"Домбыраны харам қылуға жол бермейміз!" Бапи араб-уахаби ағымының қаупі туралы сөз етті

1794
Adyrna.kz Telegram

Депутат Ермұрат Бапи 4 қазан күні Мәжіліс отырысында Ислам дінінің жат ағымдарының қазақ қоғамына қаупі туралы сөз етіп, ҚР Премьер-министрі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына сауал жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ермұрат Бапи қазіргі таңда қоғамның шырқын бұзып, түрлі дүрбелең тудырып жатқан мәселелердің көпшілігі теріс діни ағым өкілдерінің ісі екенін айта өтті. Діни үрдістің саяси сипат алып, мәселенің  түбін қазған жандарға түрлі шабуылдардың жасалып жатқанын да қоса кетті.

"Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!" деді ол.

Сонымен қоса, діни секталардың Қазақстанның түрлі аймағында, атап айтқанда Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып баратынын айтты.

Премьер-министр Әлихан Самйыловқа бірқатар мәселелер бойынша шара қолдану қажеттігін жеткізді ол:

"Біріншіден, Сіз және Сіздің Кабинетіңіз қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма? Қоғамның діни негізде бөлшектену қаупіне қарсы іс-қимыл жоспары бар ма? Екіншіден, Үкімет пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті және уәкілетті органдар бірлесіп, теріс діни ағымдар тудырып жатқан ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың амал-әрекеттері Ел Президентінің назарына ұсынылды ма? Үшіншіден, бұдан 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабыл­­данған «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па?  Төртіншіден, қалыптасқан осы қоғамдық жағдайда біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, ұлт бірлігі мен мемлекеттің тұрақты даму жағдайын сақтауға Үкімет пен Парламент мүдделі болуы керек деп есептейміз. Егер Үкімет тарапынан қандай да бір тиісті құжат қабылдау бастамасы туатын болса, депутаттар оны қолдайды деген сенімім зор" деді Ермұрат Бапи.

Пікірлер