Қазақ театрының кіндік қаны тамған жерге “Assyltas” театры гастрольдап қайтты

958
Adyrna.kz Telegram

Қазақ театрының тарихы сонау 1917 жылы Жидебайдағы Әйгерімнің отауында Мұхаңның өзі сандық ішінде жа­тып жасаған суфлерлігімен өткен «Еңлік-Кебектің» билер сахнасы қо­йы­лымы болған екен. Ал жаңа аптаның алғашқы күні шығыстық көрермен үшін хас сұлудың көз жасындай сұлу өнермен сусындаудан басталды.

Қойылым едел-жедел екі реттен сахналанды. Екеуінде де залы көрерменге лық толы болды. Басты рөлдерде Дулыға Ақмолда, Жанаргүл Жаныаманова, Салтанат Бақаева, Жандарбек Садырбаев сынды танымал актерлар ойнады.

Қойылымның құрметті қонағы ретінде атақты ақын, «Түрксой» түркі мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов, ақын, драматург, драма авторы Бақыт Беделхан, мецанат, театр демеушісі Дулат Тастекей қатарлы зиялы қауым өкілдері қатысты. Драма – тартысқа толы тағдырлардың, қайшыласқан тірлік пен арпалысқан өмірдің шырмалып жатқан алаңы. Қойылым арқылы шырмалып жатқан шындықтың шынайы келбетін көруге болады. Қысқасы сөз жеткізе алмас дүниені сахна арқылы тамашалап қайтты көрермен қауым. Қойылым соңында баспасөз мәслихаты өтіп, құрметті қонақтар ой бөлісті.

“Қойылымның астарында көп дүние айтылған екен. Оны көрерменмен бірге көріп шықтық. Көрермен жақсы қабылдады. Мұндай дүниелер қойылуы, айтылуы керек деп ойлаймын. Бақыт Беделхан мықты ақын ғана емес, мықты драматург екендігін бұған дейін де көрсеткен. Енді осы қойылым арқылы жаңадан құрылған«ASSYLTAS» заманауи театры қанатын кеңге жаяр деп ойламын және тілектеспін. Жаңа театрдың алғашқы сапарларының бірін шығыстан, Өскеменнен бастауының да өзіндік себебі бар. Өйткені, Бақыт Беделханның досы, курстасы, Рүстем Есдәулетов ШҚО драма театрының салынуына, негізі қалануына тер төккен еді. Осылай досын еске алып жатқанына Алла разы болсын”, – деді атақты ақын, «Түрксой» түркі мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов.

Баспасөз мәслихаты барысында қойылым авторы Бақыт Беделхан тілшілер сауалына жауап беріп, драманың жазылу барысын тілге тиек етті.

“Бұл өте қысқа мерзімде, яғни, 15 күнде жазылып сахна төріне аттанған шығармашылық дүние. Драма жайлы талдап айтудың қажеті шамалы, көрермен көріп, көкейге түйіп өзіне керегін алар. Жалпы жұрттың жылы қабылдағанын осыған дейінгі қойылымдар барысында да көрдік. Өнер алды – қызыл тіл. Жаратылыс саздан, сөзден басталса, тіршілік қыздан басталады. Тау айныса құм болар, жер айныса су болар, су айныса бу болар, тіршіліктің тірегі қызы айныса не болар?! Өлең сөздің патшасы сөз айныса не болар?! Сол сөзбен сазды айнытпай сахнада сары алтындай қылып көрсету әр азаматтың парызы деп ойлаймын. Біз соған барымызды салдық. Сондай-ақ, жаңа театр мен жаңа қойылым арқылы Рүстем досымыздың рухына сәлем сала келдік. Бұл – Рүстемнің маңдай тері төгіліп, бар күш-жігерін салған театры ғой. Сондықтан осы орайда бұл театрға Рүстемнің атын берер уақыт келгенін айтқым келеді. Ол оған лайық деп ойлаймын. Оны өнер сүйер жұрттың, жалпы жұрттың қуана қолдайтынына сенемін”, – деді ақын, драматург Бақыт Беделхан.

Осылайша жұрт театр залынан ойланып, толғанып, шындықты драма арқылы болсын көріп шықты. Көрермен қауымның сахна арқылы болсын ақиқатқа қол жеткізіп шыққандай көңіл күйде болғанын көрдік.

Пікірлер