"Дайын болса, хаттарды көрсетемін": Елеусіновтің командасы Головкинге жауап берді

3683
Adyrna.kz Telegram

Данияр Елеусіновтің промоутері Геннадий Головкинмен бірге жұмыс істейтін Том Леффлерді «менджменті кәсіпқой емес» деп айыптады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sport.kz сайтына сілтеме жасап. 

Данияр Елеусіновтің кәсіпқой рингтегі істерімен айналысатын америкалық менеджерлік компанияның басшысы Зия Алиев арада болып жатқан дауға қатысты пікір білдірді.

«Біріншіден, Том біздің Геннадиймен хабарласып отырғанымызды жақсы біледі. Геннадий де жағдайдан хабардар. Бірақ мен өзім сөйлескен жоқпын. Әзірге олармен сөйлескен адамның атын атамай-ақ қояйын. Бірақ оның Головкинге хабарласқанын анық білемін. Леффлердің оған не деп жауап бергенін айта аламын. Бірақ олай істегім келіп тұрған жоқ. Қажет деп санасаңыздар, Том Леффлерден келген электрондық хаттарды да көрсете аламын. Ол өз хатында Даниярдың орнына басқа боксшыны ұсынғысы келетінін жазды», - деді Зия Алиев.

Әрі қарай ол бар айып Данияр Елеусіновтің командасында емес, Том Леффлердің дұрыс жұмыс істей алмайтындығында екенін айтты.

«Әркім өзінің боксшысын қорғайды. Ал Геннадий оның боксшысы. Ал бізді кәсіби маман емес деп айыптағандары күлкілі. Қолымда Matchroom желісі арқылы келген хат бар. Сіздер соны көріңіздер. Редакцияға ұсындым, бірақ жарияланғанын қаламаймын», - деді ол.

Бұдан өзге компания басшысы Головкин мен Елеусіновтің мүлдем екі бөлек жолы бар боксшылар екеніне тоқталды.

«Том Головкиннің өз кешінде Данияр Елеусіновті көргісі келмейтінін айтты. СМС хабарламаларды көрсетейін. Әрине, егер Том бұған дайын болса. Мен оларды көрсететін болсам, кімнің шын сөйлеп отырғаны белгілі болады», - деді Зия Алиев.

Естеріңізге сала кетсек, Геннадий Головкин осы уақытқа дейін осы келеңсіз жағдайға қатысты пікір білдіріп, әрдайым Азиядан шыққан боксшыларды қолдауға дайын екенін айтқан болатын.

 

Пікірлер