Home » Айдарлар » Қоғам » Сайлау әділ өтпесе, соған сіздің де үлесіңіз бар

Сайлау әділ өтпесе, соған сіздің де үлесіңіз бар

Үш қыз қонақтан шыққанбыз. Такси таппай тұрдық. Бізден әрірек тоқтаған біреуі көне кетті. Үш түрлі көшеге баратын бір ауданның қыздары жайғасып алдық. Құрбыларым менен бұрын түсетін болғандықтан, артқа отырды. Әнші, күйші құрбыларға: «Кеш көңілді өтті, иә!», дедім, олар қостай кетті. Домбырамды иегімен нұсқаған жүргізуші ағай: «Мен де өнерді бітіргем», деді. Қыздар болып жамырасып қалдық. Ортақ тақырып табылғанына қуанып сөзге тарттық: «Қойылым қоямын. Елордаға үлкен үмітпен келдім. Сөйтсем, мұнда да сол сірескен жүйе. Пәлен миллион аударады. Оның 70 пайызы анау басынан бері қарай желініп келеді. Қалған 30 пайызына ғана қойылым қоясың ғой. Сонда не болды анау?», деп бір тоқтады. Арқа-жарқа көңіліміз жайында қалды. Бәріміз ағайдың ауызына қарап қалыппыз. «Е-е, ол жағыңыз да жеу десеңізші…», дедім. Ол оталды дейсіз: «Бізде бәрі сол ғой. Барлығы сондай. Бүкіл Қазақстан осы», деді бірнеше рет қайталап. «Оның ішінде сіз де кеттіңіз ғой?», дедім. Ол: «Мен өмірі жеген емеспін», деді шамданып. «Мен де! Екі адам кірмей қалды. Сонда «барлығы» дегеніңіз өтірік болып қалды ғой», дедім. Көлік жүргізіп келе жатқанын ұмытып маған тесірейе қарады. Осы кезде жолдың мен жақ жиегінде Тоқаевтың ұраны жазылған билборд көрінді.
«Әне, анау сайлауға да сансыз ақшаны шашып жатыр. Осы уақытқа дейінгі сайлаудың бәрі өтірік өтті. Енді қайдан әділ сайлау болады? Сайлауға барудың қажеті де жоқ», деді қолын бір сілтеп. «40-тан асып қалғаныңыз көрініп тұр. Сіз осыған дейін бір рет болсын сайлауға қатыстыңыз ба?», деп сұрадым. Ол: «Менің дауысым ештеңені шешпейтін сайлауға не үшін қатысуым керек екен! Бір рет те барғам жоқ», деді ентігіп. «Ешқашан дауыс бермесеңіз, дауысым ұрланды. Үнім естілмеді деп қалай айтасыз?», деймін күліп. Ол: «Айналайын, өзің жап-жассың, не білесің! Біз көргенбіз. Кеше маған бір француз мінді. Орысша біледі екен. Айтуынша, француздар сайлауға екі жыл бұрын дайындалады. Ал біз үнемі жанығып жүреміз. Оған да бізде бәрі өтірік екенін, сайлауда даусымыздың ұрланатынын айттым», деді халықаралық деңгейде талқылағанын мақтан етіп.
«Бұл сайлау – бұрынғыдан өзгерек», дедім. «Дана қызметіне кірісті», деп күлді, мені Дана деп атайтын күйші құрбым. Жүргізуші ағай оның сөзін естімеген күйі: «Неменесі өзге екен? Сол қатып қалған күйде», деді іліп алып. «Мен үшін өзгеше. Өйткені осы уақытқа дейін бірнеше мүмкіндігім болса да сайлауға бармадым. Дауыс бермедім. Мен үшін лайық кандидат болмағандықтан бармадым. Ал осы жолы сайлауды, жүйені, болашақты өзгерту үшін барам. Өзгеше болады, бірақ оны жасайтын – мен, сіз, біз», дедім. Жүргізуші ағай сөзімнің соңын күтер-күтпес: «Әй, сенің даусың есептелмейді деймін, мынауың!», деді ащы күлкімен. «Мен есептетем», дедім. Ол мынаның есі дұрыс емес шығар дегендей қарады. Осы сәтте біздің ауданға кіре бастадық. Әнші құрбым жол көрсете жөнелді. Ағай менімен сөз таластырып отырғанда басқа жолға түсіп, сәл айналыңқырап кетті. «Менің қызым студент, әйелім де мемлекеттік мекемеде істейді. Оларға әзірден кімге дауыс беретінін айтып қойған. Сендердің дауыстарыңсыз бәрі шешіліп тасталған деп күніге айтам», деді жүргізуші жүрісін баяулатып.
