Назарбаев кітапханасынан да айрылды. Орталық немен айналысады?

2524
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Астанадағы тұңғыш президенттің атына берілген Назарбаев кітапханасы енді орталық ретінде жұмыс істейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Мемлекеттің алғашқы тұлғаларының тарихи мұрасын сақтау — әлемдік тәжірибе. Аталған дәстүр президент орталықтары мен кітапханалардың қызметінде көрініс тапты. Тарихи-мемориалды мекемелер АҚШ, Франция, Түркия, Қытай, Малайзия, Әзербайжан және әлемнің басқа елдерінде бар. Олар мұрағат, кітапхана және мұражай функциясын біріктіре отырып, ұлт көшбасшыларының қызметіне қатысты құнды деректерді, кітап, киім артефактілерін сақтайды, делінген хабарламада.

ҚР Президенті іс басқармасы АҚШ-тың тәжірибесін келтіре отыра, 1955 жылғы Президенттік кітапханалар туралы заңға сәйкес америкалық президенттердің мұрасын сақтау миссиясын жүзеге асыратын 15 мекеме жұмыс істейтінін айтты.

Ең танымалы — Нью-Йорктегі Франклин Рузвельт, Бостондағы Джон Кеннеди, Калифорниядағы Рональд Рейган кітапханалары.

Жалпы әлемдік дәстүрге сүйене отырып елімізде ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының базасында Тәуелсіз Қазақстан көшбасшыларының тарихи мұрасын сақтаумен, зерделеумен және ілгерілетумен айналысуға арналған Президенттік орталық құрылды. Онда Қазақстан президенттігі институтына қатысы бар жәдігерлер орталықтандырылған түрде сақталады. Жаңадан құрылған орталыққа экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдары, сондай-ақ бұрын тұңғыш Президент кітапханасында сақталған мұражай экспонаттарының жинағы берілді. Бүгінгі таңда қорда 150 мыңнан астам мұрағат құжаттары, 40 мың кітап және 12 мың мұражай заттары бар, — дейді басқармадан.

Ресми ақпаратта айтылғандай, болашақта жаңа орталыққа тарихи-мәдени құндылығы бар жеке құжаттар мен қазіргі Президенттің керек-жарақтары да беріледі. Алдағы уақытта Қазақстанның келесі президенттерінің қызметі туралы тиісті материалдар жинақталады.

Одан бөлек, орталықта Қазақстан көшбасшыларының құжаттарымен қатар тәуелсіздік тарихына қатысты материалдарды жинау, жүйелеу және зерделеу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Қазақстанның қазіргі саяси тарихына арналған ірі тарихи-мемориалды, ғылыми және мәдени-ағарту орталығына айналуды мақсат етуде.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, Президент орталығының кітапханасы да қызығушылық туғызады, онда президенттік институт, мемлекеттік құрылыстың теориясы мен практикасы, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттілік тарихы бойынша ғылыми және мерзімді басылымдар шоғырланады. Әлемнің жетекші кітапханаларының нысаналы қорына қашықтан қол жеткізуге болады.

Ғалымдар мен студенттер Президент орталығынан диссертациясы мен ғылыми зерттеулері үшін осы тақырыпта сирек кездесетін және бірегей материалдарды таба алады.

Пікірлер