Шанхай ынтымақтастық ұйымның бақылаушылары алты аймақты бақылайтын болады
Шанхай ынтымақтастық ұйымның бас хатшысы Владимир Норов бастаған байқаушылар тобы сайлауды бақылау үшін елордаға келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, ШЫҰ миссиясы 25 адамнан тұрады. Олардың дені – ұйымға мүше мемлекеттердің заң шығарушы, атқарушы және сайлау органдарында жұмыс істейтін қызметкерлер.
ШЫҰ миссиясы қай қалаларда жүреді
"Біздің миссиямыз бақылау шараларын бастап кетті деуге болады. Қазіргі кезде олар сайлауға дайындық мәселелерін қадағалап жүр. Ұйымның өкілдері Қазақстанның жеті қаласына жіберілді. Олардың ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Атырау мен Өскемен бар. Бұдан бөлек, осы қалалар кіретін алты аймақты қамтимыз", - деді Норов Орталық сайлау комиссиясында өткен бирфингте. ШЫҰ бақылаушылары 7 маусымда сайлауды ұйымдастыру шараларына қадағалауға толығымен кіріседі. Ал 9 маусымда дауыс беруді жан-жақты бақылайды."Әрине, Қазақстанның сайлау заңнамасында көп жаңалықтар енгізілді. Ондай тәжірибе Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үшін үлгі болады деп сенеміз. Қазақстанда әйел адам алғаш рет президенттік сайлауда өз кандидатурасын ұсынып отыр. Сосын әрбір кандидаттың сайлауалды бағдарламасында да біраз мәселе көтерілді", - деп атап өтті Норов.