Сайлау. ҚАЗІР ХАЛЫҚ БАЯҒЫДАЙ ЕМЕС, БАСҚА!

3486
Adyrna.kz Telegram

Менің достығымда сайлауда бойкотты қолдап отырған ағалар, саяси сауатты кісілер бар екен, олардың ұстанымына құрметпен қараймын. Бірақ ол кісілерге көкейде жүрген бір ауыз сөзімді айта кетсем ба деймін. Оны олар қалай қабылдайды, өздері білсін. Бұнымды "желідегі ақылсынған бір көгала қырттың ақылы" деп шырт түкіріп қоя салса да ренішім жоқ.
Меніңше елімізде халық соңғы кезде тым саяси белсенді, бұл факт. Соңғы екі - үш жылда билік пен халықтың сырт көзге білінбейтін текетіресі болды да, біздің билік халықпен көп компромисске түсіп, біраз басымдылықтарынан айырылып қалды.
Қазір әлденеге наразы халық жинала салу деген нәрсе "шес секунт" - Сайрагүлге біріге салады, көпбалалы аналар әкімдердің жағаларынан алып жатыр, одан әрі жер митингісі, армяндарға наразы болса дегені бар, тағы басқа көптеген топтасу....
Ана ютубке бір жарты сағат отырсаңыз жұрт білмейтін небір халықтың топтасуын, айқайын, сотын, ұранын бәрін көресіз.
Халық өрекпіп жүр.
Менің далада, көшеде, пойызда, ұшақта көретінім - ютубтегі оппозициялық арналарды қосып қойып, орысша, қазақша соны ұйып тыңдап отырған жұртшылық, соны талқылап отырған адамдар.
Таксиге отыра қалсам, міндетті түрде саяси наразы таксистке отырып, "саяси сауатым ашылады". Көшеде де сол, базарда, далада, бүкіл жерде күңкілдеген халық. Ал интернет, желі, ютуб тіпті жарылып жатыр.
Бұл халық уже өзіне не керек екенін біледі. " Құланның қасуына мылтықтың басуы" демекші енді осы сайлау бұл халықтың ыңғайына, талабына оң келіп отыр. Жалынды оппозиционер болмаса да кандидаттар арасынан билікке қарсы көзқарастағы Қосановты көргесін, бұған дейін әр арнада аққан су, бір арнаға құйылып халық қазір телегей теңізге айналып барады.
Егер біздегі билік өкілдері оған бөгет қойып, осы халықты ары қарай бұрыңғыдай алдап - сулап, уқит - суқит қылып басқарып отыра береміз деп ойлайтын болса, олар қатты қателеседі және сондай таяз ойы мен ақымақтығы үшін бұлар одан (халықтан) мықтап таяқ жейді. Себебі, (мен мынаны үлкен әріптермен жазып қояйын) ҚАЗІР ХАЛЫҚ БАЯҒЫДАЙ ЕМЕС, БАСҚА! ӨЗГЕРІП КЕТТІ!
Енді екі жақ осындай жағдайда отырған тұста бұл сайлау билікті қатты састырып отыр, бұған да күмәнім жоқ.
Сондықтан Қосанов дауы, тіпті сол Қосановтың өзі аңдамай әлдебір процесстердің бастамасы болып кетуі мүмкін. Бұны да ескеріңіздер. Әміржан мүмкін нашар саясаткер болар, бірақ оның артына кәдімгідей өрекпіген, асқан - тосқан телегей теңіз жиналып қалды, бұл фактормен санасу керек. Өйткені жұмыр жер бетінде бір мақсатпен бірігіп, әлденеге беталған теңіздей толқыған халықты жеңген күш жоқ.

Олжас Әбіл

Пікірлер