Еуроматчқа жол. Магомед неден мүдірді, ұлттық құрамаға не жетпеді?

6428
Adyrna.kz Telegram

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы ЕУРО іріктеу турнирының финалына дейін жетті. Ақтық ойында Словениядан ұтылып, маусымды аяқтады. Жеңіске не жетпеді, оза шабуға не кедергі болды? Осыған жеткізген жетістік неге жеміс бермеді. Сарапшылар ойларын йтты.

Кеше, 21 қараша күні ұлттық құрама ойыншылары Словениядан елге ұшып келді. Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро іріктеуінде Н тобына түсіп, барлығы 10 ойын өткізді. Оның алтауын жеңіспен аяқтап, төртеуінде қарсыласқа есе жіберді. Ел жадында 26 наурыз күні Даниямен болған ойын тарихтағы үздік камбэк ретінде есте қалды. Ал 20 қараша күні ақтық ойында біздің жігіттер Словениямен ойында 1:2 есебімен есе жіберді.

«ЖЕҢУГЕ ДЕ БОЛАДЫ»

Ұлттық құрама ойыншылары Словениядан келгенде жанкүйерлер оларды Астана әуежайынан қуана қарсы салды. Десе де футболшыларымыздың қалаған нәтижелеріне жете алмай, салы суға кеткенін байқадық. Жанкүйерлерге алғыс айтқан бас бапкер Магомед Адиев маусым үшін ойыншыларға және жанкүйерлерге ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта “қарсыластан есе қайтармай қоймайтынын” да қоса кетті.

“Сіздердің көз жастарыңыз бен реніштеріңіз жауапсыз қалмайды. Біз олардан кек алмай қоймаймыз” деді ол.

Мұнымен қоса Любляна стадионынан тікелей эфирде комментаторлық еткен Ермұхаммед Мәуленнің словениялықтардың екінші голына деген реакциясы желіде қызу талқыға түсті.

«Ұлылық - қарапайымдылықта. Бұл ұлы ойынның соншама оңай екенін түсіну қандай қиын. Еуропа деп қорқып жүрсек, көзімізге қос көрініпті. Ойнауға да, жеңуге де болады. Алдымен мақсат қоясың, сосын соған ұмтыласың. Ұжым болып бірігіп, жігерге-жігер қосып алаңға шығасың! Тіпті, намысты жанып жіберуді үйренесің. Бірақ, мұның да әлі жеткіліксіз екенін сезінесің. Айла мен тәсіл керек. Ал соңында тәжірибиенің жоқтығы білінеді. Әр нәрсе өз кезегімен келетініне көз жеткізесің. Кезегі келгенде тек кежегең кейін тартпаса болды. Жеңіліп-жеңіліп, түбінде бір желпінесің. Салқын Словенияның қақ ортасындағы «Еуростарс» қонақүйінде отырып түн тыныштығымен осы сөздерді теріп шықтым. Ал елде қазақ футболының таңы атып келе жатты…» - деп жазды Ермұхамед.

Айта кетейік, тарихта 17 рет ұйымдастырылып отырған ЕУРО-2024 ойындары Германияда өтеді. Аталған шешім 2018 жылы қабылданды.

МАГОМЕДТІҢ МҮЛТ КЕТКЕН МИНУТТАРЫ

Көрермен ұлттық құрама бапкері Магомед Адиевтің еңбегіне түрліше баға беруде. Бірі ойыншылар құрамын жасақтауда қателік жасады десе, бірі дұрыс шешім қабылдады деп қос ойлы болуда. Бұған қатысты журналист, футбол сарапшысы Есет Төлештің пікірін сұрадық.

- Магомед Адиев бұған дейінгі матчтарда екінші таймға құраманы жақсы дайындайтын. Ауысымдары да дәл еді. Соның арқасында талай камбэк жасады. Матч соңында қаншама рет жеңіс голын соқтық. Осы ойында да бәрі екінші таймда жақсы басталған. Бірақ бұл матчта Адиевтің ауысымдары түсініксіздеу болды маған. Ойыны жүрмей жатқан Сергей Малыйды ауыстырған жоқ. Шабуылға бірінші болып жас, тәжірибесіз Свиридовті шығарды. Ал көп жанкүйер күткен Абат Айымбетов соңғы 1,5 минутқа ғана алаңға шықты. Ойыннан кейін Адиевтің өзі бар жауапкершілікті өз мойнына алғаны содан деп ойлаймын. Абатты ертерек шығару керек еді, - дейді ол.

Есет Төлештің пікірін журналист Оңғар Қабден де қуаттады.

