Home » Айдарлар » Әдебиет » Мұхтар Шерім: “Жихад деген торт”

Мұхтар Шерім: “Жихад деген торт”

О, Махаббат!

(Ақын-жазушылардың шығармалары бойынша)

«Абай жолымен» келе жатқанмын. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпанын» кездестіріп қалдым. Бұрыннан танимын ғой, жөн сұрасам, эпостық жырдағы– «Баян сұлу» сауда орталығында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» (Менеджер дегенім ғой..) болып жұмыс істеп жатыр екен. Өзімше «движение» жасағым келіп кетті. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» басымнан өткеріп тұрмын. Баяғыда Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ата қонысына» барғанымда, бір рет көргенмін. Бойжетіп қалыпты. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білегіндей білегі аппақ екен… Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» төлеп, үйленіп алсам ба екен? Әй, бірақ қу кедейшілік-ай, Бейімбет Майлиннің «Сексен сомы» жетпейді ғой. Мейлі, Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты өліп кетсем де шіреніп тұруым керек қой. Өлгені құрысын, Бердібек Соқпақбаев жазып кеткен: «Өлгендер қайтып келмейді»… Шынымды айтсам, Әбдіжәміл Нұрпейсовтің «Қан мен теріндей» болып тұрмын. Қыз да үндемейді.Тұтқабай Иманбековтің «Тұт ағашының көлеңкесінде» әлі тұрмыз. Бұл қыз маған Мұқағали Мақатаевтің «Арманы» сияқты ма? Жоқ әлде, Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы» болып, алып қашсам ба? Сотталып кетемін-ау! Рымғали Нұрғалидың «Аяқталмаған трагедиясы» болып жүрсем ше? Не деп кеттім? Сәкен Иманасов сияқты «Айтар едім», бірақ тілім күрмеліп…
–Кешіріңіз, Теодор Драйзердің «Аяулы Керриіне» ұқсайды екенсіз…– дедім мен.
– Ағай, Халлдор Лакснесстің «Арманын аңсаған жандар» күйін кешкен жалғыз сіз емес…–деді бойжеткен.
–Кешіріңіз, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдарын» бастасақ қайтеді? –деп әзілдедім мен.
–Мұстафиннің «Миллионері»болсаңыз, көреміз…
–Хамит Ерғалиевше «Біздің ауылдың қызы» екен деп ойлап тұрсам… Ақшаны ғана ойлайды екенсіз, Беккожиннің «Мәриям Жагор қызынан» үлгі алсаңыз еді!
–Ағай деймін, әзілді көтере алмайсыз ба, жүдә Тахауи Ақтановтың «Қаһарлы күндеріне» ұқсап барасыз…
–Ілияс Есенберлиннің «Жанталасындай» жармасып жатқаным ғой, қарындас…
–Немене,Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісі» сіз бе?
–Болсам ше? Сіз де Исабековтің «Әпкесіне»ұқсайды екенсіз.
Айтпақшы, қолыңыз бос па? Кафеге барып, Роллан Сейсенбаевтің «Түнгі диалогын» бастасақ?
–Мұратбековтің «Ай туар алдында» ма?
–Ия. Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейнесіндей» ах ұрып қалмайын…
–Жарайды… Шексипирдің «Корль Лиріндей» қоймадыңыз ғой.
О, «Мөлдір махаббат!» «О, Махаббат қызық мол жылдар!” “Мақатаевтің «Аққулары ұйықтағанда» «Ұлпанның» қыпша белінен қапсыра құшақтап, Қали Сәрсенбайдың «Тұлға –тағдырындай» болмасам да, кеудемді кере ұстап, «Оянған Өлке» –Шымқаланың шырайлы көшелерінде «Алмас қылыштай» жарқырап келе жаттым… О, Махаббат!

