ТАЛҒАТ ЖАҚИЯНОВ: Хиджаб мәселесіне қатысты мемлекеттік органдар ұтылып жатыр

2050
Adyrna.kz Telegram

МЕКТЕПТЕРДЕ ХИДЖАП/ОРАМАЛ КИЮ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

Бұл тақырып бірнеше жылдар бойында қарқын алып, белсенді талқылануда. Алайда дау-дамайдың кульминациясы жылда тамыз айына келеді.

Ақпараттық кеңістіктегі дауды қарап отырсақ, азаматтар екіге жарылған: қолдайтындар мен қолдамайтындар. Екі тараптың да айтатыны құқықтық түсіндірме. «Зайырлылық» қағидасы мен нормаларын әр тарап өзіне қарай тартып, өзінше интерпретация жасайды.

Алайда бұл жерде мынадай мәселелерге назар аударған жөн:

1. Мектеп – әлеуметтік институт. Оның атқаратын нақты функциялары бар. Білім беруден (оқыту+тәрбиелеу+дамыту) басқа мектептің маңызды функцияларының бірі – ЭГАЛИТАРЛЫҚ ФУНКЦИЯ.

Эгалитаризация – теңдестіру (уравниловка) дегенді білдіреді. Яғни, мектеп әртүрлі ортадан/отбасынан келген балалар үшін (жасанды болса да) бірдей әлеуметтік кеңістік жасап, сол арқылы білім алуға қажетті жағымды психологиялық-педагогикалық атмосфера жасау міндетін де арқаланады.

Социологияда «ӘЛЕУМЕТТІК СТРАТИФИКАЦИЯ» деген ұғым бар. Бұл ұғым қоғамның әлеуметтік таптар мен қабаттарға жіктелуін сипаттайды.

Кез келген қоғамда таптар мен қабаттар бар. Біздің қоғамда да жоғарғы, орта және төменгі (тіпті, андеграунд) тап бар. Мектепке келген оқушылар осы таптардың өкілдері. Олардың материалдық жағдайы, ең алдымен, сыртқы келбеттерінен көрініс береді. Өзім де бірнеше жыл мектепте жұмыс жасадым. Бұл проблеманы іштен білемін.

Балалардың бірінің қымбат киінуі, ал бірінің жұпыны киінуі білім кеңстігінде түрлі проблемаларды туғызады: психологиялық қолайсыздық, жікке бөліну, т.б. Бірыңғай форма мектептегі таптық жіктелу көрінісін жасырып, жағымсыз салдардардың алдын алу үшін қолданылатын эгалитарлық құрал. Барлық баланы әлеуметтік-материалдық тең ету емес, теңсіздік көріністерін жасыру қызметін атқарады. Санасы енді қалыптасып келе жатқан періштедей жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгілерімен бас қатырмай, білім алуы керек. Таптық маркерлерсіз өзара тең қарым-қатынас жасауы керек, өздерін психологиялық қолайлы сезінуі керек.

Таптардан бөлек қоғамда ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ҚАБАТТАР да жетерлік: 1) этникалық қабаттар; 2) діни қабаттар; 3) гендерлік қабаттар; 4) субмәдени қабаттар; т.б.

Мектептің әлеуметтік кеңістігінде осындай қабаттық шекараларды болдырмау да эгалитарлық функция аясында қарастырылады. Бірыңғай мектеп формасы қабаттық маркерлерді жасырудың құралы.

Қазіргі хиджап/орамал мәселесін көтеріп жатқан азшылық «бұл ұсыныс тек мұсылмандар тарапынан ғана айтылуда, басқа діндер сұрап отырған жоқ, сондықтан рұқсат беру керек» деген пікірлер айтады. Алайда жағдай олай емес. Бірнеше жылдар бойында қызмет бабымен барлық өңірлерді, түрлі елді мекендерді үздіксіз аралап, «көзбен көріп, қолмен ұстап» жүрген адам ретінде айтайын. Мұндай ниет басқа діни ағымдарда да бар.

Бізде ресми тіркелген 18 конфессия (діни бағыт) бар. Тіркелмегендері одан да көп. Хиджап/орамалға рұқсат беру осы ағымдардың көпшілігінің мүддесін оятады. Себебі «зайырлы» елде діндердің құқықтары тең!