- Адиевтің мүлт кеткен тұсы қосалқы ойыншыларды ертерек алмастыруы керек еді. Тың ойыншыларды 60-70 минутта алаңға шығара беру керек еді. Жігіттердің ойынынан шаршап жүргендері көрініп тұрды. Басты қатесі - футболшыларды тым кеш алмастырып қойды. Бірақ Адиевті де түсінуге болады. Меніңше, ауыстыратын адам да болмаған секілді, - деді Оңғар Қабден.

«ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ ҮЗДІК МАУСЫМ»

Есет Төлеш осы матчқа жету жолының өзі жетістік болғанын айтады.

- Құраманың осы іріктеудегі ойынына 5 ұпайлық шкаламен 5 деген баға беруге болады. Соңғы бір матч үшін бұған дейінгі жетістіктерді сызып тастауға болмайды. Қанша дегенмен, іріктеудің басында біз үшінші орын аламыз десек, бәрі қуана келісер еді. Эмоция, қуаныш, камбэктер — былтырдан бері барша қазақстандыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Әр матчта аншлаг, соңғы минутта гол соғу дәстүрін қалыптастырды. Сондықтан дәл қазір біздің жігіттерге тек қолдау білдіру керек, - дейді Есет Төлеш.

Оңғар Қабден де Қазақстан құрамасы осы маусымда сөзсіз үздік ойын көрсетті деп санайды.

- Бұл жанкүйерлердің қолдауынан-ақ білініп тұрды. Бұрын адам бармайтын ұлттық құраманың ойындарына билет табылмай қалды. Жігіттер барын салды және бүкіл халық оларға риза. Еуропаның мықты-мықты құрамаларымен тайталасу оңай дүние емес. Финляндия, Дания сынды құрамалардың өз алаңдарында жеңдік. Кешегі Словенияның өзімен текетіресіп барып, әрең жеңілдік. Осы жылы Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихындағы ең үздік маусымын өткізді. Алдағы уақытта да жақсы жаңалықтармен қуантады деп сенеміз. Жалпы ойындарына 5+ деген баға беретін едім. Өйткені қазіргі ұлттық құраманың ойындарына шетелдік, еуропалық скауттар келіп қатысатын деңгейге жеттік. Кешегі Нұралы Әліп, Рамазан Оразов, Ислам Чесноков, Максим Самородовтарды скауттар бақылап отырды. Яғни, осы маусымдағы ойын ерен еңбектің, керемет ауызбіршіліктің нәтижесі болды. Іріктеу турнирын 18 ұпаймен аяқтады. Басқа топтағы командалар 14-15 ұпаймен топтан шығып кетіп жатты, - деді Оңғар Қабден.

“СЛОВЕНИЯҒА ЖАҚТАСТЫ ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫЗ”

Словенияның астанасы Любляна қаласында өткен ойында әлем чемпионатының финалында Аргентина мен Франция матчында қызмет еткен Шимон Марчиняк төреші болды. Ойын барысында 5 сары қағаз көрсетіліп, бір пенальти тіркелді. Қоса кетер болсақ, аталмыш ойынға төрелік етуді Марчинякқа тапсыру УЕФА президенті, словениялық Александр Чефериннің шешімі болды деседі. Чеферин 2016 жылдан бері президенттік қызмет атқарып келеді.

Марчиняктың Чефериннің шақыртуымен байланысы бар-жоқтығына қатысты журналист, футбол сарапшысы Есет Төлеш осылайша пікір білдірді.

- Шимон Марчиняк – тәжірибелі төреші. Қанша дегенмен, кейінгі бір жылда әлем чемпионаты мен Чемпиондар лигасының финалында қазылық еткен. Кеше тағы бір финалда төрелік етті деуге болады. Марчиняк словениялық емес, бұл жерге Александр Чеферинді қосып, қандай да бір қастандық теориясын ойлаудың керегі жоқ деп санаймын. Марчиняк әрбір мини-фолға ысқырық шала бергені болмаса, Словенияға жақтасты деп айта алмаймыз. Біздің қақпаға белгіленген пенальти де орынды, Ян Вороговский ойын тәртібін бұзғаны рас. Бұл біздің құраманың қателігі, - деді ол.

Осы жайтқа қатысты журналист Оңғар Қабден де ойын айтты:

- Словениямен болған ойын өте маңызды матчтардың бірі болғандықтан оған Марчиняк секілді өте білікті, тәжірибелі төрешінің шақыртылуы орынды. Марчиняк ешқандай қателік жіберген жоқ. Өте тамаша қазылық етті. Пенальтиге келетін болсақ, бұл - Ян Вороговскийдің таза қателігі. Аутқа жіберудің орнына доптың қасында өбектеп, солақаймен тебемін деп қарсыластың аяғынан тепті, - деді ол.

 

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық құрамасы

Пікірлер