Шымкент – еліміздің іскерлік, экономикалық, мәдени өмірінің, инновациялардың орталығы болып табылатын және Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азияда маңызды орын алатын ең қарқынды дамып келе жатқан қала.
Шымкент қаласы өзінің географиялық тиімді орналасу жағдайымен, ірі көлік жол торабымен және дамыған экономикасымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, Шымшаһардың әсем әрі алуан түрлі ерекше табиғаты, бай тарихи-мәдени мұрасы, сапалы көлік, туристік, сервистік және өзге де инфрақұрылымы қаланың болашақтағы даму әлеуетінің зор екендігін көрсетеді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан миллионды қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарын нығайтуға бағытталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтеді. Бұл мүмкіндік үшінші мегаполистің Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығына айналуына жол ашары сөзсіз.
Тәуелсіздік жылдарында өзге өңірлермен қатар Шымкентте де өнеркәсіпті өркендетіп, экономиканың нақты секторын дамыту үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бүкіл өндірісі тоқырап, тоқтап қалған қала бүгінде ішкі нарыққа ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де түрлі тауарлар экспорттайтын деңгейге көтерілді.
Әсіресе, 2018 жылғы 19 маусымда Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуы – қаланың жаңа қарқынмен дамуына тың серпін берген елеулі тарихи оқиға болды. Республика басшыларының осы көреген шешімі қаланың екінші тынысын ашты деп айтуға әбден болады. Біріншіден, қала бюджеті 4,6 есеге өсіп, 131,2 млрд теңгеден биыл 613 млрд теңгеге жетті. Қалада өнеркәсіп өнімі 70 пайызға артып, сондай-ақ аумағы 3 миллион шаршы метрден асатын жаңа тұрғын үйлер салынды. Сонымен қатар, заманауи тұрғын үйлер мен офистер кешенін салу үшін «Шымкент Сити» деген арнайы экономикалық аймақ құру жобасы іске асырылып жатыр.
Қазіргі күнде Шымкент аумағы және халық саны бойынша республикада үшінші орын алатын мегаполиске айналып үлгерді. Оның айқын дәлелі - Шымкенттің қалалық алаңы 117 мың гектарға дейін кеңейіп, тіпті Мәскеу қаласынан да асып түсті. 2023 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша Шымкент қаласындағы халық саны 1 млн. 196 мың адамды құрап, республикадағы ең жоғары өсім көрсеткішіне ие болып отыр. Қалада соңғы жылдары 100-ге жуық жекеменшік мектеп ашылды. Осы орайда Шымкент қаласының кәсіпкерлері көптеген мектеп салып, білім саласына зор үлес қосып жатқаны өзге өңірлерге үлгі болуда. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді қолға алып отыр.
Шымкентте сонымен қатар медициналық туризм де ерекше қанат жайып келеді. Мәселен, осы күні жан-жақтан, тіпті шетелдерден Шымкентке келіп емделуді қалайтын науқастар саны арта түскен. Жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу, онкологиялық кеселдермен күресу, басқа да күрделі оталар жасау, соның ішінде трансплантология бойынша республиканың үшінші мегаполисі оқ бойы озық келеді.
Білім туризмін де ерекше атап өтуге болады. Осыған сәйкес қазіргі уақытта М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде шетелдің озық білім ордаларымен тығыз байланыстыратын жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, қазіргі таңда универитетте әлемнің әртүрлі елдерінен келген 2 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алады. Көбінесе шетелдік студенттерді Шымкенттегі оқу орындарының білім беру сапасы мен осындағы жайлы орта қызықтырады.