"Адырнаға" алғыс

1790
Adyrna.kz Telegram

"Адырнаға" алғыс

Достарым, кеше М.Мақатаев атындағы №140 мектеп оқушылары және ұстаздары,сосын,басқа да оқырмандармен кездесуге бардым. Кездесуге мұрындық болып жүрген "Адырна" - ұлттық -этографиялық бірлестігіндегі Арман, Бейбіт інілерім. Біріншіден, бұл ақын мен оқырман кездесуі, өзіме тым тосын болды. Тосындығы, кездесудің өту формасы мен мазмұн-мәнінің өзгешілігі. Яғни, менің кездесу өткізудегі ұстанымым, бағыт-бағдарымдағы ақын мен оқырман арасында асаба да, жүргізуші де болмай,тағы да басқа рәсімдер араласпай, оқырман мен ақынның ой бөлісіп, пікір алысуы, сырласуы бұзылып, жаңа форматта өтті. Бұл кездесу оқырманмен бірге, өзімнің өзіммен кездесуім болды. Қойылым, менің өлеңдерімнің барлығына жуығын қамтыған. Әр бөлім,яғни, төрт бөлімнің арасында әр жылдардағы телеарналарға түскендегі айтқан ойлар мен пікірлеріммен қорытылып, олар қойылымның бөлімнен бөлімге көшуіне тамаша желі болған. О да қоюшы режиссер тапқырлығы. Кейбір өлеңдерімнің сахналық көрінісін көріп, сөзін есітіп көзіме жас келді. Мысалы, "Ақ қайың" балладам мен "Ауру цыган" туралы және "Ақын мен молда", "Мешіттегі қыз" секілді трагедиялық өлеңдерімді тыңдап, мектеп оқушылары - актерлардың беріле, жан-тәнімен ойнағанын көріп, толқып отырдым. Нағыз кәнігі актерлар секілді. Шынайы. Жасандылық жоқ. Көзіме жас келді де. Қолымды, кеудеме қойып, шынымды айтайын, қойылым барысында, ақын Аманханның рөлінде ойнаған оқушы актерден өзімді көріп, "осы мен өмірден өтіп кеткен жоқпын ба, осы?" деген ой да қылаң ұрды.
Маған қонақ-ақын ретінде соңынан ғана сөз берді. Толқи сөйледім. Өйткені, қойылымнан алған әсер тым күшті еді. Кеште оқылмаған жаңа туындым "Реквием(жан азасы..)" оқыдым. О баста діни ұғым түсініктен өрген "Реквием" жанрындағы Қуандық Шаңғытбаев, М. Мақатаев және орыс ақыны Анна Ахматова шығармаларының кей тұстағы формалық-мазмұндық үндестігі, жалпы Реквием жанрының қайдан, қалай өрбігені, оның өнерге келу жолы туралы өткен-кеткеннен аздап сыр шертім. Екіншіден, бұл форматтың маған ұнағаны, көңіліме қонғаны, оның төрт бөлімнен тұратын "Ай нұры алақанымда" атты қойылым ретінде өтуі. Қойылымда оқылған өлеңдердің тақырыбы, мазмұн-мәні, мағанасына орай жасалған көріністер, ішкі-сыртқы безендірулер ерекше назар аударды. Оқылған өлеңдердің бір бірімен логикалық байланысы балталасаң бұзылмастай тартылған. Әсерлі. Қойылымдағы өлеңдерді тыңдап, әрі сахналық көріністерді көріп өзімнің өмірбаяным көз алдымнан өтіп жатты. Менің сөз басындағы "оқырманмен әрі өзімнің өзіммен кездесуім болды" деуімнің сыры сонда. Ал, ақынның ролінде ойнаған 9 сынып оқушы, өзімді көз алдыма келтірді. Қойылымда ойнаған оқушылар маған кәнігі актерлардай әсер берді. Яғни, бұл қойылым Жастар театры артистерінің кезекті қойған спектакліндей болды. Қойылымның соңындағы қоюшы режиссердің шешімі де керемет. Қойылым, менің өлеңімді оқу арқылы, Мұқағали өлеңімен түйінделеді. Оның бәрі де керемет көрініспен жеткізілген. Актерлардың киген киімдері де сондай жарасымды, жақсы, әрі әртүрлі. Қысқасы, тамаша қойылым болды. Үлкен сақынаға сұранып-ақ тұр. Қойылым жалықтырмайды. Егер, кәсіби қоюшы режиссер табылса дайын дүние. Қойылымда ән де, би де, ішкі-сыртқы монолог та кең орын алған. Диалог жақсы құрылған. Әсіресе, о "Диалог" деген өлеңімді оқығанда, тіпті, мазмұн - мәні артып кеткен.
Міне, менің өлеңдерімнен тұтас бір жүйелі, мазмұн-мәнді, спектакельге пара - пар қойылым қойып, кездесу жасаған мектеп оқушылары мен ұстаздарына, сырттан келген оқырмандарға, мектептің басшысы Сәния Өскенбайқызына және "Адырна" бірлестігіндегі жігіттерге үлкен рахмет! Аман болыңыздар. Бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын! Тәмат тәмам!

Аманхан Әлімұлы
Пікірлер