«Егер сайлау әділ өтпесе, соған сіздің де үлесіңіз бар!», дедім. «Өй, сен қатырады екенсің ғой. Қалай? Мен не істедім?», деп қылғынды. «Бір емес, бірнеше адамның дауысын сіз жеп қойып отырғанмен теңсіз!», дедім, онан сайын саспай. «Еа, дауыс жегені несі, мен немене комиссияда отырмын ба?», деді жол мен маған кезек-кезек қарап. «Мына үйге тоқтаңыз, аға», деді әнші құрбым. Онымен қоштаса сала: «Өйткені сіз осы жолғы сайлаудан өзгешелік күтіп, алғаш рет болса да дауыс беруге құлшынып отырған талай адамды райынан қайтарғансыз. Әлі өтпеген сайлаудың әділ өтпейтініне әлден кепіл болып жүрсіз. Бұл – үгіттеу. Бейресми болса да сайлауға бармауға үгіттеудің атасы саналады. Сізге еріп қызыңыз, әйеліңіз, жолаушыларыңыз бармайды. Осының өзінде қанша адамның дауысын ұрладыңыз?», дедім жолдан көз алмаған күйі. Жүргізуші ағай күйші құрбымның көшесіне түсе бере: «Мен көзіммен көргенімді айтамын. Болашақты білгеннен айтамын», деді тонын түсірмеген күйі. «Сіз, айтпақшы, халықаралық бір сарапшының бақылауынан бізді айырдыңыз», дедім. «Өй, онда менің шаруам қанша?», деді дауысы қарлығып: «Қайдан ғана қозғадым мына саясатты, басым ауырып кетті ғой, түге». «Французға осы жолғы сайлау бізде басқаша болайын деп тұр дегеніңізде бәлкім тәуелсіз бақылаушы болуға барар ма еді. Ал енді ол сіздің сөзіңізден кейін бәрі бәз баяғыша екен ғой деген ой түйді. Бір бақылаушы кемі 5 адамның дауысын қарай алатын еді», дедім. «Мен бәрібір сайлауға бармаймын. Менің дауысым ештеңе шешпейді», деді ол бұртиған баладай. Күлдім де: «Алдыңыздағы үйге тоқтаңыз», дедім. «Ағай, Дана дұрыс көзқарас қалыптасқанын қалайды», деді күйші құрбым, түсіп жатып. Оған «Бәрі дұрыс» деген емеурінмен қос көзімді қыса жымидым да қол бұлғадым. Сосын сөзді қайта өзім жалғадым: «Сайлауға бару-бармау өз еркіңізде. Сізді ештеңеге үгіттемеймін. Бірақ бір нәрсені өтініп сұраймын. Өзіңіз бармасаңыз да біреудің жолын байламаңыз. Мейлі кім болсын! «Барма, сенің дауысың есептелмейді» деген жаттанды сөзді айтпау – сайлаудың әділ өтуіне қосқан сіздің үлесіңіз болсын. Кейде үндемеу – сөйлеуден анағұлым пайдалы», дедім. Енді ол жолдан көзін алмады. Аз үнсіздіктен кейін: «Сен әртіске ұқсамайсың», деді самарқау ғана. Жымидым. «Сіз жаныңыздағы жолаушыға енді ғана көңіл аудардыңыз. Мен ғой, жарайды, мың адам үгіттесе де бастапқы ұстанымымнан қайтпаймын. Менің орнымда өзгенің көзқарасымен жүретін адам отырса ше… Сайлауға бармасаңыз да болады, бірақ біткенде менің дауысым есептелмеді, әділ өтпеді демеңіз. Ұят қой», дедім бұрылысты нұсқап. Ол көлікті тоқтатты да: «Дана, (атымды күйші құрбымның айтуымен есінде сақтап алыпты) сен мені жеңдің. Мен сайлауға барамын!», деді есікті ашып жатқан маған бұрыла. «Аға, бұл – сіздің жеңісіңіз. Сіз өзіңіздегі қатып қалған көзқарасты өзгерттіңіз. Менікі – сізді мінеу емес, мойындату ғана болған. Өзгерістің бастауы – мойындай білу. Немқұрайдымыз. Біз үшін біреу сайлап беретіндей бейқамбыз. Мен жеңгем жоқ, сіз өзіңізді жеңдіңіз. Аман болыңыз!», деп есігін жаптым. Жылы жымиып кетіп бара жатты.
Үйге қарай бұрылдым. Көрші бала отыр екен. Әйтеуір әлі бала маған: «Сенің жасың нешеде?», дедім сәлемін қабыл алған соң. Ол таңырқаған күйі жиырмадан асып кеткенін жеткізді. «Сайлауға барасың ба?», дедім төтеннен. Қостанайдан қоныс аударған көршім: «Смысл?», деді көзін төңкеріп. Жоғарыдағы жарыссөздің орысша нұсқасы 1 сағатқа жалғасты…

Айдана Шотбайқызы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АРЫС ҚАЛАСЫН АРАЛАП ШЫҚТЫ

Мемлекет басшысы Арыстағы оқиғаны естіген бойда кешқұрым Арысқа барып, халықтың жағдайын біліп қайтты. Бұл халықты ...