Жазира АХМЕТОВА: Қазақтың біз білетін жігіттері,Қыз құмар, Қызық құмар, Қырым құмар…

3543
Adyrna.kz Telegram

КӘРІ ҚЫЗДЫҢ КҮНДЕЛІГІНЕН

І
Ақ төсім албыраған шандыр болды,
Күн санап күміс даусым тарғылданды.
Ұқсатып тұрушы еді балғын жүзім,
Алаулап жаңа піскен тандыр нанды.

Мінезім былай қалып жібек желдей,
Күздегі күрсінемін күрең белдей.
Елестің ербеңдеген көлеңкесі,
Еңсемді езіп-шаншып жібергендей.

Көз емес,
Қарашығым қап-қара мұң!
Көрінбей көп ішінде қап барамын.
Жанымның жазылмаған шежіресі –
Жас шуған айғыз-айғыз ақ парағым.

Жалғыздың кімге керек мұң наласы?
өзімнен өзім қорқам түн баласы.
…Тереңі телегейдің көріне ме –
Көзіме тоқтай қалып бір қарашы?

ІІ

Кеше мені
Жігіттер аңдушы еді көшедегі,
Анаусы ақпа арынды ақын еді,
Мынаусы шектен шыққан шешен еді!..

Қайсысын таба аларсың қайдан іздеп?
Жапанға жаяу тартқан жайдақ із көп…
Шешені шенеунікке айналды да,
Ақыны әуреленді Ләйләні іздеп.

Бүгін менің
Таң атқанша кірпігім ілінбеді.
Шешенім шекпен жауып иығыма,
Ақыным әлдене деп күбірледі.

Таң білінді… үмітім талға ілінді,
Тағы көрдім түсімде бал күнімді…
Кім табады, құдай-ау, құпиямды?..
Кім таңдайды, құдай-ау, тағдырымды?..

ІІІ
Жігіт жоқ!
Есесіне мігіт қанша!
Кілт жоқ,
Ашылмаған құлып қанша…
Қуысы біз дегенде қуықтай боп,
Қайтерсің қу дүние құрып қалса.

Дәмелі болмасақ та сері-салдан,
Сері сал жоқ дегенге келісе алман.
Торғайға Тоты басым қор бола ма,
Жол қайда Періште мен Пері салған?

Шынымен табылмай ма «Мен» деген ұл?
Кімге ұнап,
Кімді қалап тең көремін?
Желігі қыз баланың жең ішінде,
Қайда жүр жезтаңдайлы жеңгелерім?

Күз келсе күнмен қоса қайың жылар,
Қыз мұңлық жоқ нәрсені уайым қылар…
Басының балғын жастан бәсін білген,
Бақытты-ау бізден гөрі байырғылар!

Қаласын бөріктілер, қаламасын,
Саудаға сатылмайды Сара басым!
Қасынан қарайғаны табылмаса,
Қара қыз қайда соғар қара басын?

Дерсің-ау көзден ұшты бұрымдылар,
Бұрымды қайсың барсың ырым қылар?
Қазақтың біз білетін жігіттері
Қыз құмар,
Қызық құмар,
Қырым құмар…

…Жігіт жоқ!
Үміт тапшы,
Күдік басым.
Күдікпен күбірлесіп кім ұйықтасын?!
Ұмтылған ел болмаққа ұлт пен ұлыс,
Алдымен қыз баласын ұлықтасын!!!

 

Жазира АХМЕТОВА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер