Айгерім ТҰРЛЫҚОЖА: Мендегі әлемнің тамшылап, Жаңбыры жауып тұр...

3162
Adyrna.kz Telegram

Айгерім Тұрлықожа 1988 жылы 19 желтоқсанда Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Тастыөзек ауылында дүниеге келген. Талдықорған қаласындағы Жетісу гуманитарлық-экономикалық колледжін тәмамдаған. Өлеңдері "Тау мен өзен жырлары" атты Жетісу ақындарының антологиясына енген. "Тамшылар" атты жеке жыр жинақтың иегері. 

Әпке

Әпке, мен қазір жабығып жүрмін,
Сағынып жүрмін өзіңді.
Уақытқа өткен бағынып жүрмін,
Төзімдерім де көз ілді.

Ессіз ойлардан қалам ба аман?
Оңаша күтем әр сәтті.
Өзгерем бе деп таңдарға барам,
Күйбелең күндер шаршатты.

Жабулы тұрған есікті қағам,
Тірлікке жіпсіз жегілгем.
Қайтейін Әпке, ұрысшы маған,
Сабырсыз емес едім мен.

Тағдырдан бәрін жалынып сұрап,
Келмейді тағы егескім.
Сезімге адал болар ем, бірақ,
Сүймеді мені неге ешкім?

Булығып іштей, өртене берем,
Дерт еме берем қашанғы?
Қырсық шалғандай жер тебе берем,
Күлкім де қазір жасанды.

Жалғыздық қана бұйырған жандай,
Межесі ме едім мазақтың?
Ішіп кетер ем, ем іздеп жанға,
Қызымын, Әпке, қазақтың.

Адасып қалып арманнан асыл,
Келмейді бәрін кеш ұққым.
Ақылсыз емес едім ғой, білем,
Мен неден Әпке, кешіктім?

***

Тағдырдан жеңілдім демеймін,
Жылағам...
Құлағам жоқ бірақ.
Өзекте өртенген өгей мұң,
Жанарым оттырақ.

Жалынсыз демеймін жүректі,
Көтерген сезімнің қазасын.
Тәңірге жаудырып тілекті,
Алмап ем мазасын.

Сағыныш жат емес жаныма,
Сыздатқан сарғайтып күз талай.
Көктемін тілеп ем бағыма,
Жұбаныш іздейсіз сіз қалай?

Құдайдан кіршіксіз таң сұрап,
Көңілім ертеңге ауып тұр.
Мендегі әлемнің тамшылап,
Жаңбыры жауып тұр...

***
Есіл жақтан маған қарай есіп үн,
Сағыныштан тасыдым.
Өзің жайлы ойға батсам несі мұң?
Неге бүгін жасыдым?

Келмеді ме жанарымның жазы әлі?
Мөлдір тамшы әйнегімді жуады.
Өзің жайлы - өмір өлең жазады,
Өзің жайлы - жүректе әуен туады.

Тереземді күзеткенде күн баяу,
Сәулесімен шаштарымды тараймын.
Өзің жайлы сыр шертем де түнге ояу,
Төсіндегі жұлдыздарын санаймын.

Бір бөгелмей өтер қанша уақытым?
Естілмей ме есті адамға наз үнім?
Алматыдан таба алмаған бақытын,
Астананың кеш келетін жазымын.

***

Бейтаныс жiгiт

Түн..
Тып-тыныш айналам..
Бейтаныс бiреудi ойға алам.
Санамды сабалап сансыз мұң,
Не пайда? Не бердi ой маған?

Бiр бөтен тылсымға тiл қатып,
Отырмын ұйқымды ұрлатып..
Көз iлмей түнiмдi өткерсем,
Күтердей бiр бақыт..

Үнсiздiк..
Алдаған үмiттi,
Құм етiп төзiмдi үгiттi.
Қалауын жасады бұл жүрек,
Ұнатып бейтаныс жiгiттi.

Жолсерiк жөн сұрап жолыққан,
Көңiлге демеу боп торыққан.
Бiр жолды бөлiсiп бiр сәтке,
Қош дедiк мәңгiге, соны ұққам...

Кетпе деп мен iштей өтiндiм,
Ол ендi қош деуге бекiндi.
Торына iлiнген жүрегiм,
Аңшының олжасы секiлдi.

Қыз сезiм тәкәппар гүл шырын,
Ұқса деп жанымның бiр сырын.
Өртенiп iшiмнен мен қалдым,
Сезбедi жүректiң дүрсiлiн...

Егесiп бойдағы сезiммен,
Шаттық пен ұйқыдан безiнгем.
Тып-тыныш қараңғы түнге кеп,
Сыр шертiп, көз iлмен...

Амалын таппасаң айлама,
Бағың деп басыма байлама!
Ұрлама мендегi үмiттi,
Ұйқы бер жәй ғана...

Оралмасын

Білмеймін ғой неге өртенді өзегім?
Сәл қалғанда ұмытуға өткенді.
Бәлкім, оны сағынатын кезегім,
Ысырып сап орны толмас өкпемді.

Несіне енді жүре берем мін тағып?
Тоғыз жолдың торабында сенделіп.
Жылуы жоқ сезімдермен қымтанып,
Ертеңі жоқ үміттермен емделіп.

Сағынышым қайта қақты қанатын,
Бір бұрылмай алыс ұзап кеткенмен.
Шыдам шырмап, тұсаулы тұр тағатым,
Оралмасын өкініш боп өткеннен...

Көргім келді... шектеуіме көнбеспін
Жүрек қашан ақылынан адасқан?
Жұбатпайды! Жұбатпасын мені ешкім...
Мен ғана ма сезім үшін ар асқан?

Айтыңдаршы маған да енді бір ақыл?
Жүрегімді отқа салдым тоңды деп.
Қайтсем екен сезімімді сұрапыл,
Мүмкін оны көргім келді соңғы рет?!

Аңсадым...

Қиялға ерiп,
Берсем бе ерiк,
Күшiне елiк сезiмнiң?
Шырқатып әнiн,
Татсам ба дәмiн,
Сүймеген балғын кезiмнiң?

Аңғалақ көңiл,
Арманы биiк,
Жүрушi едi қырда бiр ерке.
Желөкпе өмiр,
Бал күнiн қиып,
Есейдi неге тым ерте?

Ақталмай сенiм,
Алдамшы бақта,
Келмеске кеттi бiлерiм.
Өткiншi сезiм,
Өртеген шақта,
Сүйгiздiң неге гүл ерiн?

Сүюден қашып,
Сенуден қалғам,
Арпалыс менде күнi-түн.
Құшағын ашып,
Сезiмге жалған,
Алдады қанша үмiтiм?

Уәделi сөздiң,
Сертiне күлем,
Жалғанын жүрек көргесiн.
Бәрiне төздiм,
Қорғаштап жүрем,
Жанымның бүркеп пердесiн.

Ырқына көнiп,
Шарасыз күнде,
Төбеме төнген барша мұң.
Көрмеген сүрiп,
Бiлмейтiн мүлдем,
Басқа өмiрдi аңсадым...

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер