“Әділдік болмады”. Туыстары қайтыс болған сарбаздың денесін қазып алып, сараптама жасатты

1629
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында әскерде көз жұмған Алмас Шәкімовтің денесіне туыстары эксгумация жасатты, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі КТК-ға сілтеп.

Отан алдындағы борышын өтеуге өзі сұранып барған көкшетаулық жігіттің өлімі қатты дауылдан болды дейді жауаптылар. Алайда марқұмның туыстары кісі қолынан өлгенін қалайда дәлелдейміз деп бекінген.

“Алматының әскери прокуратурасынан әділдік болмады. Өзіміздің Бас прокуратураға, Астананың әскери прокуратурасына, бәріне бардық. Бәрінен де әділдік, шындық болмады. Өзімізге қарсы шығып істі жаппақшы болды”, – дейді сарбаздың әжесі Күлмайда Туғанбаева.

Мүрдені қара жерден қазып алуға тәуекел еткен сарбаздың ет-жақындары оның денесінде сау жері болмағанын айтады. Иығы, екі аяғы, аяқ сынған, санына шеге тыққан, басы жарылған.

"Мұның барлығы әскердегі әлімжеттік, Алмастың ажалы адам қолынан болды", дейді туған-туысқандары.

19 жастағы Алмас Шәкімов есімді азамат Алматы іргесіндегі полигондардың бірінде әскери жаттығу кезінде құмды дауыл басталып, өзге сарбаздарды құтқарып жатқанда мерт болған.

Әскери басшылығы оның басына темір құрастырмалы палатка құлады деп рапорт бергенін еске саламыз.

Пікірлер