Діни атрибуттардың мектепте көрініс беруі исламмен ғана байланысты емес. Еліміздің солтүстік өңірінде православ сенушісі болып табылатын мектеп директоры оқушы қыздардың барлығына православ үлгісімен орамал таққызып қойған жағдайлар болған. Аралас мектептердің бірінде «сатаналық» сектаға кірген жоғарғы сынып оқушыларының «сатана» образында киініп жүргенін көргенмін бірнеше жыл бұрын.

Осы сияқты жағдайлар «домино» заңдылығымен міндетті түрде басқа ағымдар арасында да орын алатын болады. Ислам да бірегей емес елімізде. Сәйкесінше, түрлі ағымдар әртүрлі тәжірибе мен үлгі әкелетіні анық.

Қазақстанда 100-ден аса этнос өкілдері тұрады. Өкінішке орай, этникалық маркерлер де көрініс беріп тұрады мектептерде.

Мәселен, бірыңғай тәжіктер шоғырланып қоныстанған Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Фирдауси ауылындағы мектепті алып қарайық. 2017-2018 жылғы оқу жылына дейін ол мектепке тәжік балалары өздерінің ұлттық киімдерімен келетін (интернетте суреттері көп, қарасаңыздар болады). Қыздар ала көйлектерімен, ала шалбарларымен (дамбалдарымен) сабаққа баратын. Жанар Сапар директор болғалы ғана жағдай реттелді. Сол үшін оны жергілікті консервативті топтар бүгінге дейін жазып, сотқа беріп, қудалап жатыр. Енді салафиттер араласып, бұл шиеленісті «орамал шиеленісі» ретінде көрсетуге тырысуда (жалпы, шоғырланған этникалық топтардың мәселелеріне салафилік топтардың араласуы өте қауіпті құбылыс).

Осы сияқты Ақмола облысындағы жекелеген елді мекендерде шоғырланған шешендер қыздарын мектепке өз ұлттық белгісі бар киімдермен жіберіп отыр.

Мектептерде гендерлік қабаттар да көрініс бере бастады. Естеріңізде болса, былтыр Астана қаласындағы мектептердің бірінде сырға таққан, тырнағы ұзын қызтеке оқушыны көрдік. Оған да шуладық.

Осы ЛГБТ өкілдерінің өздерінің дерегі бойынша олардың еліміздегі саны 1,5 млн-нан асады. Мектеп формасын алып тастасақ, гендерлік маркерлер де кеңінен енетіні анық. Себебі діни киім элементтеріне рұқсат беріп, «инклюзивті жүйе» контингентін кеңейтсек, гендерлік теңдік те сақталуы керек. Балалардың құқығы деп хиджап/орамалды енгізсек, гендерлік, этникалық, т.б. құқықтарға да жол ашу керек. Оны да қарастырсақ қалай болмақ?

Оқушылардың арасында субмәдениет көріністері өте көп: эмо, рокер, хипстер, гот, т.б. Міне, осы субмәдени маркерлер де мектептерде арагідік көрініс беріп тұрады: шаштарын түрлі түсті бояу, түрлі киім кию, түрлі атрибуттарды пайдалану, т.б.

Қоғамның әлеуметтік-мәдени саналуандылығы жағдайында бірыңғай мектеп формасы эгалитарлық құрал ретінде оқушылардың таптық-қабаттық жіктелуіне жол бермей, барлығына ортақ әрі тең мүмкіндіктер қалыптастыру қызметін атқаруда. Бұл жіктелудің әрқайсының арасында әлеуметтік-мәдени шекара жатыр. Этникалық, діни, субмәдени, гендерлік және таптық белгілері бойынша жіктелген мектепте жүретін оқу-тәрбие процесін, оларда тәрбиеленіп шығатын тұлғаның моделін бір уақыт көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші...

2. Қалай десек те, мектепте орамал/хиджап киюді белсенді талап етіп жатқан топ – салафиттер. Олар мектептерде намазхана ашуды да талап етіп отыр.

Өңірлерде жекелеген мектептерде орамал/хиджап киетін бірді-екілі оқушыға көз жұмып, үнсіз рұқсат беріп отырған басшыларды да көрдік. Оларды да түсінуге болады. Басында униформа талап еткен, діншіл ата-аналармен соттасқан. Алайда кейбір прокурорлар мен судьялар олардың өзін жазалаған. Жоғарыдағы басшылар бұған бас қатырғысы келмей, мектеп әкімшілігін проблемамен бетпе-бет жалғыз қалдырған. «Қалай шешсең, олай шеш» деген жалтақтық. Әрине, бұл жердегі басты проблема білімнің зайырлылығын нақты белгілейтін құқықтық тетіктердің әлсіздігінде. Ол – басқа әңгіме.

