Сонымен, Талдықорған маңайындағы тарихи петроглифтерді аяусыз жойып жатқан кімдер екені белгілі болды.
Тарихи кешенді карьерге айналдырып, қиыршық тас алып жатқан “Темірбетон” өндірістік компаниясы екен. Ол “АСПМК-519” холдингінің құрамына кіреді.
Ең өкініштісі, петроглифтер орналасқан аумақты құрылыс алаңына айналдыруға рұқсат бергендер - тарихшылар. Ол - “Қазархеология” ЖШС және оның басшысы Жұман Смайылов, археолог, тарих ғылымының кандидаты.
Талдықорғандықтар үгітілген петроглиф тастардан салынған үйде тұрып жатқанын біле ме екен?
“Темірбетон” өндірістік компаниясы қиыршық тасты үй салуға пайдаланып жатыр.
Ольга Гумирова бастаған ғылыми волонтерлар дабыл қаққалы қаншама уақыт өтсе де жағдай түзелер емес.
Кезінде көне Талхиз қалашығының үстіне автожол салуға рұқсат берген де осы ЖШС екен. Бұл қалашық ЮНЕСКО мәдени мұра тізіміне енген.
Жақында бір халықаралық конференцияда сөйлеген ЮНЕСКО өкілі қазақстандықтар көне тарихи мұраны жоюын тоқтатпаса тізімнен шығаратындарын тіке айтқанын өз құлағыммен естігем. Шетелдік мамандардан ұят болды.
Былтыр Археология институтында өткен конференцияда осы салада 163 ЖШС бар екені айтылған. Пайдасы болмаса осынша серіктестік құрыла ма?
Ашкөз, тек пайда көздеген кәсіпкерлерге тарихи ескерткіштің түкке керегі жоқ.
Әлемде теңдесі жоқ петроглифтер кешенін сақтап қалу бәрімізге сын.
Ольга Настюкованың журналистік зерттеуін Shishkin_like телеграм-арнасынан оқи аласыздар.