Жетеудің үшеуі дебатқа дайын. Қалғаны үнсіз

1760
Adyrna.kz Telegram

Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттар арасында жақында тікелей эфирде дебат өтуі мүмкін екенін хабарлады. Кандидаттардың кейбірі билік партиясынан саяси бәсекеге түскен қазіргі президенттің теледебатқа қатысқанын қалайды.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны басталысымен-ақ әлеуметтік желі қолданушылар "президенттікке кандидаттар дебат өткізсін" деген пікірді жиі жаза бастады.

"ШОУҒА АЙНАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ"

Кейбір қазақстандық Украинадағы соңғы президент сайлауының есте қаларлық көрінісіне айналған "стадион дебатын" ұмытпағанға ұқсайды. Белсенді Facebook қолданушыларының бірі Қуаныш Еділхантегі "Барлық жеті кандидат қаланың орталық стадионына бір мезгілде жиналғанын қалар едік. Алфавиттік тізім бойынша әрқайсысына 5-7 минуттан сөз берілсін. Сосын дебат басталсын. Сұрақ қоюға да уақыт қалдырылсын. Осы дұрыс емес пе?" дейді.

"Кандидаттар дебат өткізе ме, жоқ па?" деген сұраққа мамырдың 14-інде ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "кандидаттар арасындағы дебат таяуда тікелей эфирде өтуі мүмкін" деп жауап берді.

Ал дебатты Украинадағы президент сайлауындағыдай стадионда өткізу жайлы сұраққа орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сәуір айында:

- Естеріңізде болса, Украина орталық сайлау комиссиясы стадионда дебат өткізуге тыйым салған. Өйткені сайлауды шоуға айналдыруға болмайды. Түсінесіздер ме? Стадионда, бокс рингінде, сосын шаңғы трассасында өткізу керек пе? Бұлай болмайды, - деп жауап берген болатын.

Кейін орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров кандидаттар арасында дебат өткізу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған.

Биыл Украинадағы президент сайлауы кезінде екінші турға өткен Петр Порошенко мен Владимир Зеленский стадионда дебат өткізген еді. Алайда Украина орталық сайлау комиссиясы мұны заңда көрсетілген дебат талаптарына сай келмейтінін, сондықтан оған "сайлау алдындағы үгіт-насихат деп қарау керектігін" мәлімдеген.

Киевтегі стадионда өткен Петр Порошенко мен Владимир Зеленский арасындағы дебат. 19 сәуір 2019 жыл.
Киевтегі стадионда өткен Петр Порошенко мен Владимир Зеленский арасындағы дебат. 19 сәуір 2019 жыл.

"ДЕБАТҚА ҚАТЫСУЫ ТИІС"

Ал президенттікке кандидаттардың өздері дебатқа дайын ба? Азаттық тілшісі Қазақстан президенті лауазымына кандидат ретінде тіркелген жеті адамға немесе оны ұсынған ұйымға хабарласып, пікірлерін білуге тырысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынған "Нұр Отан" партиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Максим Споткайдың Азаттық тілшісіне айтуынша, Тоқаевтың дебатқа қатысатыны немесе қатыспайтыны әзірге белгісіз.

Тоқаевтың Алматыдағы сайлау штабының жетекшісі Рахман Алшанов егер өзге бәсекелестерінен ұсыныс түссе кандидаттың "дебатқа дайын" екенін айтады.

- Керек болса штаб өкілдері де пікірсайысқа түсе аламыз. Әзірге олардан ұсыныс түскен жоқ, - дейді Алшанов.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенттігіне кандидат (ортада).
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенттігіне кандидат (ортада).

Бұған дейінгі президент сайлауларында өткен теледебатқа елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қатыспаған болатын.

"Ұлт тағдыры" қозғалысы ұсынған, өзін тәуелсіз кандидат ретінде жариялаған Әміржан Қосанов "Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та дебатқа қатысуға тиіс" деп санайды.

- Орталық сайлау комиссиясы дебатты қай форматта өткізуді ұсынатынын көрейік. Қатысуға дайынмын. Ал сайлаудың екінші турына өтсем, менімен бірге екінші турға шыққан кандидатты стадионға дебатқа шақырамын, - деді Қосанов.

"Ұлт тағдыры" қозғалысының кандидаты Әміржан Қосанов. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2019 жыл.
"Ұлт тағдыры" қозғалысының кандидаты Әміржан Қосанов. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2019 жыл.

"Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысының атынан ұсынылған кандидат Сәді-Бек Түгел өзге кандидаттарды дебатқа шақыру туралы әзірге ойланбағанын айтты, өйткені "сайлау заң бойынша дұрыс жүріп жатыр".

- Ал бірақ, қандай дебат ұйымдастырылса да, қатысуға дайынмын, өйткені өз пікірімді әрқашан ашық айтып жүрген адаммын, - деді Түгел.

"Дебат болса, оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысқанын қалайсыз ба?" деген сауалға Сәдібек Түгел ойланып қалды.

- Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары биліктегі лас ойындардан таза адам. Ол, тіпті, сайлау өткізіп, басын қатырмай-ақ 2020 жылға дейін президент болып отыра беруіне болатын еді. Бірақ өйтпеді. Қазір бұрын болмаған саяси жылымық, демократиялық леп бар, сайлау науқаны әділ жүріп жатыр, - деді ол.

"Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәді-Бек Түгел.
"Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәді-Бек Түгел.

Негізгі саяси бәсекелесін қорғаштай сөйлеген Сәді-Бек Түгел кандидаттардың бәріне теңдей мүмкіндік берілген деп санайды. Оның сөзінше, Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстарды аралап жүргені "іс басындағы президенттің жұмыс сапары ғана", сайлау алдындағы үгіт-насихатпен байланыстыруға болмайды.

"Тоқаевтың дебатқа қатысқаны жөн бе?" деген сауалды қайталап қойған соң Түгел:

- Бәріміз тең құқылы кандидатпыз, Қасым-Жомарт Кемелұлының да қатысқаны дұрыс деп есептеймін, - деп жауап берді.

Сәді-Бек Түгел уақыттың аздығынан сайлау алдындағы үгіт-насихатқа үлгере алмай жатқанын айтады.

"ТОҚАЕВТЫҢ ӨЗІ БІЛЕДІ"

"Ақ жол" партиясынан ұсынылған кандидат Дания Еспаеваның пікірінше, дебатты тікелей эфирде көрсеткен дұрыс. Ол басқаша жағдайда кандидаттарға қойылған өткір сұрақтар мен жауаптар қысқарып кетеді деп қауіптенеді.

- Кандидаттардың сөйлеуіне екі минуттан емес, кем дегенде бес минут уақыт беру керек. Әйтпесе, аз уақытта тұщымды пікір айта алмайсың, - деді Қазақстан тарихындағы президенттікке кандидат болып тіркелген алғашқы әйел.

"Ақ жол" партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева.
"Ақ жол" партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева.

Дания Еспаеваның сөзінше, "дебатқа қатыса ма, қатыспай ма, оны Тоқаевтың өзі біледі, қатысса, қызық болар еді".

Еспаева да сайлау алдындағы үгіт-насихаттың "еркін өтіп жатқанын" айтады.

- Кандидаттар қай жерде, қандай ұжыммен кездесем десе де, тосқауыл жоқ, - деді ол.

Қазақстан коммунистік халық партиясының кандидаты Жамбыл Ахметбеков және "Ауыл" партиясы ұсынған Төлеутай Рақымбековпен сөйлесу мүмкін болмады. Амангелді Таспихов пен оны ұсынған "Қазақстан кәсіподақтар федерациясы" да телефон тұтқасын көтермеді.

1991 жылдан бері Қазақстанда президент сайлауы бес рет өткен. 1995 жылы президент өкілеті референдум арқылы ұзартылған. 2005 жылы желтоқсандағы президент сайлауы қарсаңында ғана президенттікке кандидаттар – "Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, "Әділетті Қазақстан" қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай, "Табиғат" экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов, мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов арасында теледебат өткен. Сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев теледебатқа қатысуды қажет санамаған.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер