Адамзат Жердегі күллі тіршілікті жардың шегіне жақындатып келеді. Ал, "жардың шегі" немен өлшенеді, өзі?
Маза кетірген меже
Бірнеше рет атымыздың басын тіреген Париж қаласы жанымызға жақын. Кезінде "Сена жағалаған қазақтар" атты деректі фильм түсіргенімізден емес. Әлемдік сән астанасына айналғанымен де емес. Ақын-жазушылардың ордасы болғаны, ғажап көркемөнер туындыларын сақтағаны үшін де емес. Сонда несімен? Париж келісімі істелгені үшін. Атақты +2 градустың адамзат үшін ажал шегі екенін заңдастырғаны үшін. Өзі +2 градуста тұрған не бар дерсіздер. Айталық, наурыздың басында "күн -1 градус болып тұрып, ертең +2 градус болады" десе, қуану керек емес пе. Әйтпесе, шілде айында кеше 36 градусқа қызған күн ертесінде 38 градусқа жетсе, одан несіне қорқу керек. Әркім осылай ойлайды. Ал, аталмыш +2 градус – жұмыр Жерге қатысты үлкен әңгіменің тиегі. Міне, 20 жыл болды Еуропа Одағының, әлемдегі ең дамыған "G7" елдерінің бас қосуындағы басты әңгіме – осы +2 градусты болдырмау, адамзатты соның шегіне жеткізбей тоқтату. Енді бұл ұғымның мәнін тарқатып көрелік. ХІХ ғасыр басында Жер шарындағы мимырт күйге күрт өзгеріс келді. Бұрын арбаны білетін жұрт ешбір жегін жануары жоқ көліктің түтіні бұрқырап жүріп бара жатқанын көрді. Оны қазақ "отарба" деп атады. Иә, пешіне күректеп көмір салынған соң, бұл темір атан таудай-таудай жүкті талмай тартып кетеді. Негізгі ғылыми атауы – бу машинасы. Бу машинасы "бірінші өндірістік революция" аталатын өзгерісті бастады. Жүк пен жолаушы жерде, одан суда, бара-бара әуеде машинамен тасылды. Жүн түтіп, жіп иіретін, сосын мата тоқитын станоктардың арқасында Британ империясы ХІХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ дәулетті де сәулетті мемлекетке айналды. Еңбек өнімділігін еселеп артты. Өкініштісі, осы кезден бастап адамзат алдынан қауіпті шек пайда болды. Даму жеделдеген сайын алдағы жарқабақтан тұрмастай болып құлау қаупі де жеделдей түсті. Бұл "шек" – аталмыш +2 градус. Иә, Жер үстінің орташа температурасы бу машинасы пайда болған кезден бері небәрі осыншама жылынса, адамзаттың шипасының біткені. Ал ол неге жылиды? Автокөлік, ұшақ, тепловоз жанармайды, электр-жылу орталықтары көмір мен мазутты жаққанда, металлургия орталықтары кокспен кен балқытқанда және басқа әрекеттерде бөлінетін көмір қышқыл газы Жердің денесін жылытып жатыр. Жер беті соңғы жүздеген мың жылдар барысында бұлай жылымаған. Сол себепті ырғақты тіршілік қалыптасқан. Ал бірінші өндірістік революциядан бастап бұл орташа температураның көтеріліп келе жатқаны аңғарылды. Қазір +1,5 градус деңгейінде деседі. Осы Цельсий бойынша +2 градусты алғаш айтқан Нордхаус деген экономист әлемдік өндіріс қарқынын есептей отырып, адамзат "қауіпті шекке" 2030 жылы жетеді деп тұжырған. Иә, Қазақстанда да "2030" атты өлшем болған, бірақ біз оны орындап тастасақ керек. Қазақстанда демекші, соңғы жылдары бізде бұрын болмаған құбылыстар байқалды. Атбасар қаласын Есенберлин туған кезде, одан бергі сексен-тоқсан жыл бойы неге су баспаған? Баяғы аяқ астынан шелектеп жауатын нөсер неден пайда болды? Алатаудың, Қаратаудың, Тарбағатайдың бұлақтары мен өзендері не үшін тартылып қалды? Биік таулардағы мұздақтардың жылдан-жылға кішірейіп келе жатқаны қалай? Бұл тұста мына дерекке мойын бұралық. Орта Азия тауларындағы мұздақтарды зерттеген география ғылымдарының докторы Игорь Северский Тұйықсудың мәңгі мұзы 1957 жыл мен 2017 жыл арасында 24 метрге жұқарғанын айтады. Бұл қарқынмен 2080 жылы Алатау, 2085 жылы Алтай мұздақсыз қалмақ. Ендеше ертеңгі күні Ертісің мен Ілең тартылып, Зайсан мен Балқашың шалшыққа айналады дей бер.
Алатаудың төбесіндегі мұздақтар азайып келеді / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Парижде Келісімге қол қойылған күні / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Қуанышқа бастар қадам
Парламенттері бұл келісімді бекіткен соң, түрлі елдер көмірқышқыл газын азайту әрекетіне кірісті. "Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады" демекші, әрбір ел мүмкіндігіне қарай қимылдап жатыр. Иә, Жердің жылынуына себепкер көмірқышқыл газының қайдан бөлініп отырғанын жаздық. Оны шектеу үшін не істеу керек? Біріншіден –осы газды көп бөліп отырған өндірісті жабу, екіншіден – көліктерді жанармайсыз жүретін технологияға көшіру және үшіншіден – бойына көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегі бөліп шығаратын ағаш егу. Ғалымдар осы үш мәселеде әлемнің ең өндірісті елдері: Қытай, Америка Құрама Штаттары, сосын дамып жатқан Үндістан мен баяғы Кеңес Одағынан қалған зауыттары түтіндеп тұрған Ресейді ауызға алады. Бірнеше жыл бұрын Қытайда Бейжіңнен солтүстіктегі Шеньянға, одан Сианға ұшқанда ауаны аяусыз ластап жатқан зауыттардың талайын төбесінен көргенбіз. Ел астанасында таза ауаның жоқтығынан бүкіл тұрғындары тұмсықтарын тұмшалап алатын. Жалпы, ауаны ластап жатқан парник газының 42 пайызы АҚШ пен Қытайдың үлесіне тиеді. Қытай өз мойнына алған міндеттердің біразына көз жұма қараса, Дональд Трамп президент болып сайланған соң Құрама Штаттары Париж келісімінен мүлде шығып кетті. Өте өкінішті. Қазақ "құрт есесі малтадан" демей ме? Осындай жағдайда бір өзі бір құрылықты алып жатқан Австралия жақсы үлгі көрсетті. Мемлекет биыл 1 миллиард түп ағаш отырғызуды бастады. Отыз жыл бойы тоқтамастан екпекші. Алдағы он жылдың өзінде сол ағашы ауадағы көмірқышқыл газын 18 миллион тоннаға азайтады. Австралияның аң-құсы, өсімдік пен суы бөлек болғанмен жер бедері мен ауа райы қазақ даласына ұқсас. Бұл елді жан-жағынан мұхит қоршағанмен, ең ортасы сол судан алыс. Бұл тұсы бізге келіңкірейді. Экватордың екінші жағында жатқандықтан қазақ даласында қыс болғанда, онда жаз. Соның өзінде жазғы маусымның аптабы екі жаққа да тән. Құрылықтың ортасында табиғи су көздері аз кездеседі. Бетпақдалаға ұқсас аймақтар бар. Артықшылығы – жағалауға жақын бүкіл өңірінде орман қалың. Әзірге ел аумағының 17 пайызын көмкеріп тұр. Енді сол орманға және 1 миллиард ағаш қосылмақ. Елдің үкімет басшысы Скотт Моррисон "осыншама ағаш егу елдің экономикасына зиян емес, қайта пайда әкеледі" деп мәлімдеді. Бізде қит етсе, бюджеттен ақша бөлінеді де, оның еш қайтарымы болмайды. Ал Австралияның Премьер-министрі ағаш егу саласынан ұлттық экономикаға 16, 4 миллиард доллар пайда келерін айтты. Ол елде ресми белгіленген Ағаш егу күні бар. Сонау 1889 жылдан дәстүрге еңгізілген. Біздегі қисынсыз мерекелердің орнына далаға да, халыққа да пайдасы бар Ағаш егу күнін бегілесе деп армандадық осыны естігенде. Әлгі үкімет басшысынан бастап мектеп оқушыларына дейін жыл сайын өз ағаштарын отырғызады. Сосын күтіп-баптайды. Жалпыұлттық Ағаш егу күнінен бөлек әр штаттың, ақыры мектептердің жеке осындай күні бар. Біз мерейтойларды алдымен ауданда, сосын облыста, ақыр аяғында республика көлемінде тойлап жатамыз ғой. Бюджеттен ырғын қаржы шашып. Австралияда керісінше көрінеді. Әрине, жан-жануары мен өсімдіктері өзгеше екенін жоғарыда айттық. Егетін ағаштары да бөлек. Бізге танысы – мектепте ботаникадан сабақ берген Балташ мұғалім суретін көрсеткен баобаб. Есте қалған себебі: Балташ ағамыздың өзін сыртынан жуан түріне қарап "баобаб" дейтінбіз. Ол кісі анда-мұнда естіп қалса, шамданбай "баобаб мың жылға дейін өседі" дегенде таң қалатынбыз. Австралия ағаштарының арасына тағы бірін таниды екенбіз. Эвкалипт. Балташ мұғалім оны да оқытқан. Ең ұзын ағаштың бірі деп. Ұзындығын қайдам, мұның бұтағынан жасалған шыпыртқы моншада жаныңды кіргізіп, тынысыңды ашады. Эвкалипті өзіміз қиып, қарақшылық жасаған жоқпыз. Қазақ даласында өспейді. Дүкендерде сатқан соң, шыпыртқысын алатынымыз рас.
Австралияда егілген эвкалипт қатары / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Молай еккен мол ағаш
Жасыл желектің өсу-өспеуі әркімнің санасына қатысты. Білектен бұрын санасы бар адам мемлекеттің қаржысына қарайламай, ешкім бұйырмаса да, кетпен мен күрегін алып ағаш егуге кетеді. Оған сенбілікті күтпейді. Дайын көшет іздемейді. Ондай адам да бар. Өкініштісі – бізде емес, сонау Үндістанда. Аты-жөні Джадав Пайенг көрінеді. Ол Брахмапутра өзенінің мұхитқа құяр тұсындағы Маджули аталатын аралды қырық жыл ішінде ит тұмсығы батпайтын жынысқа айналдырды. Бұл арал жиі-жиі су тасқынына ұшырап, жағалаудағы топырағын тасқын шайып кететін. Негізі жер жүзінде өзен ортасындағы аралдар ішіндегі үлкенінің бірі деседі. Ақыры үштен бірі қалып, аумағы 352 шаршы шақырымға түсіпті. Бұл да аз емес. Бірақ, түгелге жуық тақыр алқап. Иә, бұдан қырық жыл бұрынғы жағдай осындай еді. Сол кезде Маджулиге келген 16 жасар Джадав Пайенг ыстықтан таса қылар көлеңке таппай, күн көзінен өлген жыланды көреді. Осы жағдай ойландырыпты. – Мен орман департаментіне бардым. "Мына аралға ағаш екпейсіздер ме?" деп сұрадым. Ондағылар "Маджулиге ештеңе өспейді" деді кеңседе керіліп отырып. Бар үмітім үзілгендей болды, – деп еске алады Джадав қырық жыл бұрынғы жәйтті. Кеңседегі шенеуніктер қай елде де ұқсас па дейсің. Әсіресе, Үндістан мен Қазақстанда. Оның қызығы алда. Тек әлгі атқамінердің бірі "өзің егіп көр, бәлкім бамбук өсетін шығар" деп ақыл айтыпты бұл кері бұрылғанда. Үкіметтен үміті үзілген бозбала су шайып кеткен тақырға ағаш егуді жалғыз өзі бастайды. Қолына кетпен алып, алғашқы 20 түп бамбукті отырғызыпты. Негізі бамбук қамыс санатынан. Қазақ ағашта қамысты жуан деп санаған. Оған Жүсіпбек қожа мен Шөкей қыздың айтысы дәлел. Иә, бұл – қыз бен жігіттің нағыз классикалық айтысы. Қыз сансыз сұрақ қойып, жігіт оған талмай дәл жауап береді. Бәдік емес, білім сайысы. Заманның ырқымен сұрақтың көбі дін төңірегінен шығады, бірақ Жердің жаратылуынан бастап көптеген ғылыми деректер өлеңмен өрілген. Шөкей қыздың: Торғауыт төмен кеткен ел болады, Көрінсе айдын шалқар көл болады. Көсілген көмекейің ақын болсаң, Жандының ең үлкені не болады? – деген сұрағына Жүсіпбек қожа "Жандыда балық үлкен, қамыс жуан" екенін айтып жауап берген. Рас, киттен үлкен жанды жоқ, қабаттаса өскен бамбуктен тығыз жыныс жоқ. Сонда китті көретін теңізі мен мұхиты болмаған, сар даласына бамбук бітіп көрмеген қазақтар мұны қайдан білген?! Хош, қотанымызға оралайық. Әлгі жігіт оқуы мен үйін тастап аралға көшіп келеді. Өз еркімен. Екі жылдан соң жағалауда бамбук тоғайын өсірді. Сосын мұнда ...қызыл құмырсқа тасиды. Бір ақсақалдан "қызыл құмырсқа топырақты құнарландырып, өңін өзгертеді" дегенді естіпті. – Құмырсқа қолым мен бетімді аямай шағатын. Соған қарамай, оны илеуімен қапқа салып, өзен ортасындағы аралға қайықпен апарып жүрдім, – дейді ол. Алғаш құмырсқа әкелінген бамбук тоғайы қалың орманға айналып, одан қоян, бұғы, маймыл, бенгал жолбарысы, үнді мүйізтұмсығы мекен тапты. Құстар да осыны саялады. Жылан, кесіртке көбейіп, енді күнге қақталмайды. Ақыр аяғында пілдер келіп тұрақтайды. Бәрінің жаңа жұмақты қалай біліп, Брахмапутрадан қайтіп өткені бір Аллаға, иә Джадавтың өз Құдайына мәлім. Бұл жасыл желекті алқап бұдан былай "Молай орманы" деп аталады. Әлгі жігітті ауылдастары бала кезінде еркелетіп солай атаған. Пысықтығына, айтылған шаруаны шауып барып, тез орындап келетін қабілетіне қарай. Түптеп келгенде, түрік мен үндіге "малай" сөзі ортақ сияқты.
Бір өзі тұтас орман еккен Джадав Пайенг / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Қырық жылда бар ағашынан айрылған Боғас өзенінің аңғары / Сурет автордың архивінен алынды
informburo.kz