Павлодар облысы 135 171 812 теңгеге 2 162 749 дана қарағай көшетін сатып алмақ

1161
Adyrna.kz Telegram

 «Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына» қарасты «Максим-Горький орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме» 2024 жылы 135 171 812 теңгеге 2 162 749 дана қарағай көшетін сатып алмақ, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы https://satypalu.gov.kz/kz/ сайтына сілтеме жасап.

«Павлодар облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» 2024 жылы 2 миллион данадан аса қарағай көшетін егу мақсатындағы тендерді  28 қараша күні тендер жариялаған.  Жеңімпаз компания 13 желтоқсан күні анықталмақ.

Құны 135 171 812 теңгеге бағаланған мемлекеттік сатып алудың техникалық сипаттамасында тауарды компания көрсетілген жерге жеткізгеннен кейін сатушының жауапкершілігі аяқталатыны жазылған. Яғни, көшеттерді егу, күту, баптау жұмыстары 135 171 812 теңгеге кірмейді деген сөз. Демек, 135 171 812 теңгеге 2 162 749 дана сатып алатын болса, қарағай көшетінің әр данасы 62.5 теңгеден болуы тиіс деген сөз.

Сондай-ақ, қарағай көшетінің жасы 2 жастан кем емес және 3 жастан аспайтын, сабақтың биіктігі 10 см-ден кем емес және 15 см-ден аспайтын,  тамыр мойнындағы сабақтың қалыңдығы кемінде 2,5 мм, тамыр жүйесінің ұзындығы кемінде 20 см және 30 см-ден аспайтын болуы және  2024 жылдың 1-10 сәуір аралығында – 1 142 800 дана, 2024 жылдың 15-20 қыркүйек аралығында 1 019 949 дана жеткізілуі керектігі көрсетілген.

Бұл көшеттер Павлодар облысының Тереңкөл ауданына қарасты Бобровка ауылдық округінің Қашыр орманшылығына егіледі.

Техникалық сипаттамада көрсетілген өлшемдерге сәйкес көшеттердің бағасы интернетте 25-30 теңгеден самсап тұр.

Бізді енді мынандай сұрақтар мазалайды. Павлодар облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы әр дананы 62.5 теңгеге қандай негізге сүйеніп бағалап отыр? Сонымен қатар, көрсетілген аумаққа 2 162 749 көшет егілгенін қалай бақылайды? Оны бақылау үшін арнайы коммиссия құрылған ба? Көшеттердің өніп, жерсініп кетуіне кім кепілдік береді? Тапсырыс беруші мекеме 2 миллионнан астам көшеттердің толықтай егілгенін қалай дәлелдейді?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Жауап келіп жатса, оны да жариялайтын боламыз.

Қанат Бірлікұлы,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер