Роналдуны Рудакидің жерлестері күтіп еді. Визасы да берілген

1702
Adyrna.kz Telegram

Бүгін футбол жанкүйерлері әйгілі Криштиану Роналдуны Тәжікстан астанасы Душанбеде күтіп еді. «Виза алды» дегелі оның жолына қарап көзі талғандар көп  болған.  Ертең Душанбеде Тәжікстанның «Истиқлол» командасы Сауд Арабиясының «Әл-Наср» командасымен кездеседі.

АФК (Азия футбол конфедерациясы) 2023/24 маусымындағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің алтыншы турында Тәжікстанның «Истиқлол» командасымен Сауд Арабиясының «Әл-Наср» командасымен кездеседі. Алайда соңғы сәтте көпшілік күткен әйгілі футболшы Криштиану Роналдуның Душанбеге келмейтіні белгілі болды. «Е» тобындағы футболдан Тәжікстан мен Сауд Арабиясының чемпиондары арасындағы соңғы тур ойыны сейсенбі, 5 желтоқсан күні Душанбенің Орталық стадионында сағат 21:00-де басталады.

КРИШТИАНУ ТӘЖІКСТАНҒА КЕЛУДЕН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?

«Истиқлол» футбол клубының баспасөз хатшысы Рустам Хакимов 30 қарашада Орталық стадионның кассаларында аталған матчқа 10 мыңнан астам билет сатылып кеткенін айтты. Халық Роналдуны Душанбеге келеді деп күткен. Оның осы сапары үшін визасы берілгені де хабарланған.

Бірақ бүгін Роналдуның келмейтіні жайлы ақпаратты «Азия-Плюс» агенттігіне «Истиқлол» футбол клубы растады.

Football-fun-live.com сайты АФК Чемпиондар лигасының соңғы турында «Истиқлолмен» матчта Криштиану Роналдуның есімі жоқ екенін жазды.

Varzish спорт арнасының хабарлауынша, Роналдуның ирандық «Персеполиске» қарсы ойында алған жарақаты оның бұл кездесуге қатысуына кедергі болған.

«Душанбедегі орталық стадионда ойынға билеттер үш санат бойынша сатылады. Батыс стендіне бірінші санаттағы билеттің бағасы 300 сомони (27 доллар шамасында) тұрады. Қалған трибуналар үшін екінші санаттағы билет бағасы – 100 сомони (9 доллар шамасы). Құны 3000 (274 доллар) сомони тұратын VIP билеттер де бар», - деген әуелде Рустам Хакимов.

Е тобындағы ирандық «Персеполис» пен қатарлық «Ад-Духайл» арасындағы екінші ойын да 5 желтоқсанда Тегерандағы «Озоди» стадионында өтеді.

Еске салайық, 2 қазан күні Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы «Аль-Авал Парк» стадионында өткен топтық турнирдің екінші айналымындағы «Әл-Наср» мен «Истиқлол» арасындағы бірінші ойында «Истиқлолдың» қарсыластары 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл ойынды кейін теледидардан 200 миллионнан астам көрермен тамашалады. Бұл – Азия чемпиондар лигасының тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

«ӘЛ-НАСР» ПЛЕЙ-ОФФТА

Қазіргі уақытта Е тобының турнирлік кестесінде «Әл-Наср» командасы 13 ұпаймен бірінші орында тұр. «Әл-Наср» осы топта мерзімінен бұрын бірінші орынға шығып, биылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Екінші орында 8 ұпаймен ирандық «Персеполис» тұр. Бұл команданың келесі кезеңге өту мүмкіндігі әлі де бар. Қатардың «Ад-Духайл» командасы 4 ұпаймен үшінші орында. Соңғы орында 2 ұпаймен Тәжікстанның «Истиқлолы» тұр. Бұл екі команда да осы маусымда одан әрі бәсекеге түсу мүмкіндігінен айырылды.

«ИСТИҚЛОЛ» ТЕҢ ЕСЕП КӨРСЕТЕДІ»

Футбол сарапшылары азиялық текетірестегі халық назарындағы матчқа баға беріп үлгерді. Олар тәжіктер өз алаңында Роналдуның құрамасына басымдық бермейді деп отыр.

Душанбе құрамасының бас бапкері Игорь Черевченко алдыңғы матч туралы:

«Балалық қателіктің салдарынан екі бірдей және ұяттау гол жіберіп алдық. Ойынға келсек, жігіттерге өкпем жоқ. Матчта гол соғатын жақсы мүмкіндіктеріміз де болды. Бірақ, өкінішке қарай, оларды жүзеге асыру мүмкін болмады» деді ол.

Тәжікстан құрамасының бұрынғы ойыншысы, қазіргі бапкер Хикмат Фузайлов «Истиқлол» мен «Әл-Наср» кездесуі тең аяқталады дейді:

«Душанбе стадионының жасанды алаңы мен жанкүйерлердің қолдауы сияқты факторлар да тең нәтижедегі ойынды сипаттайды. Оның үстіне тапсырма орындалды, команда топтан бірінші орынмен шығып тұр. Бірақ «Истиқлол» өз намысы, жанкүйерлері үшін күреседі, бұл сөзсіз. Нәтижесінде тең ойын болады», - деп болжамын түйіндеді Фузайлов.

Еске сала кетейік, Криштиану Роналдуның биылғы қыркүйек айында Тегеранға келуі жергілікті жанкүйерлер арасында үлкен шуға ұласқан еді.

Мыңдаған жанкүйер Иран астанасын лық толтырып, жол бойында және португалдық футболшы тұрған қонақүй маңын торуылдаған болатын. Өз кумирлерін тірідей көретініне сенбеген ирандық жанкүйерлері көз жастарына ерік берген еді. Ал Рудакидің еліне келеді деген Руналдуның соңғы сәтте келмейтіні белгілі болды.

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер