«Түркі тегі құрылтайын өткізу керек». Академик Оразалы Сәбден үндеу жасады

1309
Adyrna.kz Telegram
Фото: abai.kz
Фото: abai.kz

Белгілі академик Оразалы Сәбден бүкіл түркі тілдес халықтарға үндеу жасады. Бұл туралы ол ютуб желісіне жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ғалымның айтуынша, жемқорлықты жойып, жаңашылдыққа бет бұруымыз керек.

“Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы! Нағыз қазақ енді алданбау керек! Егемендік алғалы осы күнге дейін барлық мүмкіндіктерді тек баюға салу, жеке бастың қамы үшін жасау және оның кішкентай айналасындағылардың баюына, мақсат-мүддесіне салу, бұл - бұрынғы жүйенің, бұрынғы биліктің, ескі Қазақстанның негізгі идеологиясы болды. Жалпы идеология деген олар үшін тек баю, басқаны ойламау. Қазақ халқы алданды, өкінішке қарай. Академик Зимановтан бастап, ізгілікті жолды, дамуды қанша біз жазсақ та, айтсақ та тыңдамады. Керісінше, қысым, қиянат жасалды. Академик Қаныш Сәтпаев бастап құрған Мемлекеттік ғылым академиясын жауып тастау, ол -ғылымның тамырына балта шабу. Жақында ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Ғылым академиясын мемлекеттік етіп, өз тұғырына қондырды. Міне, енді ғылымға, ғалымдарға жол ашылды. Енді біз тек осындай келеңсіздіктен бас тартып, жаңа білімге, ғылымның жетістігіне, оны іске асыруға, рухани кемелденуге, қоғамды ізгілендіруге, енді халықтың жағдайын ойлау керек. Халықтың күнкөріс деңгейін көтеру керек. Әр отбасына жағдай жасау керек”, деді академик.

Сондай-ақ, ол түркі тілдес елдер бірігіп, Түркі одағын құруды ұсынды.

“Шаш етектей байлықтың үстінде отырмыз. Бұрынғыдай ұрлауды қойып, коррупцияға балта шапсақ, бәрі түзеледі. Мен енді ғалым ретінде айтайын, алдымызда рухани революция тұр. Ол интеллектуалды экономика, нейротехнология, жасанды интеллект, қоғамды гуманизациялаудан басталады. Міне, енді біз осыларды игеруге тырысуымыз керек. Алдымызда жаңа өркениет ғасыры. Жаңа формация, интегралды қоғам, гуманитарлық ноосфералық цивилизация есікті қағып тұр. Ол бүкіл адамзаттың бірігуімен іске асады деген сөз. Бізде соның қабырғасына бір кірпіш болып қалансақ, дұрыс болар еді. Сонда ғана біздің түркі тегіміздің Еуразия құрлығындағы ең жоғаоы империя болғанымызды екінші рет әлемге дәлелдеуіміз мүмкін. Ол үшін не істеу керек? Жоба жасалды. Еуропа одағы сияқты, түркі тегі деген одақ құруымыз керек. Түркістанда түркі тілдес 220 млн халықтардың өкілеттілігін жинап,  Ұлы Жібек жолында тұңғыш рет әлемнің Түркі тегі құрылтайын өткізу керек. 6 мемлекет басшылары шешім шығарып, “Түркістан-Тұран” декларациясын қабылдау керек және Түркі одағын құру қажет.

Негізгі стратегиялық мақсат- Ұлы Жібек жолында Түркі тілдес халықтардың рухани, мәдени, тарихи жағынан әлемдік деңгейде бәсекелес қылу. Міне, Жаңа Қазақстан өкілдері, осы идеяма мән берулеріңізді өтінемін”, деді ғалым Оразалы Сәбден.

Пікірлер