Міне, осы орамал/хиджапқа үнсіз рұқсат берген мектептерде енді басқа проблемалар көрініс берген. Орамал/хиджап киген оқушылардың ата-аналары мектеп кеңістігінде өз балаларына қолайлы жағдайлар қалыптастыруға кіріскен. Музыка, дене шынықтыру, көркем сурет пәндеріне қатысудан бас тартқан. Ән айтуды (соның ішінде әнұран орындауды да), би билеуді «харам» деп, мектептің қоғамдық өмірінен алшақтаған. Жаратылыстану, тарих пәндерінен өздерінің діни догматтарына сай келмейтін тақырыптарды алып тастауды талап еткен. Асханаларды тексеріп, «халал» меню талап еткен. Тағысын тағылар.

Сәйкесінше, проблема орамал/хиджаппен ғана шектелмейді. Онымен бірге мектеп кеңістіктеріне кешенді проблема енеді деген сөз.

Дәл қазіргі жағдайда діни атрибут ретіндегі «орамалдың» мектептерге енуі, ең алдымен, салафилік идеологияның енуіне мүмкіндік береді. Сондықтан салафизмге заңмен тыйым салмайынша, бұл мәселені қарастыруға болмайды.

3. Орамал/хиджаптың төңірегіндегі дау-дамай елімізде «дәстүрлі мұсылмандықты» орнықтыру және дамыту керектігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бізде әлі күнге дейін «дәстүрлі мұсылмандықтың» теологиялық және ғылыми негізделген тұжырымдамасы жоқ.

Дәстүрліліктің түрлі белгілері бар. Солардың бірі – діннің қоғамдағы басқа да әлеуметтік институттармен (отбасы, білім, медицина, заң, билік жүйесі, т.б.) қайшылыққа түспей, қалыпты қарым-қатынас орнатуы.

Әрине, дәстүрлі мұсылмандардың арасында да орамалға сұраныс артып келеді. Алайда дәстүрлі мұсылмандар байыптылық танытып отыр, агрессия көрсетіп отырған жоқ жат ағымдар сияқты.

Десек те, ханафилік топтардың ішінде де консервативті, радикалды ұстанымдағы буын қалыптасуда. Олар салафилік жамағаттармен жекелеген мәселелерде (мәселен, осы хиджапқа қатысты) ортақ мүдде қалыптастыруда. Осылайша, дәстүрлі мұсылмандар мен дәстүрлі емес жамағаттың мәдени шекаралары шайылып, «МИКС » ЖАМАҒАТТАР да бой көтеріп келеді.

Бұл орайда, Мүфтият (дәстүрлі мұсылмандықты ілгерілетуші оператор ретінде) ұлттық құндылықтар мен заңнама аясында мәселенің оң шешілуіне ықпал етуі керек. Дәстүрлі жамағат арасындағы радикализмнің, консерватизмнің алдын алуы, қоғамдағы басқа да әлеуметтік институттармен (ең алдымен, заң және билік институттарымен) қалыпты қарым-қатынас алгоритмін жетілдіруі және өз жамағатын соған тәрбиелеуі қажет.

«Дәстүрлі мұсылмандық» концепциясын қабылдау қажет. Соның аясында дәстүрлі мұсылман әйелдердің киім үлгісін де қабылдау керек. Біздің қоғам хиджаптан қорықпайды. «Хиджаптың ішінде қандай ағымның өкілі тұр?» деген күдікпен сақтана қарайды. Ұлттық нақышта анықталған діни киім болса, жағдай біршама оң өзгеретін еді.

Салафилік, т.б. радикалды жамағаттармен күресудің құқықтық негіздері орныққанда, дәстүрлі мұсылмандықтың болмысы мен мазмұны нақты айқындалғанда мектеп формасына қатысты әңгімеге оралуға болады деп ойлаймын. Әзірге бұл өте қауіпті үрдіс.

Өкінішке қарай, бүгінгі «ОРАМАЛ/ХИДЖАП» МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ПОЛЕМИКАДА МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ҰТЫЛЫП ЖАТЫР. Себебі мемлекеттің ұстанымы солқылдақ, мінезі "жұмсақ" болып тұр.

Талғат ЖАҚИЯНОВ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер