АСЫЛХАН МАМАШҰЛЫ: Қонаевтан қағажу, Назарбаевтан шетқақпай көрген еді

1529
Adyrna.kz Telegram

Екі жыл бұрын Арыстан бабтың кесенесіне бардым. Зияратшылары бар, туристері бар, адам құжынап жүр.

- Осы маңда Өзбекәлі Жәнібеков жатыр деп еді, қай жағынан іздесек болады?-дедім бірер адамға.

- Тура жүз, сосын солға жүз аттасаң алдыңнан шығады,- деді.

Күнде келіп жатқан жоқпыз, Құран оқып кетейік деп жақындасақ, кесене сыртында ұзын-сонар кезек тұр.

Әдемі кесене Арыстан баб кешенінің ансамблімен үйлесе қалыпты. Қабір үстіне қойтас қойған, жасыл мата жабылған.

Дұғамызды оқып, асықпай қарап, сыртқа ұзап шыққан соң күлдім. Басымды шайқап-шайқап қоямын.

- Не болды, неге күлдің?- дейді қасымдағы кісі.

– Ойпырмай, Құдайдың құдыреті-ай, бұл кісі Қонаевтан қағажу, Назарбаевтан шетқақпай көрген еді. Ал енді мына жатысын қара. Арыстан бабқа келген мың сан адам Өзбекәлінің басына да барып, үздіксіз дұға жасап кетіп жатыр. Мұнан артық қандай пантеон керек? Дәл мұндай құрмет басқа ешкімде жоқ,-дедім.

2018 жылы, әлі Назарбаев күшінде тұрғанда “Тәуелсіздіктен соң биліктен шеттетілген Өзбекәлі Жәнібеков” дейтін мақала жазам деп бұл кісіні біраз зерттегенім бар еді.

Сонда ұққаным, бұл адам қазақ мәдениетіне шын мәнінде зор үлес қосқан, зор интеллектуал тұлға екен.

Бірақ бір үлкен қателік жіберген екен дедім іштей).

Назарбаевты Қарағандыда жүрген жерінен байқап, өжет жігіт ысыла берсін деп Мәскеуге комсомол жиындарына тартып, көп алдында сөйлетіп жетелеген ғой.

1991 жылы тамызда компартия тараған күні Назарбаев Өзбекәлі Жәнібековті тура алпыс жасында, кемеліне келіп тұрғанда зейнетке шығарып жіберген. Назарбаев мұндай тұлғаларды маңында ұстамайтын әдеті емес пе?

Кеше Sanjar Kerimbay бастаған “Отбасы хрестоматиясы” баспасы Орталық музейде Өзбекәлі Жәнібеков туралы кітабының тұсаукесерін өткізді.

Сонда Өзбекәлінің өзінен аумайтын бір кісімен сөйлесіп, көкейімде жүрген сұрақты қойдым. Баласы екен.

- Ол кісі зейнетке денсаулығына байланысты шығып па еді?-дедім.

- Жоға, денсаулығы тастай болатын. Жұмыссыз қалғаны жанына батты.

“Өзбекәлі Жәнібековтің істеген ісін жай тізіп шығу үшін ғана бір кітап керек” дейтін Шерхан Мұртазаның сөзі бар.  Осы жолы “Отбасы хрестоматиясы” соның орнын толтырыпты.

Өкіметтен бір тиын алмай қазақ баспа ісін дамытып жүрген жігіттерге Алла разы болсын!

 

Асылхан Мамашұлы

 

 

 

 

Пікірлер