Алашорданың әділет министрі

2570
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Бүгін - Алашорданың әділет министрі болған, 1-2 мемлекеттік Думаның мүшесі болған заңгер Ахмет Бірімжановтың туған күні.

Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы - 1871 жылы Торғай уезі Тосын болысының №1 ауылында дүниеге келген қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер.  Шақшақ Жәнібек батырдың тікелей ұрпағы.

Халық ортасында әділдігімен көрінген қайраткер Торғай облысынан 1906-1907 жылдары Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланған. Думада ол мұсылман фракциясының белсенді мүшесі болған. І Думаның мәжілісінде қазақ депутаттарын аграрлық комиссияға енгізу туралы мәселе қойған. 1906 жылы Қазақ даласына заңсыз орналасушылар мен олардың орынсыз басып алынған жерлері туралы бір топ қайраткерлермен бірге Министрлер кеңесіне сұрау салады. ІІ Думада қазақтың жеріне байланысты нақты мәселе көтеріп, мұсылман фракциясының қатысуымен аграрлық заң жобасын даярлауға қатысқан.

1917 жылы көктемнен бастап, Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссары, кейіннен Уақытша үкіметтің Қостанай уездік комиссары болып тағайындалған. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінде Торғай облысы қазақтарының атынан Бүкілресейлік құрылтайға депутат болып сайланып, Екінші жалпықазақ съезінде А.Бірімжанов Алашорда үкіметі - Ұлт Кеңесінің құрамына сайланған. Сол жылғы желтоқсанда ол «Алаш» партиясының Торғай облыстық комитеті 14 мүшесінің бірі болған. Алашорда үкіметі мүшелерінің Уфада өткен кеңесіне қатысып, Алашорда әділет министрі болған.

1918-1926 жылдары Семейдің заң кеңесшісі, Орынбор мен Қызылорда қалалары Қазақ АКСР-і Ішкі істер, Заң халық комитеттерінің, Жоғарғы Сот Төралқасының кеңесшісі, алқа мүшесі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

А.Бірімжанов 1927 жылы Ленинградта (Санкт-Петербор) қайтыс болып, Волков зиратына жерленген.

Отбасында әйелі Гүлжауһар - Əбілқайыр ханның шөбересі. Ұлы Батырбек (1911-1985) - химик, аспирант. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетінің деканы. Қызы Іңкəр (1915-2002) - мұғалім, ғылым докторы, АММИ-ның қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер