Музыкатанушы, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім дүниеден озды

166

71 жастағы күйші, жазушы, журналист Жарқын Шәкәрім дүниеден озды. Қайраткердің қазасын сейсенбі күні Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Facebook парақшасында естіртті.

Жарқын Шәкәрім - зерттеуші, музыкатанушы, бірнеше кітаптың авторы. Әнші, актер Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы еңбек жазған. 1976-1980 жылдары Шәкәрім "Жалын" журналының редакторы болды. 1980 жылы "Сазген" ансамблін ұйымдастырған. Қазақ ұлттық аспаптар музыкасы музейінің құрылуына атсалысқан. 1980-1982 жылдары сол музейдің директоры болды.

1974 жылы Шәкәрім академик Ахмет Жұбановтың орындауындағы бірнеше күй жазылған үнтаспаны Ленинградтан тауып, 2007 жылы Алматыға әкелді.

1982-2010 жылдары "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясының музыкалық редакторы болды. Осы уақыт аралығында "Терме", "Музыкалық киножылнама" сияқты бірнеше авторлық бағдарламаны жүргізді.

1998 жылы Жарқын Шәкәрім Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының құрметті азаматы.

Пікірлер