Назарбаевтан соң. «Президентке өрт сөндіруші қызметін атқару оңай емес»

1790
Adyrna.kz Telegram
stan.kz
stan.kz

Қарағанды шахтасында қайталана беретін жарылысқа кім жауапты? Жаздағы жарылыста инвесторды ауыстыру туралы саяси шешім неге жүзеге аспады? «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен келісімді тоқтатудың кілті кімде? Бұл туралы сарапшылардан сұрадық. Толығырақ «Адырна» тілшісі дайындаған материалда.

28 қазан күні Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыста қаза тапқандардың саны 33-ке жетіп, 13 кеншінің денесі әлі табылмады. 28 жылда шахта жарылысынан 157 адам өлім құшқан. Ал Костенкодағы оқиға тарихтағы ең үлкен апат деп аталды. Бұл туралы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару жұмыстары қызметі республикалық орталық штабы» Қарағанды ​​филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский мәлімдеді.

Ал биылғы жазда  адам қаза тапқан апаттан кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының Қазақстаннан кететінін мәлімдеп, нақты саяси шешім қабылданғанын айтқан. Сонда ол меншік иесімен келіссіөздер жүргізіліп жатыр, бұл мәселемен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тікелей айналысатынын құлағдар еткен. Бұған қоса мұндай аса маңызды келіссөздермен "белгілі бір адамдардың тобы" айналысуы керек екенін айтып қалған.

АМТ НАЗАРБАЕВТЫҢ ЕРКЕСІ  МЕ?

Оқиғаға байланысты Мәжіліс депутаты, журналист Ермұрат Бапи шахта қауіпсіздігіне жауапты мекемелерді тізіп беріп, тамыз айында болған жағдайдан сабақ алмаған үкімет басшыларының салғырттығын атай кетті:

- Жағдайға бірінші кезекте, әрине "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының өзі жауапты. Қожайыны Миттал мырза миллиардтап пайда табады, әлемдегі 100 миллиардердің бірі, 18,7 миллиард активі бар, ал техникалық қауіпсіздік шарасына мардымсыз қаржы бөледі. Екіншіден, инвестормен арадағы келісім-шарттың талаптарын қатаң бақылауы тиіс  үкімет пен тиісті бақылау-тексеру ведомстволары да кінәдан кенде емес. Үшіншіден, АМТ-ны Қазақстанға, Қарметкомбинатқа кіргізіп, қолтығының астына алған, оған барлық инвестициялық жеңілдіктерді үйіп-төгіп берген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та бұл арада періште емес. Бәлкім, тіпті, ол Митталдың бизнес-әріптесі болуы да мүмкін. Мүмкін дейтін себебіміз – АМТ-мен Қазақстан үкіметі арасында жасалған келісім-шарт күні бүгінге дейін құпия құжат. Бұл келісім-шарттың негізінде АМТ Қазақстанға қандай қайыр беретінен хабарсызбыз. Назарбаевтың жылы "крышасында" болған, оның еркесі сияқты компания үкіметіңді ұра ма? - деді ол.

«ҚАРМЕТТІ» КӨШТЕН ҚАЛДЫРМАУДЫҢ ҚАМЫ

Депутат Ермұрат Бапи тамыз айында ауыстыру жоспарланған инвестор мәселесіне қатысты:

- Иә рас, инвесторды ауыстыру жөнінде сөз болған. Бірақ, менің байқауымша, бұл мәселе сөзден арғы іске аспаған сияқты. Ресейдің "Северосталь" (СС) компаниясына берілуі мүмкін деген қауесет шыққан кезде Қазақстан қоғамы өре тұрып қарсы болды. Расында, орыстар айтпақшы, "шилоны - мылоға" ауыстырғаннан қандай пайда болуы мүмкін? Оның үстіне, СС компаниясы да өзінің техникалық жабдықталуы жағынан АМТ-дан алысқа ұзап кеткен жоқ: сол баяғы советтік заманның технологиясы! Менің ойымша, егер президент тарапынан саяси шешім қабылданса, «Қарметті» қазақ ұлттық бизнес өкілдерінің тобынан құрылған компанияға беру керек сияқты. Намысқа тырысқан қазақ бизнесмендер тобы заманауи менеджмент жалдап, өз қаржылары мен банкілік капиталдың көмегімен «Қарметті» көштен қалдырмайды деп білем. Бірақ құрышқа деген сұраныстың әлемдік нарқында металлургия өндірісінің алпауыт акулаларымен тайталасу оңай болмас. Дегенмен металлға деген әлемдік мұқтаждық біздің менеджментке жәрдемші болады деп ойлаймын,- деді Мәжіліс депутаты.

«ТЕКСЕРГЕНДІ ДЕ ТЕКСЕРМЕСЕ, АПАТ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН»

Саясаттанушы Асхат Қасенғали компаниялардың еңбек қауіпсіздігін тексеретін мемлекеттік органдар тиісті қызметін атқара алмаса, инвестор ауыстырғанмен мәселе шешіле қоймайтынын алға тартты:

- Өкінішке қарай, шахтада тағы апат болып, тағы ондаған отбасы қара жамылды. Өздеріңіз білетіндей тоқсанның тоқырауында біз елімізге жаппай инвестор шақырумен болдық. Ол сәтте инвестордың жауапкершілігі екінші орында болды, бірінші орынға ол әкелетін қаржы шықты. Себебі тәуелсіздікті енді қалпына келтіріп жаттық. Жұмыссыздықты азайту қажет болды. Осы сәтте жүздеген инвестормен ұзақжылдық келісімдер жасалды. Соның ішінде осы Митталға тиесілі компания да бар еді. 90-жылдардан бері Митталға тиесілі кәсіпорындарда көптеген апат болды, осы уақытқа дейін 130-дан астам адам көз жұмған дейді. Әр апат сайын билік тексеру жариялап, кейін компания жеңіл-желпі жазамен құтылып кетіп отырды. Биыл ғана Митталдың компаниясында апат болды. Қатаң тексеру жүргізілсе, неге тағы апат қайталанып отыр? Яғни бұл жерде жауапкершіліктен қашқан, еңбек қауіпсіздігін сақтамаған Миттал компаниясынан бөлек, компанияны жан-жақты тексеруге тиіс болған құзырлы органдарды да тексеру қажет. Олардың жұмыстарына үлкен сұрақтар туындауда. Егер компаниялардың еңбек қауіпсіздігін тексеретін мемлекеттік органдар тиісті қызметін атқара алмаса, инвестор ауыстырғанмен мәселе шешіле қоймайды. Апат тағы да қайталануы ықтимал,- деді ол.

«ӨЗГЕЛЕРГЕ СИГНАЛ»

Жоспарланған шараларды іске асыруда салғырттық танытатын Миттал компаниясы туралы саясаттанушы мынандай пікірде.

- Тамызда ғана апат болды. Сол сәтте компанияны жабу мәселесі қаралатыны айтылды. Артынша Миттал компания барлық олқылықты түзейтінін айтып, қомақты инвестиция құятынын жеткізді. Бірақ көріп отырғанымыздай нәтиже жоқ. Тамыздағы апаттың қайталанбауын тексеруші органдар неге алдын алмаған? Басты сұрақ соларға қойылуы керек, - дейді Асхат Қасенғали.

- Жалпы 90-жылдары келген инвесторлармен жасалған келісімдердің біршамасының мерзімі аяқталуға жақындады. Көпшілігі 20-25 жылға жасалған еді. Ендеше, қазір тек осы бір компаниямен шектелмей, өзге инвесторлар өз міндеттерін қалай істеп жатыр, еңбек қауіпсіздігін қалай сақтауда, жергілікті жұмысшыларға төленетін қаражаты қандай деген сұрақтарды да қарастыратын сәт туды. Талапқа сайын қалдырып, сай емесін алмастыру жолдарын іздестіру керек. Ал «Арселор Миттал» компаниясымен жасалған келісімді тоқтату өзге инвесторларға нақты сигнал болуы тиіс, - деді Асхат Қасенғали.

«БҰЛ КЕЗДЕЙСОҚ ЕМЕС»

Экономист Жанұзақ Әкім Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі елдегі апаттардың жиілегенін айтып, бұл жағдайлардың кездейсоқтық емес екенін тілге тиек етті:

- Апат айтып келмейді. Ойыма мынадай хронология келіп тұр: 2019 жылы Тоқаев маусымда президенттіке сайланғаннан кейін Арыста апат болды. Артынша Тараздағы қару-жарақ қоймасында тағы жарылыс болды. 2021 жылы Қостанайда өрт шықты. Осы жазда сол өрттің жалғасы Семейде болды. 15 адамның өмірін жалмады. 4 млн гектарға дейінгі жер өртенді. Кешегі Аягөздегі 4 сәбидің өлімі, енді міне бүгін «Қармет». Бұл нені білдіреді? Бұл 1985-1992 жылдар арасында Совет үкіметі ыдырап жатқан кезде тап осындай жағдайлар болған. Шахтадағы жарылыстар, табиғи апаттар, техногендік опаттар тағысын-тағы жағдайлар елден тәртіп, басқару жүйесі әлсірегеннен кейін, заңға бағынудан қалғаннан кейінгі болатын көрініс. Бұл кездейсоқ жайт емес. Жүйелі құбылыстар байқалып отыр. Президентімізге 2019 жылдан бері сайланғалы өрт сөндірушінің қызметін атқару оңайға соғып жатқан жоқ ,- деді ол.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрды. Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

 

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер