"Ұлт ұстазының құны - 10 мың". Депутат Аманжол Әлтай билікке сауал жолдады

1134
Adyrna.kz Telegram
Фото ашық дереккөзден
Фото ашық дереккөзден

Депутат мемлекеттік атақты сатып алуға болатынын айтып, қорлыққа теңеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

"Amanat" партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Тамара Дүйсеноваға ұлттық симвология орталығын құру туралы депутаттық сауал жолдады.

Мәжілісмен мемлекеттік рәміздерді терең тану мен қадірлеу керектігін айтып, үндеу жасады.

“Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз еліміздің бейнесін танытатын символдық мән-мағынаға ие қастерлі ұғым. Бірақ мемлекеттік наградалардың атауын, кейбір элементтерін қайталайтын түсініксіз ұйымдардың мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені шын", – деді депутат Аманжол Әлтай.

Депутаттың айтуынша мемлекеттік атақтарды сатып алуға болады. Алайда мұндай әрекеттер елдікке сын екенін айтады.

"Осы ретте, әділетті келешекке қадам басқымыз келсе, сатылатын мәнсіз марапаттардан қоғамды сақтандыру маңызды. Мемлекеттік рәміздерімізді ретсіз қолданып, жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тапқыш пысықайлардың  әрекеттеріне құқықтық негізде тиым салу керек. Бұл бір.

Екіншіден, рәміздер мәселесінде әлі де ойластыруды, ортақ шешімге келуді қажет ететін түйткілдер бар. Біздегі түйткілдердің бір ұшы  атауға байланысты.  Геральдика – гербтер мен оларды қолдану дәстүрлерін ғана зерттейтін арнайы тарихи пән.

Яғни геральдиканың нысаны – тек қана гербтер.

Ал, рәмізтану - бұдан кең ауқымдағы зерттеулерді қажет ететін сала. Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын мекемені «Геральдикалық зерттеу орталығы» деп емес, «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп аталғаны жөн.

Өйткені, рәмізтану нысанында  мемлекеттік рәміздермен қатар, ертедегі символдық таңбалардан бастап, ою-өрнектер тіліне дейін қамтылады және олардың рәміздік мән-мағыналары ашылады.

Рәміздер мәселесін өз елінің тарихымен сабақтастыра қарастыру әлемнің Жапония, Франция сияқты дамыған елдерінің тәжірибесінде бар. Осыған орай, біздің рәмізтану арнайы ғылым ретінде қалыптасатын уақыт келді", - дейді Мәжілісмен.

Депутат Аманжол Әлтай өз сауалына заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтетінін айтты.

  1. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасынан нәтиже шығарып, аймақтар мен қалалардың таңбасын әлемдік стандарттар негізінде бірыңғай үлгіге икемдеп әзірлеу және бекіту тәртібін ретке келтірген жөн.
  2. Қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп өзгерту мәселесі қарастырылсын.
  3. Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография салаларының мамандарын да кеңінен тарту қажет.
  4. Мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс.
  5. Мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталалайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек.
Пікірлер