін бюджетке трансферт түрінде алып отырамыз, содан кейін бюджеттік тетіктер арқылы экономикаға бөлеміз. Жалпы, бізде бұл тетіктердің барлығы жұмыс істеп тұр. Шынында да Қазақстанның табиғи жер қойнауы экономиканы қолдауға бағытталған», - деді вице-министр.

Пікірлер