Банктен заңсыз төлемді қайтаруға сот неге құлықсыз?

1914
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның азаматтық соттары қарыз алушылардың өздеріне міндеттелген заңсыз төлемдер үшін банктен ақша өндіріп алу туралы шағымын қанағаттандырмай отыр. 2016 жылдың соңынан бастап ондаған мың адам сот арқылы банктерден заңсыз төлемдер үшін алынған ақшаларын қайтарып алған. Жоғарғы сот мәселені жақында банктерге мұндай төлемдер алуға тыйым салатын заңнамалық өзгеріс қабылдануымен байланыстырады. Ал заңға өзгерту енгізілгенге дейін банктерге мұндай төлемдер өткізіп келген қарыз алушылар енді не істейді?

Қарыз бойынша көрсетілген қызмет төлемі (кей банктерде "қарыз есепшотын жүргізгені үшін алынатын төлем" деп аталады) - несие төлейтін адамнан жылдық сыйақы мөлшерлемесінен бөлек ай сайын банк алып отыратын ақша сомасы.

Нақты сот шешімі негізінде бұл былай көрінеді. Қарыз алушы банктен 1,3 миллион теңге ақшаны бес жылға 11 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен алады. Келісімшартта қарыз алушы сыйақыдан бөлек, ай сайын несиенің жалпы сомасының 0,75 пайызына тең қарыз бойынша көрсетілген қызмет төлемін өткізіп отыруы керек.

Осылай бес жылда негізгі қарыздан бөлек, сіз банкке қосымша 270 мың теңге төлеу керексіз. Бұрын кез келген қарыз алушы несиесін төлеп болғаннан кейін банктің үстінен азаматтық шағым түсіріп, сот арқылы қарыз бойынша көрсетілген қызмет төлемін қайтарып ала алатын. Соттар мұндай шағымдарды жаппай қанағаттандырып, аталған төлемді заңсыз деп танып келген. Бүкіл елдегі мыңдаған қарыз алушы осы жолмен заңсыз жинақталған төлемдерін өндіріп алды.

Наурыздың соңынан бастап соттар мұндай шағымдарды қанағаттандыруды тоқтатты. Азаттық неге бұлай болғанын зерттеп көрді.

ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗУ

2013 жылы Орал қаласының тұрғыны үш баланың әкесі Жанболат Қалиев үй құрылысын аяқтау үшін Альянс банктен (қазіргі Forte Bank) бес жыл мерзімге (60 ай) 2,4 миллион теңге көлемінде несие алған. Қалиев банкке пайызымен (жылдық пайыздық мөлшерлеме - 48 %) қоса есептегенде негізгі қарыздан екі есе көп ақша қайтаруы керек болған. Одан бөлек, келісімшартқа сәйкес, Қалиевтен ай сайын қарыз бойынша көрсетілген қызмет үшін қарыздың 0,1 пайызына тең мөлшерде (23,5 мың теңге) төлем алып отыру қарастырылған. Осылай бес жыл ішінде Жанболат Қалиев банкке қосымша 1,3 миллион теңге төлеген.

- Келісімшарт жасау кезінде мұндай төлем туралы білген жоқпын. Адам несие алуға жаны қиналған кезде барады, сондықтан қарызды тезірек алғысы келеді. Былайша айтқанда беріп тұрғанда ала бересің. Оның үстіне қыс мезгілі келе жатқан соң, үйді бітіруге шұғыл ақша керек болды, - дейді Жанболат Қалиев.

Несиесін толық өтеген Қалиев интернет арқылы қарыз бойынша көрсетілген қызмет төлемін қайтаруға болатынын білген. Заңгерлер көмегіне жүгініп, банк үстінен төлемді заңсыз деп табуды сұрап, сотқа шағым түсірген.

Оралдың азаматтық істер бойынша №2 қалалық сотының 19 наурызда шыққан шешіміне сәйкес, банк өкілдері шағыммен келіспей, сотта "қарыз алу туралы келісімшарт жасасу кезінде төлем мәселесі алдын ала келісіліп, қарыз алушы шарттарға көнгенін" айтқан.

Сот тараптарды тыңдап болып, қарыз алушыға тағайындалған төлемді заңсыз деп тапқан. Қалиевтың шағымын қанағаттандырып, банкті шағым иесіне заңсыз алынған төлем мен сотқа кеткен шығындарды қоса есептегенде 1,4 миллион теңге ақша қайтаруға міндеттеген. Соттың бұл шешімі бірнеше заңға, оның ішінде "Төлем және төлем жүйелері туралы" заңның "есепшотты ашу және жүргізу банктің міндеті және есеп айырысу операцияларына жатпайды" деген жолдарына негізделген. Одан бөлек, банк өкілдері сот алдында аталған төлемдерді ай сайын алып отыру үшін банк қандай көлемде және нендей жұмыстар атқарғанын дәлелдей алмаған.

