ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУ немесе ИНДУСТРИАЛЬДІ ҰЛЫ ДЕРЖАВА

2093
Adyrna.kz Telegram

АҚШ 1945 жылы Жапонияға атом бомбасын тастамай тұрып, жапон әскери күштері Қиыр шығыс пен Оңтүстік шығыс Азия аймақтарында белсенді әскери операциялар жүргізген еді. 1942 жылы жапон әскері Сингапур мен қоса Оңтүстік шығыс Азия елдерін басып алады. Дәл сол айлақтардағы Голландия, Ұлыбритания, Қытай және басқа да басқыншы елдердегі пленге түскен адамдарды қырып тастайды. Себебі, бұл екінші дүниежүзілік соғыстың қайнап жатқан уақыты болатын. Содан есін жинай алмаған Сингапур елі Жапонияның боданына өтіп кетеді. 1945 жылы АҚШ-тың арнайы әскери қимылы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастап күлін көкке ұшырады. Қош, бұл тарихта болған жағдай.
Біздің басты тақырыбымыз осыншама тісқаққан әскери державалардың арасынан Сингапурды суырып алып, өркениеттің көшіне алып шыққан жап-жас, тәжірибесі тым аз Ли Куан Ю жайында болмақ еді. Қылшылдаған жігіт шағындағы Ли тағдыры қиян кескі елінің, ұлтының алыптардың қыспағында қалып, етреңгі күні мен болашағына қатты алаңдады. Жапония мен Қытайдың тепкісін қатар көрген бұл жас саясаткердің осы екі елге деген жеккөрініші адам айтып жеткізе алмайтын эмоциямен өлшенген еді. Қытайлықтар мен жапондар десе, сингапурлықтардың кеудесін ащы кек кернеп, тарихи қиянат кетпей тұратын болды. Алайда Ли Куан Ю өз елін қалайда өркениетке, ғылым мен заманның жетістіктеріне жеткізу жолында шайтанмен де дос болуға белін бекем буды. 1960 жылы Ли Куан Ю билікке келгеннен соң аз уақыттың ішінде ең алғашқы дипломатиялық сапарын Жапонияның өзінен бастайды. Алғаш рет Жапонияның саяси тұлғаларымен кездескен кезінде оның ішкі дүниесінде ескі кек пен ұмытылмас тарихи күндер арпалысып жатты. Сан жылдар халқының көрген қорлығы мен отаршылардың озбырлығы саналарына тарихи таңба салған нақ Жапония елінің ресми саяси тұлғаларымен кездесіп отырғанда, адам таң қаларлықтай жағдай орын алады. Ли Куан Ю-дің өзі күтпеген жағдайға тап болады. Оны арнайы қарсы алып, дипломатиялық пікір жасап отырған Жапонияның премьер-министрі Хаято Икэдо: «Біз тарихи ауыр күндерді бастан өткерген елміз. Бірақ біз сол күндерден жағдайға кек сақтамай, оның барлығын өткеннің еншісіне қалдырып, алдағы ұлы мақсаттарды ғана көздеп, саяси әрі экономикалық әріптес болу үшін ресми кездесіп отырмыз. Біз кешегі тарихта Сіздердің Сук Чын аймақтарыңызда қаза тапқан, әрі сүйектері сонда қалып қойған жапон әскерлерін ұмытпай, сонда белгі қалдырғанбыз. Сол тарихи белгі сіз бен біздің достығымыздың символы болсын!» деп, өте сыпайы мінез көрсетеді. Бұл кездесу екі елдің арасындағы достықтың жандануына басты себеп болады. Ли Куан Ю сол сапарында Жапонияны терең зерттеп, бұл елден алатын дүниенің өте көп екеніне көз жеткізеді. Ежелгі кектенген кектің орынсыз екендігін ұғып, жапон еліне деген көзқарасы мүлдем кері өзгереді. Елдің ұлы индустриальді держава, электорника мен технологияның отаны, ғылым мен мәдениеттің ошағы екендігін анық аңғарады. Токионың қақ ортасында жүріп, адамдарының өте еңбекқор, іскер, өз жұмыстарын аяқтап, тіпті басшыларының тынбай жұмыс жасап, ешбір жасаған жұмыстарын міндетсінбей өз уақытында үйлеріне қайтып кететіні Ли Куан Ю ді таң қалдырады. Осы сапардан кейін Сингапур Жапонияның ең жақын экономикалық әрі стратегиялық әріптесіне айналады. Көреген жас саясаткер Жапониядан Сингапурге ғылым мен технологияның, электорниканың, мұнайхимия саласы бойынша инвестицияны тоқтаусыз тартады. Өз қарамағына өте білікті кадрларды, білімді азаматтарды шоғырандырып, елдің ғылыми, мәдени, технократиялық әлеуетінің жаңаруына барын салып, жемқорлықты түбімен жояды. Сингапурдың дәл қазіргі өркениетті келбетіне Ли Куан Ю мен бірге Жапонияның да үлесі ұшан теңіз. Сингапурды дәл қазіргі технократиялық ел етіп, Азияның барысына айналдырған тәжірибесі тым аз Ли Куан Ю болатын.

Мұны еріккеннен айтып отыр демессіз. Біздің Алты Алаштың баласы елдегі болатын алдағы уақыттағы президент сайлауына дайындалып отыр. Бұдан хабарсыз отырған саналы адам жоқ шығар. Сайлауға әр партия мен қоғамдық ұйымдар өздерінің үкілеген кандидаттарын дайындап жатыр. Бірақ бір аса ауыр «но» - бізде сайлауға түсіп отырған кандидаттар жайында елдің пікірін айтпасам да өзіңіз жақсы білесіз. Сондағы ең көп айтылатын елдің пікірі: «Ол не бітіріпті? Ел үшін не тындырыпты? Оны ел танымайды, мен қалай дауысымды оған беремін? Оның кешегі айтқан сөзін білмейсің бе?» деген сияқты желден жүйрік сөздер жүйіткіп жатыр. Мен сіздерге сенімді түрде айта аламын. Алашты да Сингапурдей гүлдендіріп шығартын азамат елдің ішінде бар. Мәселе Тоқаевты, Қосановты, немесе басқа біреуді сайлап, ол не істейді екен деп бетіне қарап отыруда емес. Оларды сайлаудан өткізіп алғанмен қазақтың мәселесі шешіле салмайды. Қайта шаш етектен шаруасы күтіп тұр. Мәселе ел болып жұмыла жүкті көтере білуде. Сананы өркениеттің жолына түсіруде. Біз егер Ли Куан Ю дай азаматты сайлап алып, ал не істейді деп бетіне қарап отырсақ, ол бір өзі ештеңе де істей алмайды. Біздің өзіміздің ортамыздағы өркениетті саналы көшбасшыға қолдау бермесек, оны өзіміз саяси құқымызды пайдаланып, өркениетті жолмен сайлап алмасақ, бізге қайдағы «Азияның барысы»? Өркениетті, ғылыми, технологиялық ел болу бізден бірлікті, білімді, мінезді ғана талап етеді. Тағы айтайын, кімді сайласаңыз да оны сайлаңыз, өркениетті жолмен сол азаматқа қолдау жасап, өркениетті ұсыныс жасап, бірге күш салмасаңыз, біз алға жылжымаймыз. 30 жыл бойы бізді билеп төстеген орыстілділер біздің қазіргі мінезімізді өте жақсы біледі. Олар біздің санамызды, психологиямызды билеп алып, өздерінің дегенін жасатып келді. Мықты, тәжірибесі бар адамның бәрі жоғарыда, төменде немесе тәжірибесі жоқтар ештеңе де өзгерте алмайды деген стереотипті халықтың санасына әбден сіңіріп тастаған. Ертең сайлауалды үгіт насихат басталса, танымал адамға ғана дауыс беру үлкен қателік. Оның қазақ елінің алдында өз жоспарын ұсынып, экономикаға, ұлттық құндылықтарға, жастардың болашағына, бастысы- ғылым мен білімге, заман көшіне бағыт бағдар беруіне аса көңіл бөлетініне, өзге өркениетті елдермен терезесі тең қарым-қатынас жасауына зер салып барып дауыс беруге шақырамын. Біз өзіміздің саяси мәдениетіміз бен саяси позициямызды нақтылап алмай, өзіміздің көшбасшымызды ешқашан да сайлай алмаймыз. Біз таңдаған адам тәжірибесі бар болсын немесе мүлдем жоқ болсын, оны жұмыла отырып, тізгін ұстатсақ, қолдау жасасақ, өркениетті жолға ниетімізді түзесек, біз де өркениетті ел боламыз. Себебі, Сингапурды «Азияның барысына» айналдарған тәжірибесі жоқ Ли Куан Ю болатын.

Бекболат Қаржан

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер