"Әлемді өзгерткен - ғалым әйел". 11 ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні

895
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден
Бүгін - Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық мерекесі, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Атаулы датаны "ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні" деп 2015 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен.
Бұл күн нәзік жандылардың ғылымға толық және тең қол жеткізуіне және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде Қазақстан ғалымдарының 54% әйел адамдар екен. 2022 жылғы ақпаратқа сүйенсек, елімізде 10 мыңға жуық әйел ғылым саласында қызмет етеді. Дәлірек айтқанда, 714 әйел – ғылым докторы, 2 427 – ғылым кандидаты, 992 – PhD докторы, 28 – мамандық докторы.
Ақпарат және мәдениет министрлігінің басшысы Аида Балаева Facebook желісіндегі парақшасында ғылымға ден қойған әйелдер мен қыздарды мерекемен құттықтады.

"11 ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні. Бұл күн әйелдер мен қыздарымыздың ғылым мен техника саласындағы мүмкіндіктерін дамытуға қолдау көрсетудің маңызын еске салады. Ғылымға қызығатын қыздар үшін үлгі алатын тұлғалардың болуы маңызды.

Жақында биолог, белгілі ғалым Күнсұлу Закарья вакцинация саласының дамуына үлес қосқан әйелдердің әлемдік рейтингіне енді. Оның жетекшілігімен бір топ ғалым 2020 жылы отандық «QazVac» вакцинасын әзірледі. Одан бөлек еліміздегі Ғылым академиясы тарихындағы тұңғыш әйел президент, биология ғылымдарының докторы - Нағима Айтхожина, Орталық Азиядағы геология ғылымдарының докторы болған тұңғыш әйел Патшайым Тәжібаева сияқты тұлғалармен біз ерекше мақтанамыз.

Жалпы бүгінде қазақстандық ғылым жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Мемлекет басшысы бұл бағыттың маңыздылығына ерекше мән беруде. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстар айтарлықтай нәтиже көрсететін ғалымдардың жаңа қауымдастығының қалыптасуына ықпал етті", - деді ол өз жазбасында.

Пікірлер