Сот өз шешімін "банк қарыз келісімшартына ай сайынғы төлем алу шарттарын қосып және аталған төлемді алу арқылы адалдыққа қарсы жұмыс істейді. Өйткені банк осы арқылы қарыз алушыға ешқандай қызмет көрсетпей-ақ, одан ақша алады. Аталған төлем қосымша сыйақы алудың келісімшарт шарттарында қарастырылмаған жасырын формасы. Бұл азаматтық кодекс талаптарын, заңды және қарыз алушының тұтынушы ретіндегі құқығын бұзады" деп түсіндірді.

Қазақстан бойынша азаматтық соттар осы жылға дейін қарыз алушылар шағымын қанағаттандырып қана қоймай, Жоғарғы сот сайтында қарыз алушының пайдасына шешілген істер туралы жаңалықтарды әділ сот шешімінің үлгісі ретінде тұрақты негізде жариялап отырған.

ЗАҢГЕРЛЕР ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Оралдық заңгер Мирлан Жұмағалиев сотта осыған ұқсас ондаған іс бойынша жеңіске жетіп, өз қорғауына алған азаматтарға заңсыз ұсталған төлемдерді қайтарып берген. Ол өз тәжірибесінде банктен 50 мың мен 1,8 миллион теңге аралығында әртүрлі сомада ақша өндіргенін айтады. Ол әріптестеріне сілтеме жасап, соңғы үш жылда 290 мың халқы бар бір ғана Орал қаласының өзінде заңгерлер банктерден бір жарым мың қарыз алушының ақшасын қайтарып бергеніне назар аударады. Заңгерлер өз еңбегі үшін өндірілген қаржының 10 пайызын алып отырған.

Заңгер Мирлан Жұмағалиев.
Заңгер Мирлан Жұмағалиев.

- Осы жылдың сәуір айына дейін шағымдар қанағаттандырылып келді. Енді сот мұндай шағымдардан бас тарта бастады. Банктер ағымдағы несиелер бойынша төлемдерді алып тастауға көшті. Яғни, банктер бұған дейін заңсыз төлемдер үстемелеп келгенін мойындап отыр. Ал несиесін заңсыз төлемдерімен қоса өтеген адамдар ше? Оларға ақшасын қайтармай ма? Логика қайда? - дейді Мирлан Жұмағалиев.

Жұмағалиевтің дерегінше, Орал қаласындағы №2 қалалық сот соңғы бірнеше айда осындай 15 шағымды қанағаттандырмай қайтарған. Тағы шамамен 60 шағым сотта қаралып жатыр. Енді сот банк қызметін заңсыз деп есептемейді және шағымды қанағаттандырмауын былай түсіндіреді: "Банк қарызы туралы келісімшартқа қол қою арқылы шағым иесі кешенді банктік қызмет көрсетуге ерікті түрде қосылып, келісімшарт шарттарын мақұлдаған. Сондықтан банк қызметі үшін төлемді қарыз келісімшартына сәйкес сыйақының жасырын формасы деп бағалауға болмайды. Банк қызметі үшін төлем белгілеу және алу қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді".

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ербол Мұратбеков – сот Халық банктің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырмаған қарыз алушылардың бірі. 2013 жылы ол банктен бес жылға несие (800 мың теңге) алып, осы 60 ай ішінде қарыз бойынша қызмет төлемі 188 мың 800 теңгеге (ай сайын 3200 теңге) жеткенін айтады. Мұратбеков соттан осы ақшаны банктен өндіріп беруін сұраған. Бірақ 8 сәуірде Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық азаматтық істер бойынша соты шағымды қанағаттандырудан бас тартып, мұны "шағым талаптарын орындауға құқықтық негіз жоқ" деп түсіндірген.

Батыс Қазақстан облысының заңгерлері осындай шағымдардың жаппай кейін қайтарылуына байланысты Жоғарғы сотқа жағдайды түсіндіруін сұрап хат жазып, әлі жауап ала алмаған.

"Қарағанды облысының азаматтық кеңесі" қоғамдық бірлестігінің заңгері Римма Сайфутдинова Қарағандыда да ұқсас жағдай болып жатқанын айтады.

- Соңғы екі жыл бойы біз АТФ, Альфа Банк, Еуразия банкі, Халық банк, Каспий банк сияқты банктермен соттасып, жеңіп жүрдік. 2017 жылдан бастап мыңнан астам іс тұтынушы пайдасына шешілді. Жеке тәжірибемде банктен өндірілген ең үлкен қаржы екі миллион теңгеге жетті. Адамдар қуанып, көңілдері жайланатын, өйткені көп заңгерлердің қызмет ақысы адамдар банктен өндірілген қаржыны қолдарына алған кезде ғана төленетін, - дейді Римма Сайфутдинова.

