Қарашаның соты. Жыланбаевтың соңғы сөзі екі жарым сағатқа созылды

1987
Adyrna.kz Telegram
Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz

28 қарашада Астананың аудандық сотында белгілі марафоншы Марат Жыланбаев соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Адвокат Мейіржан Досқараев Марат Жыланбаевтың соттағы соңғы сөзі екі жарым сағатқа созылғанын айтты. Сондай-ақ айыпталушыға қатысты сот үкімі 29 қарашада жариялануы мүмкін екенін ескертті.

Бұған дейін прокурор соттан Марат Жыланбаевты 10 жылға түрмеге қамауды сұраған болатын.

«17 қарашада Астанада белгілі марафоншы, «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың лидері Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сотта жарыссөз өтті. Сот отырысы кезінде прокурор судья Сабыржан Кәрімовтен сотталушы Марат Жыланбаевты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған», - дейді Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев.

Жыланбаевтың соңғы сөзін айтқан сот отырысына адамдар жіберілмеген, отырыс жабық жағдайда өткен.

Марат Жыланбаев осы жылдың мамыр айында қамауға алынған. Полиция қаулысында қоғам белсендісінің Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының ұйымдастырушылары мен қатысушыларының чатында болғаны, осы қозғалыстың негізін қалаушы Мұхтар Әблязовпен байланыста болғаны, сондай-ақ қозғалыстан «Қазақстандағы конституциялық құрылысты өзгерту» мақсатын "қолдағаны" үшін айып тағылған.

Жыланбаев 17 наурызда өткізген акциясы үшін 3 мамырдан бері әкімшілік қамауға алынды. 23 наурызда Жыланбаев бостандыққа шығуы керек еді, бірақ ол босатылған жоқ. Кейін белгілі болғандай, полиция оны экстремизмге қарсы күрес бөліміне апарып, сол күні Жыланбаевтың саяжайында тінту жүргізіп, флэш-диск, телефон және «Алға, Қазақстан!» жазуы бар бірнеше футболка тәркіледі.

Марат Жыланбаев - 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды ​​облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 1990 жылдары Қарақұм, Сахара, Үлкен Виктория және Невада сияқты ең үлкен шөлдерді басып өткен әлемдегі жалғыз марафоншы. Гиннестің рекордтар кітабына жеті рет енген.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер