Желіде Мерке ауданы диқандарының ереуілі деген видео пайда болды

1883
Adyrna.kz Telegram

Желіде Мерке ауданы диқандарының ереуілі деген видео пайда болды. Оны Нұрадин Рақай есімді тараздық журналист Facebook желісіндегі парақшасында жүктеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мерке ауданының диқандары наразылыққа шығып, президент пен әкімге жанайқайларын жеткіземіз дейді. Олар Жамбыл облысында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялау керек деп ең бірінші дабыл қаққан еді. Шаруаларға бір тиын да төленбеген»,—деді ол.

Диқандар үндеуін жеткізу үшін Орталық стадионға жиналған.

«Қызылша еккен адамдардың ақшалары берілмей жатыр. Үкімет бөлген қаржыны бізге берсін. Ақшамыз жоқ, қиналып кеттік. Қарапайым халық жылап жүр. Бәрінің бала-шағасы бар. Мәселені шеше алмайтын болса, әкім орнын босатсын. Бізге жұмыс істейтін басшы керек»,—деді егіншілер.

Еске салайық, шілде айында Жамбыл облысында қант қызылшасын еккен диқандар төтенше жағдай жариялауды талап еткен еді. Олар судың жоқтығынан өсімдіктің сәбіздей солып қалғанын жеткізді. Кейіннен ағын судың аздығынан 10 мың гектарға егілген қызылша алқабының жартысы қурап қалғаны белгілі болды.

Бұған дейін Үкімет қант қызылшасының бір келісіне мемлекеттен 25 теңге субсидия төленетінін айтқан еді.

Пікірлер