"Қарағанды облысының азаматтық кеңесі" қоғамдық бірлестігі заңгерлері баспасөз мәслихатында. Қарағанды, 28 наурыз 2019 жыл.
"Қарағанды облысының азаматтық кеңесі" қоғамдық бірлестігі заңгерлері баспасөз мәслихатында. Қарағанды, 28 наурыз 2019 жыл.

Заңгердің айтуынша, наурыз айының басынан бастап Қарағанды мен Теміртау соты мұндай шағымдарды қарауды кейінге қалдыруға көшіп, кейінірек қанағаттандырудан бас тарта бастаған.

Наурыз айының соңында бір топ заңгер Қарағандыда баспасөз конференциясын өткізіп, соттың банктен қарыз алушылар шағымын қараудан бас тартуға заңдық негіздемесі жоғын мәлімдеген.

- Біз соттарға халықаралық ұйымдарға шағымданатымызды хабарладық. Бірақ олар мұнымызға тек жымиып қана жауап берді. Мен банктерге халықтың төлемін қайтару ауыртпалық түсіре бастаған шығар деп ойлаймын. Банктердің мұндай төлемдер алуға құқығы жоқ. Сот арқылы ақшасын қайтарып үлгермеген әлі қаншама адам бар. Тағы үш жыл ақша өндіруге болар еді. Адамдар несиені жақсы өмірден алмайды ғой, - дейді Римма Сайфутдинова.

ЖОҒАРҒЫ СОТ ПЕН ҰЛТТЫҚ БАНК НЕ ДЕЙДІ?

Қарағандылық қорғаушылардың баспасөз конференциясынан кейін Жоғарғы сот өкілі Ирина Калашникова сәуір айының басында "Время" газетіне берген сұхбатында "Банктер және банк қызметі туралы" заңға өзгертулер енгізу туралы соттар "сот тәжірибесін өзгертуге міндетті" деген.

Жоғарғы сот судьясы Ирина Калашникова.
Жоғарғы сот судьясы Ирина Калашникова.

Сұхбатта Ирина Калашникова "Жақында төлемдерді алу тәртібін реттейтін заңға өзгертулер енгізді. Осы себептен біз сот тәжірибесін өзгертуге міндеттіміз" деген пікірімен бөліскен.

Оның сөзінше, заңға енген өзгертулерге сәйкес, осы жылдың 4 наурызынан бастап банктерге қарыз беру және ол бойынша қызмет көрсетумен байланысты есепшотты жүргізгені үшін төлем алуға тыйым салынады.

Қазақстан Ұлттық банкінің дерегінше, 2019 жылдың 21 қаңтарында "Банктер және банк қызметі туралы" заңға өзгерту енгізілген. Оған сәйкес, банктерге қарыз беру және ол бойынша қызмет көрсетумен байланысты есепшотты жүргізгені және қарызды банк есепшотына аударғаны үшін төлем алуға тыйым салынады. Бұл тыйым кәсіпкерлікпен байланысты емес тауар, жұмыс не қызмет сатып алу бойынша физикалық тұлғамен жасалатын келісімшарттарға қатысты қолданылады.

Судья Калашникова сұхбатында тыйым 4 наурыздан кейін жасалған келісімшарттарға қатысты ғана қолданылатынын, ал бұған дейін жасалған келісімшарттар өз күшінде қалатынын және "банктер бұл келісімшарттар бойынша төлем алуын жалғастыруға құқылы" екенін айтқан.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі Азаттыққа қалыптасқан жағдай бойынша судьяның бұл түсіндірмесін соттың ресми позициясы деп есептеуге болатынын жеткізді.

Ұлттық банк алдында арыз толтырып жатқан коммерциялық банк борышкерлері. Алматы, 19 ақпан 2014 жыл.
Ұлттық банк алдында арыз толтырып жатқан коммерциялық банк борышкерлері. Алматы, 19 ақпан 2014 жыл.

2 сәуірде Қазақстанның ұлттық банкі өз сайтында мұндай төлемдерге тыйым салынатынын растап, бес банк өз тұтынушыларына сәуір айынан бастап қарыз бойынша көрсетілген қызмет төлемін алу тәжірибесі тоқтағанын хабарлады деген мәлімдеме жариялады.

Ұлттық банк дерегінше, төлемдерді тоқтату банктердің 180 мың тұтынушысын қамтиды. Оларға келетін пайда шамамен 30 миллиард теңгені құрауы керек.

Сот базасына сәйкес, Қазақстан қалаларында қарыз алушылар банктен заңсыз төлемдерін өндіріп алуға шағым түсіруін жалғастырып жатыр. Азаматтық соттар істерді қарауды кейінге қалдырып, оларды қанағаттандырудан бас тартып отыр.

Азаматтық кодексте (178-бап) мұндай істер бойынша шағым мерзімі үш жыл деп белгіленген.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер