161,5 миллиард доллар. Бұл Қазақстанның сыртқы қарызы

1623
Adyrna.kz Telegram

2019 жылғы жағдай осы. Ұлттық банктің мәліметі осы. Бюджет тапшы. Теңге құлдыраған. Қарыз көбейген. Былтырдан бері қарыз үстіне қарыз жамалған. Шамамен 1 триллион 883 миллиард теңге. Үкіметтің, Ұлттық банктің, жергілікті басқарушы органдардың, банк секторының және қарапайым халықтың тұтынушылық қарыздары. Барлығы осы.

Бүгін сол Қазақстанның сыртқы қарызы туралы аз кем сөз шығармақпыз. Кімге қарызбыз? Қанша қарызбыз?

Естеріңізде болса, 2012 жылы сұмдық бір ақпарат шыққан. Сондағы деректерге сенсек, Қазақстан 110 мемлекетке қарыз көрінеді. Білетінімізді жазайық...

Игерілген әм игерілмеген, бірақ мөшегі миллиардтап есептелетін инвестицияның (жарлықап берген ақшаны айтамыз...) ақшасы ғой. Мысалы, Нидерландыға 47,3 миллиард, Ұлыбританияға 24,6 миллиард, АҚШ-қа 12,9 миллиард, Қытайға 12,6 миллиард, Францияға 11,7 миллиард доллар қарызбыз. Бұл миллиардтап алғанымыз.

Ұсақ-түйек аралдардан да алғандарымыз бар. Мысалы, Жерси аралына 34 миллион, Сейшел аралына 335 миллион, Кайман аралына 447 миллион доллар берешек екенбіз. Бұл деректер ескіруі де мүмкін. Дей тұрғанмен, қарыздың аты қарыз. Оны қайтару міндет!

Жалпы мемлекеттің сыртқы қарызы елдің экономикалық өмірінің бөлінбес бөлігі деп есептеледі. Сыртқы қарыздың болуы экономиканың дұрыс жүргізілмегендігінен емес, керісінше макроэкономикалық саясат.

Қазақстанның қазіргі уақтағы сыртқы қарызы 161,5 миллиард долларды құрадық дедік қой. Бұл қарызды қайтару үшін экономикалық сарапшылардың пікірінше, өте ұзақ уақыт керек болады. Егер шикiзат көздері шетелдiк инвесторларға сатылмай, өз қолымызда болғанда, мемлекет сыртқы қарызын он жыл iшiнде өтей алады екен.Өкінішке қарай кезiнде шикiзат саласын шетелдiктерге арзан бағаға сатып жiберген.

Қазiргі таңда аталған байлықтың қызығын шетелдiк инвесторлар ғана көрiп отырғаны жасырын емес.Ал қазіргі таңда Қазақстандық шикізатқа қаржы құйып, кәсіп домалатып отырған ең ірі 140-тан астам инвесторлар тіркелген.

Салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, 150 миллионнан астам халқы бар солтүстіктегі көршіміз Ресейдің сыртқа қарызы (бейресми деректер бойынша) 691,15 миллиардтың шегінде тұрақтапты.  Ал, 31 миллионнан асып жығылатын халқы бар Өзбекстанның қарызы  ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 16 пайызын ғана құрады. Сондай-ақ,  45 миллион халқы бар Украинаның сыртқы қарыздары 136 миллиард долларды құраса, Кедендік одаққа кейін қосылған, бары 5 миллионан асатын халқы бар Қырғызстанның шетелдік қарызы – 6,32 миллиардқа жеткен.

Рас-ау, жер асы мен үсті кенге толы еліміздің етек-жеңі түзелгенше, түтерге жүн, күтерге күн қалмайтын уақытта терезенің сыртында тұрғандай, құдды. Масқара болғанда, батыстық басылымдар Қазақстанның қазіргі әлеуметтік деңгейін Африканың Руандасы секілді елдерімен қарат салыстырған. Бұл шамбайымызға батса да, факт. Қарызға батқан Қазақстанның қазіргі жағдай солай боп тұр.

Түйін. Қазақстанның сыртқы қарызы 161,5 миллиард доллар болды. Бізге қарыз елдер де аз емес екен. Өзге елдердің Қазақстанға қарызы шамамен 169,4 миллиард долларды құрайды-мыс. Ал Қазақстанның оффшордағы ақшасы, ұрланған ақшасы – 167 миллиард доллар. Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемде 12 орында тұр. Жыл сайын 90 миллион тонна мұнай өндіреміз. Оның 80 пайызын экспорттаймыз. Қарап тұрсаңыз, көз қызарып, тіл сүрінетіндей фантастикалық сандар.

Сөйткен елдің халқы банкке 6 триллион теңгеге жетті. 1,5 миллион адам банкке қарызын төлей алмай тентіреп жүр. Ал көп балалы аналары үйсіз-күйсіз, Үкіметтен 21 мың теңге сұрап жүр!

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер