"Ақбөкен және ірі қара етін өңдеу үшін". Қытайлықтар БҚО-дан 100 мың гектар жер сұрап отыр

3921
Adyrna.kz Telegram
EcoJer
EcoJer

Қытайлық инвесторлар Батыс Қазақстан облысынан 100 мың гектар жер сұрап отыр. Олар телімді жалға алу арқылы аймақта ақбөкен етін өңдейтін зауыт ашпақшы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Аймақ басшысы қытайлықтардың әкімдікке шамамен екі ай бұрын жүгінгенін мәлімдеді.

«Шетелдіктер қазақстандық әріптестерімен бірге зауыт салуға ниет білдірді. Бұл кәсіпорын ақбөкен мен ірі қара мал етін толық өңдеуді жоспарлап отыр. Біз олардың ұсынысын тыңдап, өз шарттарымызды ортаға салдық. Компания аймақта тіркелуі керек, сәйкесінше барлық салық шегерімдері аймақ бюджетін толықтырады. Зауыт жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуы керек. Инвесторлар өз міндеттемелерін орындауы тиіс. Әйтпесе, жер тәркіленеді. Шартқа келісіп, қаржы тапса, жерді береміз. Қорқатын ештеңе жоқ, олар жерге иелік ете алмайды, қайта сата алмайды. Біз үшін өңірге инвестиция тарту – басты міндет», – деді Нариман Төреғалиев.

Әкім бұл мәселенің келіссөздер сатысында екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін қытайлық инвесторларға Ұлытау облысынан 20 мың гектар жер телімі бөлінгені айтылған еді. Қазан айында Sinohydro, ТехноГруппСервис компаниялары және Ұлытау облысының әкімдігі арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Рәсім барысында жоспарланған жобалардың 2060 жылға дейін Қазақстанда көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталғаны айтылды.

Пікірлер