Қазақстан +997 кодынан бас тартып, тағы да Ресеймен бірге екенін паш етті

2397
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан +7 телефон кодын өзгеріссіз қалдырады. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігі жаңа кодқа көшуге болатынын, бірақ қаржылық және технологиялық проблемалар туындайтынын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Министрліктің мәліметінше, жеке кодты алу мақсатында 2021 жылы Қазақстан +997 халықаралық телефон кодын резервке қойған. Бірақ соны енгізуге қаржылық жағдай мен басқа да бірқатар мәселелер қолбайлау екені айтылып отыр.

"ҚАРЖЫЛЫҚ, ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАР"

Министрлік осы жағдай түсіндірген хабарламасында жағдайдың қандай екенін түсіндіреді.

"Қазақстан мен Ресейдің байланыс ведомстволары арасында жасалған «Дүниежүзілік нөмірлеудің 7-аймағының нөмірленуін пайдалану туралы» 2006 жылғы 17 маусымдағы келісімге сәйкес, Қазақстан қазіргі уақытта Ресей Федерациясымен бірлесіп «+7» интеграцияланған халықаралық кодын пайдаланады. Жеке кодты алу мақсатында 2021 жылы Қазақстан +997 халықаралық телефон кодын резервке қойды. Байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін пысықтауда жаңа кодқа көшуге болатыны, бірақ бірқатар қаржылық және технологиялық проблемаларға әкеп соқтыратыны айтылды", - деп жазылған Цифрлық даму министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар, отандық байланыс операторларының барлық абоненттеріне мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілерді және түрлі қосымшаларды алу үшін барлық сервистерде өз деректерін жаңарту қажеттілігі туындайды. Тиісінше, өтпелі кезеңде сәтсіздіктер мен жағымсыз тәжірибелер ықтималдығы жоғары екені айтылады.

РЕСЕЙМЕН ЖАҢА КЕЛІСІМ

Цифрлық даму министрлігі осы орайда Ресеймен келіссөз жүргізілгенінен құлағдар еткен.

"Министрлік халықаралық телекоммуникация одағымен қайта келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгертпей қалдыру туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігімен Ресей Федерациясының үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасында дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағының нөмірін пайдалану туралы жаңа келісім жасау мәселесі пысықталды. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік органдармен және мүдделі тараптармен келісілген. Келісу нәтижелері бойынша жоба Ресей Федерациясындағы дипломатиялық арналар арқылы жіберілді», - дейді ведомство.

Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы жағында мемлекетішілік қайта келісу рәсімдері жүріп жатыр. Әрі қарай жобаны келісу туралы Ресей Федерациясының нотасын алған соң келісімге қол қою және қабылдау жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, Қазақстан «+7» халықаралық кодын КСРО ыдырағаннан бері қолданып келеді. 2006 жылы Ресеймен тиісті келісімге қол қойды. 2021 жылы Қазақстан +997 халықаралық телефон кодын резервке қойған.

2021 жылдың қыркүйегінде Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған нөмірді резервтеуді «символдық» деп атады.

«Бұрын біз Ресеймен бірге +7 кодын бөлісетін едік, енді біздің елден шетелге қоңырау шалғанда «Қазақстан» деген жазу шығады. +997-ге толық көшу бізге ұлттық нөмірлеу ресурсын дербес таратуға мүмкіндік береді. Абоненттер мен қызметтер саны бойынша ұлттық жүйені кеңейту керек», - деген еді Бағдат Мусин.

Пікірлер