«Қаладан ауылға» жобасы аясында Орал қаласының тұрғыны ауылға қоныс аударды

2924
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы бастау алды. Бұл туралы Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бағдарламаның мақсаты – азаматтадың ауылға келуі ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жою, ауылдық жерлерде агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын орта бизнес субъектілерінің санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету.

Бүгін өңірлік бағдарлама аясында Казталов ауданының Болашақ ауылдық округі, Жаңатаң елді мекеніне қоныс аударуға ниет білдірген Орал қаласының тұрғыны Аят Болатұлы Сисенов ауылға қоныс аударып, бағдарламаның игілігін көрмек. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Орал қаласына арнайы барып, Сисеновтар әулетімен жүздесіп, ауылға қоныс аударуға және ауыл экономикасының дамуына үлес қосуға білдірген ізгі ниеттері үшін ризашылығын білдіріп, бағдарламаны ауданымызда жүзеге асыру жұмыстарына тоқталды.

Казталов ауданы бойынша аталған жобаға 8 елді мекен (Жаңатаң, Әбіш, Көпкүтір, Жас, Сарықұдық, Саралжын, Сатыбалды, Көмекші) белгіленді. Аталған жобаны жүзеге асыру бойынша  ағымдағы жылдың басында арнайы жұмыс тобы құрылды. Барлық келушілерге сол елді мекеннен жұмыс мәселесі,  тұрғын үймен қамту мәселесі қарастырылады. Жұмыс тобымен Орал қаласында тұрып жатырған 13 отбасымен сөйлесу жүргізілді. Нәтижесінде 4 отбасы ауылға көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар осы елді мекендерге жеке инвестор есебінен  үй салу жоспарлануда. Көшіп келуге ниетті азаматтарға жергілікті демеушілер есебінен  ұсақ малын және  ірі қара малын беру, 1 млн 476 мың теңгеге қайтарымсыз грант алуға және «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуға болатындығы жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілуде.

Жаңатаң елді мекенінің тумасы Аят Сисеновтың шаңырағында 5 бала бар. Оның екеуі мектеп жасындағы балалар болса, үш бала мектепке дейінгі жастағы балалар қатарында. Бүгінгі күнге дейін бес жыл бойы облыс орталығында пәтер жалдап келген Сисеновтар жанұясы Жаңатаң ауылында баспанамен және жергілікті меценаттардың демеушілігіме ірі қара және ұсақ малмен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар көпбалалы ата-ананы жұмыспен қамту мәселесі де оң шешімін тауып отыр.

Сисеновтар жанұясын қаладан көшіру жұмыстарына аудан әкімдігі мен "Жастар рухы" жастар қанатының еріктілері қолдау көрсетті.

Пікірлер