Home » Айдарлар » Саясат » Қазақ негізіне орала алмай жатыр

Қазақ негізіне орала алмай жатыр

Бізді осы уақытқа дейін «Саясат сайқал қатынның тірлігі» деп құлағымызға құйып келді. Мұның түбінде елдің санасын саясаттан аулақ салып, мемлекетте не болып жатқанынан хабарсыз етіп, басшылардың не істеп жатқанынан бейхабар мәңгүрттерді тәрбиелеу ғана жатыр. Бізді саясатқа араласпа, басың кетеді, тыныш отыр, тыныштық керек, олар өйтеді бүйтеді дейтін үлкен буынның да саны аса көп. Соларды сөйлетіп те саясатты сайқал қаттынның тірлігі етіп көрсетеді. Негізі саясат сайқал қатынның тірлігі болса онда саясаттану ғылымдары да сайқал ғылым болып шығар еді. Бізге онда шетелде «Болашақпен» сайқал ғылымды үйрену үшін жастарды оқытудың, сол үшін елдің қазынасынан қаражатты шығындаудың түкке де керегі болмай қалар еді. Неге керегі бар сайқал ғылымды игеріп? Мақсаты елді тонап, халықты аздырып, лингвоцид, этноцид, түбі геноцид жасау ма? Саяси ғылымның негізі – халықты басқару, елдікті, ұлттық мүддені, елдің саяси мәдениеті мен өркениетін қалыптастыруда жатыр. Шынайы саяси ғылым ұрлық пен тонауды, елді аздыруды көздемейді, елдік мұрат-мақсаттарды ғана іске асырады.Саясат осыны жасауы керек. Әйтпесе ол саясат емес, сайқал қатынның тірлігі ғана болып қалады.

Жалпы адамзаттың тарихында өз елін өркениеттің көшіне бастаған өте дарынды саясаткерлер (Мысалы, Нельсон Мандела, Ли Куан Б, Мартин Лютер Кинг, Махатма Ганди, Аврамм Линкольн сияқты) өте аз болған. Саусақпен ғана санарықтай. Сондықтан ғой, ешқандай басшы сендерге демократия мен азаматтық қоғамды қалыптастырып бермейді, оны азаматтар қысылтаяң кездерде немесе саналы түрде саяси үрдістерді терең түсіне бастағанда ғана іске асыруға кірісетіні. Саналы, өркениетті жолды таңдайтын қоғам ешқашан да басшыға табынбайды. Басшыға табынған қоғам өркениеттің жолына түсе алмайды. Екі тарап дифференциял мен интеграл сияқты. Мұндай қоғам ақты ақ, қараны қара деп айта алады. Ашық мінез көрсетеді. Өз мүддесін ескерусіз қалдырмайды. Мұндай елдің азаматтарының бәрі саясатты бақылайды, саяси ойын айтады. Қоғамға, адамға тура келмейтін реформалар жасалса, ашық қарсы шығады. Біздің қоғамның ең бір құрыған әрі махрұм болып тұрған тұсы да осы. Себебі адам мен қоғамның түптің түбінде қысым мен цензурадан, бюрократия мен саяси қудалаудан кеудесі қақ айырылары сөзсіз. Әділетсіздікке төзе беру адам баласына тән емес. Саяси дарынсыз басшылар ғана осыны түсінбейді. Атаққұмар, тойымсыз, биліккұмар басшыларға қоғамның критикалық саяси халін ұғыну бұйыра бермейді. Ал біздің қазақ халқына саясатты түсіне білу қазіргі жағдайда әбден қысылған формада ғана ұғынуға тура келіп отыр. Біздің қоғам қазір аса саясатшыл. Бір өзгерісті жасағысы келеді, бірақ жан-дәрмен жетпей тұр. Бір біріне сенім өлген. Тұрмысы тұралаған, жігері де құлаған. Сол себепті сенімді қозғала алмайды. Сондықтан осы жолы қоғам тарабы бір белсенділікке бармаса, сауатсыз саяси үрдістердің қандай жағдайларға тап қылатынын дұрыс болжай алмаса, ізденбесе, алдағы жолы қысыла беретін болыды. Бірақ түбі жарылады.

Қазақ халқы бұл әділетсіздікті соңғы 30 жылдың ішінде ғана көрген жоқ. Мұның тамыры сонау патшалық Ресейден бастау алады. Сталиннің, большевиктердің, қызыл каммунисттердің қазаққа жасаған қанды геноциді мен опасыздығы алдыңғы буыннан бүгінгі буынның тамырына дейін бойлап, сүйегіне дейін өтіп кеткен. Қорқыныш генмен де қуалап келетініне көзім жетті. Бұл зерттеулер жасаса том том кітаптар болатыны да сөзсіз. О бастан біздің гендік ақпараттық өзегімізге соққы жасалған. Қазіргі күнге дейін тоқтаған емес. Қазақтың тыныстап, өзін өзі іздеп, бұлқынып, негізіне орала алмай отырғаны да осыдан. Түп негізі өте мықты, оңайлықпен өзегі шірімейтін ұлт екені сан ғасыр бойы дәлелденіп келе жатыр. Осы жолы есін жинап алса, қазақты ешкім де тоқтата алмасы айдан анық. Сондықтан тек сауатты ақпараттық идеология жасай беру керек, жасай беру керек, мүлдем тоқтамау керек. Сауатты ақпарат жеңіп шығады. Себебі, біздің ұлттың осы уақытқа дейін азап шеккен қара түнектен өзін арашалап, көзі ашылып, айы да оңынан туатын сәтте тұрмыз. Бұл біздің қазіргі жас ұрпақтың еншісінде қалады. Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды соларға жазып беріп, ұлттық идеологияны қалайда қалыптастыруымыз керек. Әйтпесе, қазіргі жауқазындарды қуратып алсақ, оңбай ұтылып, өкінішке тап боламыз. Немқұрайлылық өзінің жанына қалай батқанын қазақ осы жолы анық сезіне бастады. Демек, бұл да дұрыс үрдіс. Ұлттың өзін өзі қорғау функциясы да іске қосылды деген сөз. Өркениетті қоғамдық сананы қалыптастыруға біріміз қалмай атсалысайық. Бәріміз ізденіске түсейік. Іздеген адам табады. Ізденген қоғам өркениеттің көшіне жармасады.

БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қытай СІМ: Өзбекстан Қытайдың ұйғырларға қарсы саясатын қолдады

«Ғасырдың қара таңбасына» айналған Қытайдың ұйғырларға қарсы саясаты адам шошырлық. Себебі ұйғырларға агрессиялық сипаттағы саясат ...