КҮЛМЕЙТІН КЕЛІНШЕКТЕР

Тағдырын тасқа ұрып, екі қолын басқа ұрып, жат дінің жетегінде кеткен келіншектер туралы не айтуға болады? Олар жас балаларының болашағына балта шауып, өз өмірін өгіз тепкендей ететіндерін алғашқыда білмейді де. Уағыздың уын төккіш сақалдылардың санасына сеніп, немесе күлге аунағандай күй кешкен күйеуінің айдауына көніп, Түркия арқылы Сирияға қалай барып қалғанын бағамдамайды да.
–Сиярияға кетеміз, біз бақытқа жетеміз, мұнда қалып нетеміз, бол тез, кетеміз де, кетеміз! –дейді күйеуі Нағимаға.
–Ойбай, табан астында астымыздан албасты, немесе «Кококола» шықты ма? –деп сұрайды әйелі.
–Балаларды дайында, ол жақта жақұт, өзі келіп тұр бақыт…
Біз ол жақта жихад боламыз.
–Ол не жихад деген?
–Торт, –деді күйеуі күйіп кетіп.
–Олай болса, тәттііі торт боламыз, болмаса, орысша айтсақ, шорт боламыз! –деген келіншек кеңкілдей күлді. Бұл оның соңғы күлуі еді. Адам болған соң, күлу керек, жымиып, олай былай жүру керек емес пе? Сириға келген соң күні күн емес, сасыған жүн болды, әр қадамы мұң болды, қысқасы, содырларға күң болды. Күйеуі атылып өлген соң, балалары бұрынғыдан да бетер аш болды, өзінің бүйрегінде тас болды, жегендері желім, шайнағандары шаш болды. Күлуге де, ит сияқты «үруге» де тиым салынды. Өйткені, әр сөзі, әр қадамы аңдушылардың бақылауында еді. Қайда, әлгі жылтыраған жақұты? Қайда, әлгі мен мұндалаған бақыты? Елде ешкінің емшегін сорса да, еркелеп отыра бермеді ме? Күлуден, анда- мұнда қыдырып жүруден қалды ғой? Мұнда, Сирияда күлмейтін келіншектер көп еді.
Бір күні сақалы бұйра–бұйра, желкесі құйқа–құйқа кісі келіп:
–Сенің күйеуің қайтыс болды, енді менің қасыма жатып, арқамды қасып бересің! –деді.–Е, неге?–Сол, маған байға тиесің.–Мен сізді ұнатпаймын.–Қазір ішіңнен бір ұрамын. Бірақ, ұстап қалып, құлатпаймын…
Шынында, ол Нағиманың ішіне бір ұрып, құлап бара жатқанда ұстап қалды. Амал жоқ тиді. Сосын тағы біреуі келді:
–Нағимасың ба?–Наташамын, –деді ол өтірік айтса, құтылып кетердей болып.–О, Нағима, бекерден- бекер қақима! Маған тиесің!–Менің күйеуім бар ғой? Жақында тиген?–Ол сені қойдың қиы, малақ деді, ашығын айтсам, талақ деді.
Кеше ғана күліп –ойнап жүрген келіншек отыра қалып, ой жыласын. Жылағанға анау жындыбас қарасын ба? Амал жоқ тиді, алтын басын иді. Арада ай өтпей жатып, тағы бір содыр келді керіліп, тіпті сөйлеуге ерініп:
–Нағимасың ба? –деп сұрады.
–Жоқ, Ғимамын.–Нағимасың ғой?–Ғима.–Сен бүйтіп ақима?
–Неге келдің?–Сені қатын етемін.–Онсыз да қатынмын.
–Енді менің қатыным боласың.
Амал жоқ, қатыны болды. Сөйтіп жүріп, он тоғыз рет тұрмысқа шықты. Құдайға шүкір, содырлардың бетіне бес рет түкір, «Жусан» операциясы бойынша тізімге ілініп, Отанына, еліне, туған жеріне бала–шағасымен қайтты. Жата қалап, жерді жалады, жан–жағына қарады. О, туған жер, жат жерден жылап келдім, қабылдайсың ба?
Сөз соңында айтарымыз мынау: айдың күні амандарыңда адаспаңдар, ағайын!

 

Мұхтар ШЕРІМ

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Мирас АСАН: Ең терең адамыңа – ең биіктен, Қол бұлғау – қоштасу ма, шақыру ма?

Асан Мирас Болатұлы 1987 жылы 13 мамырда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. ...