Қоғамдық даму басқармасы әкімді ақтап алу үшін өтірік айтып отырған жоқ па?

3678
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Таукент қалашығының әкімі Серік Маманов кәмелеттік жасқа толмаған балаларды жинап алып, шымкенттік имам Жарқын Мырзатайдың уағызын тыңдатқызған. Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы кент әкімі Серік Мамановтың осы іс-әрекетін ақтап отыр, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Серік Мамановтың бастамасымен өтті делінген уағызды жүргізген имам Жарқын Мырзатай жеткіншектерді ата-анасына қарсы қоятын "Құдайдың парызының алдында әке-шешең демалады", "Ата-анадан намаз оқу, орамал тағу үшін сұранбаса да болады" деген әйгілі сөздерімен танымал.

Бұл видео “Адырна” ұлттық порталының әлеуметтік желідегі парақшаларында да жарияланған еді.

Сол бейнежазбаға қатысты Түркістан облыстық Қоғамдық басқармасынан төмендегі сұрақтарға жауап беруді сұрағанбыз.

1. Мемлекеттік қызметкердің, яғни әкімнің кәмелеттік жасқа толмаған жастарды жинап, уағыз тыңдатуы қаншалықты заңды?

2. Идеологиялық тұрғыда әкімнің кәмелеттік жасқа толмаған балаларды жинап алуға, оларға діни уағыз айтқызуға құқы бар ма? Бұл оның әкімдік міндетіне кіре ме?

3.  Имам жас жеткіншектерге: «ата-анадан намаз оқу үшін, орамал тағу үшін сұранбаса болады» деп уағыз айтады. Бұл жастарды ата-анаға қарсы қою емес пе?

4. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сол зайырлы мемлекеттің мемлекеттік қызметкерінің дін ісіне қол сұғуына Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы қандай баға береді?

Бұл сұрақтарға облыстық Қоғамдық даму басқармасы былай жауап берген. Қараңыз:

"2023 жылғы 18 тамыз күні Жарқын Мырзатай есімді уағызшы Созақ ауданының Таукент кентіне келіп, «Ақ босаға» дәмханасында жастармен кездесу өткізген. Кездесуді «Жыныс ата» мешітінің имамы Н.Мырзабеков бастаған діни жамағат ұйымдастырған.

Созақ ауданының Таукент кенті әкімі С.Мамановтың іс-әрекетінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларына сәйкес, Созақ ауданы әкімі аппаратының басшысы әдеп жөніндегі уәкілі тарапынан 21.08.2023 жылы қызметтік тексеру жүргізілді және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің нормаларын сақтау және бұзушылықтардың алдын алу бойынша отырыс өткізілді.

Мәжілісте Таукент кенттінің әкімі С.Мамановтың мәселесі қаралды. Нәтижесінде аталған кездесуді «Таукент кенті әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырмаған және С.Маманов кенттің жастары мен балаларын діни уағыз тыңдауға шақырмаған.

Ұйымдастырушылардың шақыртуымен барып, аталған кенттің тұрғыны ретінде қатысқан. Сондай-ақ, 2023 жылдың 01 тамызынан бастап 06 қыркүйек аралығында кент әкімі С.Маманов кезекті еңбек демалысында болғаны анықталды.

Таукент кенті әкімі С.Маманов тарапынан ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының, Әдеп кодексінің талаптары бұзылмағандығы анықталып, алдағы уақытта заң талаптарын қатаң сақтау бойынша түсіндірілді" делінген.

Жауаптан аңғарғанымыз Таукент қаласының әкімі Серік Маманов 1-тамыз бен 6-қыркүйек күні арасында еңбек демалысында болыпты. Бірақ, ауданның әлеуметтік желідегі парақшаларынан айтылған мерзім аралығында әкімнің еңбек демалысында болмағанын, күнделікті жұмысында жүргенін байқадық.

Мысалы, 10 тамыз күні Таукент кентінің әкімі тұрғындармен кездесіп, жұрт алдында есеп берген. Қараңыз: 

Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы бір өтірікті жабу үшін екінші өтірікті айтып отырған жоқ па? Ендігі қойылар сауал осы...

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер