Қонаевта өткен «Шахмат керуені» турнирінде сегізінші сынып оқушысы жеңімпаз атанды

8617
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қонаев қаласының орталық алаңында «Шахмат керуенінің» келуіне арналған салтанатты шара өтті.

Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асып жатқан республикалық жоба өңірлерде шахмат қозғалысын насихаттауды мақсат тұтады. Керуен идеясы саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын әлемге таратқан Ұлы Жібек жолына негізделген.

«Шахмат – адамның ақыл-ойын ұштап, жылдам шешім қабылдауға үйрететін ойын. Қазіргі қоғам интеллекті жоғары, терең ойлы азаматтарды қажет етеді. Сондықтан бүгінгі шахмат додасы елімізде осы спорт түрін дамытып қана қоймай, жаңа есімдердің танылуына үлес қосады деген сенім бар», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.

Керуеннің келуі аясында Қазақстан шахмат федерациясының Алматы облыстық филиалы ашылды. Оның төрағасы G4 City компаниясының бас директоры Жәнібек Сәуірбек болды.

«Еліміз әлемдік шахматтың орталығына айналды. Жақында Қытайда, Азия ойындарында болған кезімде маған шетелдік шахматшылар келіп: «Қазақстан тек өз елінде емес, бүкіл әлемдегі шахматтың дамуына еңбек сіңіріп жатыр» деген пікір айтты. Біздің міндетіміз – ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту», – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

10 қыркүйекте басталған керуен қазірдің өзінде Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Семей, Талдықорған және басқа да қалаларды аралап үлгерді. 10 қарашаға дейін ол еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегеді.

Орталық алаңда тігілген мобильді киіз үйде гроссмейстермен бір мезеттік ойын сеансы мен шахмат турнирі өтті. Турнир нәтижесі бойынша сегізінші сынып оқушысы Арсен Есентай І орын жеңімпазы атанды. Жүлделі ІІ орынды Сәрсенғали Жанқуатов еншілеп, ІІІ орын иегері атағы Таир Айдынұлына бұйырды.

«Арсен алты жасында теледидардан шахмат туралы бағдарламаны көріп, бізге сұрақтар қоя бастады. Біз басында мұны жай балалық қалау шығар деп ойладық, бірақ ол кейін өзіне бапкер керегін айтты. Қазір ол гроссмейстер және әлем чемпионы болуды армандайды», – дейді турнир жеңімпазының анасы Сәния Мұхаметқалиева.

Айта кетсек, жартылай финал жеңімпаздары 100 мың, 50 мың, 30 мың теңге ақшалай сертификаттармен қатар, Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады.

 

 

Пікірлер