Желіні шулатқан ресейлік сериалды әлі де тексеру туралы айтылады

766
Adyrna.kz Telegram

Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті ресейлік сенсациялық «Слово пацана. Кровь на асфалте» сериалын тексеруді сұрағанын хабарлады, - деп хабарлайды "Адырна" порталы. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Ішкі істер министрлігі комитеті ресейлік сериалдарды қазақстандық жастарға зиян деп санай ма және оған елімізде тыйым салуға бола ма деген сауал қойды.

Комитет өкілдерінің айтуынша, олар Мәдениет және ақпарат министрлігіне сериалдың заңсыздығына талдау жасауды сұрап хат жолдаған. Ведомство осылай деп есептесе, Қазақстанда «Жігітше сөз. Асфальттағы қан» туындысына тыйым салынуы мүмкін.

«Бізде Мәдениет және ақпарат министрлігі бар, олар онлайн-платформаларға мониторинг жүргізетін уәкілетті орган. Ал заңға сәйкес, заңсыз контент дегеніміз - конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге шақыру, елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін үгіт-насихат, соғысты насихаттау, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық, рулық басымдықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылық мәдениетін, суицид пен порнографияны, есірткіні және т.б. болып табылады. Мәдениет министрлігі бұл сериалдың заңсыздығын сараптайды. Егер олар оны заңсыз мазмұн деп тапса, тиісті шара қолданады», - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров.

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев заманауи тақырыпта жастарға қызықты сериалдар түсіретін болсақ, тек зорлық-зомбылықсыз, кісі өлтірусіз, қорлаусыз, суицидсіз контент болуы керек екенін жеткізді.

«Қысқасы, жастарды сәл басқаша тәрбиелеу үшін кейбір фильмдерді зорлық-зомбылықсыз түсіру керек. Осыған орай, теріс мағынадағы телесериалдарда министрдің, барлық аумақтық департаменттердің тапсырмасы бойынша, Білім министрлігімен бірлесе отырып, оқушылар мен студенттер арасында қылмыстық идеология тек не өлімге, не түрмеге апарады деген тақырыпта тиісті дәрістер өткізбесек, түбі жақсыдыққа апармайды, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Білім министрі Ғани Бейсембаев ресейлік «Жігітше сөз. Асфальттағы қан» сенсациялық сериалына Қазақстанда тыйым салу керек пе деген сұраққа жауап берген болатын.

Пікірлер