2024 жылы кімдердің зейнетақысы мен жәрдемақысы өседі?

754
Adyrna.kz Telegram

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы қалай өсетінін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерін Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 7 пайызға, ынтымақты зейнетақыны - 9 пайызға, яғни инфляция деңгейінен екі пайызға жоғары көтеру көзделгені хабарланды.

"Бюджеттен жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ-дан төлемдерді есептемегенде) 2024 жылы 130 414 теңге (2023 жылы - 120 838 теңге) болады", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жылдық кезең ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны жыл сайынғы кезең-кезеңмен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ең көбі 120 пайызға дейін арттыру жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60-тан 65 пайызға дейін артады, бұл - 28 215 теңге, ең жоғары мөлшері - ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 пайызға дейін, бұл 45 578 теңге болады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды арттырудың кейбір мысалдары:

  • 1-ші, 2-ші, 3-ші бала туғанда төленетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі;
  • бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 4 балалы отбасыларға 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 балалы отбасыларға 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өседі;
  • I топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге, II топтағы мүгедектерге – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге, III топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін өседі.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша төлемдер 7 пайызға өседі. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша төленеді.

Пікірлер