Депутат Сүлейменова қарапайым еңбек адамдарының еңбекақысын екі есеге арттыруды ұсынды

1442
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

AMANAT партиясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсеноваға қарапайым еңбек адамдарының жалақысын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Депутат бюджеттік мекемелердегі еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының жұмысының маңыздылығын және тиесілі жалақыларының өспейтінін айтып мәселе көтерді:

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз қажет» деген сөздерінен еңбек адамының заңды құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау, өмір сапасын жақсарту арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру міндеттері айқындалады. Жыл сайын Үкімет тарапынан азаматтық қызметшілердің жалақысында біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырылып, жалақылары кішігірім өсіп келеді. Өкініштісі сол, бюджеттік мекемелердегі еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, плотник, электрик секілді қарапайым еңбек адамдары азаматтық қызметшілер реестірінде болмауынан, Үкімет тарапынан азаматтық қызметшінің айлығы арттырылғанда, осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді"деді ол.

Сүлейменова елдегі қарапайым жұмысшылардың жалақы мөлшерін атап, оны екі есеге көтеру қажеттігін айтты:

"Денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқаратын жұмысшылардың айлық жалақысы төмен. Мысалы, мектептердегі еден жуушы – 82 856 теңге, электрик 81 575 теңге, аула сыпырушы – 79 317 теңге. Бүгінгі таңда, тек орта білім саласында 261 мыңнан астам осы санаттағы жұмысшылар бар, олардың 254 мыңы қолына тиетін айлық жалақысы 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында. Біз, өңірлерді аралағанда бюджеттік еңбек ұжымдарының барлығында дерлік осы сұрақ көтерілді. Бюджеттік мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз" деді ол.

«АMANAT» партиясының фракциясы қарапайым еңбек адамдары санатындағы жұмысшыларға лайықты жалақы төлеудің шын мәнінде әділ әрі бірыңғай жүйесін құру жөнінде ведомствааралық жұмыс тобы құрылуы кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек етіп, төмендегі ұсыныстарды атады:

"Бірінші, Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан барлық басқа да бюджеттік мекемелердегі жалақы теңсіздігін зерделеп, олқылықтарды жоюға шара қабылдауы үшін «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін. Екінші, оқу-ағарту министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджеттен шығындарды есептесін. Республикалық бюджетті нақтылау кезеңінде аталған жұмысшылардың базалық лауазымдық жалақысын инфляцияға және жұмыстардың күрделілігіне сәйкес ұлғайтуды қарастырсын. Үшінші, оқу-ағарту министрлігі 2016 ж. 29 қаңтардағы № 123 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі бұйрығымен бекітілген Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін қайта қарап, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың осы тізілімге енгізілуін қарастырсын".

Пікірлер